nezavisimost

Азаттықты аңсаған тарихи тұлғалар

Жаңалықтар

Atr.kz/18 желтоқсан, 2019 жыл.  «Тәуелсіздік» ұғымы – тарихи маңызға ие. Мыңдаған жылдар бойғы ата-бабамыздың өлшеусіз сіңірген еңбегімен қатар, осы жолда қиған өмірлері бірінің ізін бірі жалғап, тарам-тарам жол болып астасып жатыр.

Абылай хан

 Саяси аренаға жиырмадан жаңа ғана асқанда шығып, дүниеден қайтқанға дейін Абылай қатардағы мемлекет қызметкері ғана емес, жоғары мәртебелі ұлы саясатшылардың қатарына жатады.

Оның себебі – біріншіден, өз халқының мемлекетіне тәуелсіздікті адам айтқысыз жойқын ауыр жағдайларда сақтап қалуы. Екіншіден, Жоңғар, Қытай және Ресей сияқты күшті де қуатты мемлекеттерді өзімен санасуға мәжбүр етуінде. Абылай өжет, ержүрек, ешнәрседен сескенбейтін, тайсалмайтын тұлға болған. Соғыста болсын, тұтқында болсын, елді билеп, ел арасында жүріп, ол айтқанынан қайтпаған, алдына қойған мақсатына жетпей тынбаған. Түркі халықтарының тілін айтпағанда, Абылай парсы, қытай, орыс тілдерін жете білген. Жоңғарияда тұтқында болғанда моңғол тілін жетік үйреніп, оқи да, жаза да білген. Алмағайып сұрапыл заманда есеңгіреген елге ес кіргізіп, бір тудың астына біріктіре білген Абылай ерлігі мен ақылпарасатын қатар жұмсаған сарабдал саясаткерлігінің арқасында қазақ халқын жойылып кетуден сақтап қалды.

Исатай Тайманұлы

Әр  түрлі  алым – салықтан күйзелген, жайылым  жерден айырылған, казак әскерлері мен жергілікті феодалдардың екіжақты езгісінен әбден шыдамы таусылған бұқара халық қолдарына қару алып, көтеріліске шықты. Бұл – 1836–1837 жылдардағы Бөкей хандығындағы батыр Исатай Тайманұлы басқарған халықазаттық көтерілісі еді. 1837 жылдың жазында Исатай батыр бастаған көтеріліс бүкіл Бөкей хандығына тарады. Жәңгір хан мен оның төңірегіндегілерге наразылардың бәрі Исатайдың маңайына жиналады. Келген жігіттер атпен, азық-түлікпен, қару-жарақпен қамтамасыз етіледі.

Осылайша, И. Тайманұлы белгілі бір тәртіпке негізделген азаматтық  және  әскери ұйымның басшысына айналады. Сол жылдың қараша айының соңында кең байтақ Қазақстанның шағын бөлшегі – Бөкей хандығындағы шаруалар қозғалысының жаңғырығы Санкт-Петербургке де жетеді. Исатай бастаған көтеріліс жеңілгенімен, ол Қазақстанның батыс бөлігінің Ресей империясы құрамындағы кейінгі дамуында терең із қалдырды. Бұдан былай алым-салықтың мөлшерін жылдан-жылға көтере беруге белгілі дәрежеде шек қойылды; патша үкіметінің көтерілісті қолдаған қазақ ауылдарының старшындарымен санасуына тура келді; Ішкі Ордадағы хандық биліктің жойылуы тездеді. Қазақ кедейлерінің көсемі Исатай Тайманұлының есімі халық есінде мәңгі қалды. Махамбет Өтемісұлы Махамбет ақын – ұлт азаттығы үшін күрескер тарихи тұлға ретінде біздің Тәуелсіздігіміздің бастау көздерінің бірі. Сондай қоғам қайраткерлігімен бірге, өзінің отты, жалынды өлеңдері арқылы бар өмірін туған халқының мұңын жоқтауға

арнаған ардақты ақын. И ә , М а х а м б е т – қ и ы п түсер өткірлігімен, қызуқанды жігерлігімен, нөсердей екпінімен еркіндікті аңсаған батыр. Жылдар, ғасырлар алмаса келе талай оқиға көмескі тартары заңдылық. Ал, Махамбеттің ісі мен жырына ондай қауіп төнген емес, төнбейді де. Ақын өлендерінің негізгі тақырыбы – теңдік пен бостандық, әділдік үшін күрес, қанаушы отаршылдық жүйеге қарсылық болып келеді де әрқашан жігерлі асып-тасып жатқан асқақ рухпен көмкеріледі, оған көне дәстүр б о й ы н ш а ф и л о с о ф и я л ы қ терең толғамдар, пайымдаулар сабақтасып отырады. Махамбет аңсаған азаттыққа қол жеткізген халқымыз үшін енді ақын мұрат еткен азат ойдың биігіне ұмтылу, шынайы демократиялық қоғам орнату – парызымыз. Махамбет – ғасырдан-ғасырға жалғаса беретін, уақыт өткен сайын қын түбінде жатпас алмас қылыштай жарқырай беретін тұғырлы тұлға. Біздің болашағымыз үшін күрескен батыр рухына басымызды иіп, азаттық үшін күрескені үшін елімізді одан әрі көркейту керек.

Әлихан Бөкейханов

ХХ ғасырдың басында қазақ халқының мақсат-мүддесі мен ғасырлар бойы қапаста жатқан арманын жүзеге асыруды өздеріне парыз санаған – Алаш қайраткерлері екендігі дау тудырмайды. Олар ұлты үшін аянбай қызмет етті, көздегені – халық мүддесі, мақсаты – жастарды ұлттық дүниетаным негізінде оқыту, ана тілін дамыту болатын. Әлихан Бөкейхан – тәуелсіздік жаршысы, ұлт көсемі. Ол 1914 жылы жазған мақаласының бірінде «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп жазды. Әлихан Бөкейхан соңғы демі біткенше осы сертіне адал болып қалды. ХХ ғасырдың бас кезінде, кең байтақ қазақ даласын дүр сілкіндірген 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен кейін аздаған үміт оты оянды, «оян, қазақ» деп атой салған алаш ардақтылары партия құрып, үкімет орнатты. Әлихан Бөкейханов сынды тұлғаны Көшбасшы деп таныды. Бірінші орыс революциясы жылдарынан бастау алатын Алаш ұлт-азаттық қозғалысы 1917 жылы ақпан және желтоқсан айлары аралығында өзінің шарықтау шегіне жетті. Осы жылдың жазы мен көктемінде Қазақ комитеттерінің пайда болуы, күзіне қарай «Алаш» партиясының, соңына қарай Түркістан автономиясы (Қоқан автономиясы) және Алашорда үкіметтерінің құрылуы бұл қозғалыстың нақты нәтижелері болатын. 1917 жылы пайда болған бұл саяси құрылымдар большевиктер тарапынан күшпен таратылғанымен, ұлтазаттық қозғалыс күштері саяси күрес сахнасынан бірден кете қойған жоқ. Алаш партиясының басты мақсаты – қазақ еліне өзін-өзі басқару мүмкіндігін беретін мемлекеттік жүйе құру, яғни оның ұлттық мемлекеттікке құқы бар екендігін метрополияға мойындату, ал түбінде дербес мемлекеттікке қол жеткізу, қазақ жеріне ішкі Ресейден қоныс аударушылар толқынын тоқтату, әлемдік озық тәжірибеге сүйене отырып қазақ қоғамын жаңа өмір сұранысына сай өзгерту (модернизация), демократиялық принциптерді қадір тұтумен бір мезгілде, әсіресе, білім мен ұлттық мәдениеттің өркен жаюына жол ашу болды. Алаш партиясы ұлттық саяси күш ретінде Алашорда үкіметін құрып және Алаш автономиясын жариялап, тәуелсіз қазақ мемлекетін құруды көкседі. Тағдырлары қайғылы аяқталғанына қарамастан, Алаш қайраткерлері елі мен жерінің, қазақ ұлтының қамын жеп, оның жарқын болашағы үшін күресті.

Қайрат Рысқұлбеков

Амур өлкесі  Белогор қаласында әскери міндетін өтеген Қайрат әскери-саяси қызметтердің үздігі ретінде бірнеше мақтау қағазымен марапатталып, әскери бөлімше командирлері ата-анасына алғыс айтқан құрмет қағаздарын жіберді. 1986 жылы мамырда әскери борышын өтеп ауылға оралған ол әскери бөлімшенің жолдамасымен Алматыдағы Сәулет-құрылыс институтына келіп, сынақтан сүрінбей өтіп, оқуға түсті.

Сол жылдың 16–18 желтоқсанында болған қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы көтерілісіне белсене қатысты. Бірақ, көтеріліс қатыгездікпен жаншылғаннан кейін 1987 жылдың қаңтарында ішкі істер органының қызметкерлері «Алматыда бір төбелеске қатысты» деген желеумен Рысқұлбековты Мойынқұм  ауданының орталығында тұратын нағашысы – М.Асанбаевтың үйінде демалып жатқан жерінен ұстап әкетеді.

Кейіннен көпшілікке мәлім болғанындай, тергеушілер зымиян әрекеттерімен Қайратқа неше түрлі айла шарғылар қолдана отырып, оны С. Савицкийдің өліміне кінәлі етеді. Қазақ  КСР-і  Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі коллегиясының 1987 жылы 16 маусымдағы Үкімімен  Рысқұл беков ең  жоғары жаза – өлім жазасы – атуға бұйырылды.

Зиялы қауым өкілдері СОКП Бас хатшысы Горбачев пен КСРО Жоғарғы Кеңесі  Президиумының төрағасы Громыконың атына Рысқұлбековтың жазасын жеңілдету  туралы өтініштерін жолдады. Кейіннен Рысқұлбековтың ату жазасы амалсыздан 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырылды. Бірақ, Шу, Қарағанды теміржол бекеттері арқылы Рысқұлбеков белгісіз себептермен Семей түрмесіне жеткізіліп, құпия жағдайда оның өміріне қастандық жасалды. Желтоқсан көтерілісінің бас құрбаны болған Рысқұлбеков еліміз егемендік алғаннан кейін Қазақстан Жоғарғы Соты Пленумының 1992 жылы 21  ақпандағы шешімімен толықтай ақталды. Оған «Халық қаһарманы» атағы берілді. Тараз қаласында Рысқұлбеков есімімен аталатын демалыс паркі бар. Онда Қайратқа ескерткіш қойылған.

Бақытжан ЖҰМАТ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған