Жарнама
Жаңалықтар

БІЛІМ САПАСЫНА – ҚАТАҢ БАҚЫЛАУ

 

Министр мектепке дейінгі білім мен тәрбие берудің инфрақұрылымын дамыту биыл да жалғасын табатынын жеткізді. Қазіргі таңда құрылысы жүріп жатқан 181 нысанның 75-сі іске қосылмақшы. Сонымен қатар, 431 нысан пайдалануға берілетін болады. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 242 кеңестік бөлімшелер ашу жоспарлануда.

— Білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасының өткен жылға арналған стратегиялық жоспарының индикаторлары мен көрсеткіштері толығымен орындалды. Мектепке дейінгі біліммен қамтылған 3-6 жас аралығындағы балалардың саны жоспардан асып, көрсеткіш 80 пайыздан артты. Жалпы орта білім беру мазмұны жаңартылып, бастауыш және орта мектептің стандарттары жасалды. Оқу кітаптары дайындалуда. Сонымен қатар, 16 мыңнан астам мұғалім деңгейлік курстан өтті. Ал, жаңадан салынған 123 мектеп үш ауысымды және апатты мектептердің санын едәуір азайтты. Ағымдағы жылы қосымша жаңа 109 мектеп салынатын болады. Мұның барлығы Елбасы тапсырған 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуді жетілдіру мақсатында қолға алынып жатқан шаралар болып табылады, — деді министр А.Сәрінжіпов.

Сондай-ақ, дуальды оқыту жүйесі мәселесі назардан тыс қалмады. Министрдің айтуынша, еліміздегі он колледж бен он жоғары оқу орны базасында индустриялық даму бағдарламасына кадрлар дайындалмақшы. Бұл «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында іске аспақ. Мемлекетімізде үш мыңнан астам кәсіпорын базасында  283 колледж дуальды оқытуды жүргізуде. Ал, жалпы еліміз бойынша 820 колледж бар. Жүйе бойынша білім берумен 21 мыңдай студент қамтылып отыр.

Ал, жастар саясатын дамыту бағытында патриоттық білім беру бойынша жоспар 12 пайызға артты. Өткен жылы жалпы сомасы 445 миллион теңгеге 47 әлеуметтік жоба жүзеге асқан. Нәтижесінде 75 жастар ресурстық орталығы құрылды.

Сондай-ақ, баспасөз мәжілісі барысында журналистер мектеп оқушыларын тегін тамақтандыру мәселесін көтерді.

— Бүгінгі таңда елімізде 2,5 млн. оқушы болса, олардың 70 пайызы ата-аналарының қаржысы есебінен тамақтанады. Ал, қалған 30 пайызы, яғни, әлеуметтік жағдайы төмен балаларға тамақтануға мемлекет қолдау көрсетіп отыр. Бұл – ұзақ уақыттан бері жүргізіліп келе жатқан жүйе. Оны біз жалғастыратын боламыз. Еш өзгеріс болмайды, — деді министр.

Брифинг кезінде ЖОО-лар мен колледждер желісін оңтайландыру бойынша жұмыстар өз жалғасын табатыны да сөз болды. Айта кетсек, өткен жылы бес жоғары оқу орны жабылған болатын. Және сегіз оқу орнының лицензиясы тоқтатылды. Үш жоғары оқу орны бойынша материалдар сотта жатыр. Министрдің мәлімдеуінше, биыл да прокуратурамен жеке ЖОО-лар мен колледждерді тексеру жұмыстары жалғасатын болады.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button