
Биыл Жастар өнер орталығы ашылады
Атырау қаласында дарынды жастарды қолдауға бағытталған 192 орындық Жастар өнер орталығы биыл қолданысқа беріледі, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Былтыр қараша айында басталған төрт қабатты нысанның жалпы ауданы – 1 598 шаршы метр. Нысан қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысымен салынып, жұмыстарын «Батыс Строй Сервис Атырау» ЖШС жүзеге асырып жатыр.
–Құрылыс алаңында 50-ден астам жұмысшы бар. Қазір тас қалау, ішкі және сыртқы әрлендіру, сылау жұмыстары жасалуда. Сонымен қатар жарықтандыру бойынша трансформатер қондырылып жатыр. Ғимарат жыл аяғына дейін қолданысқа беріледі, — деді мердігер мекеменің өкілі Айболат Құспанов.
Орталықтың мақсаты – облыстағы дарынды, талантты және ерекше қабілетті жастарды анықтап, олардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға жағдай жасау. Мұнда оқушылар мен жастарға арналған әртүрлі үйірме ашылып, ғылыми жоба байқауларына дайындық, шығармашылық шеберханалар мен түрлі зияткерлік іс-шаралар өткізу көзделген.