«БІЛІМ БЕРУ МАЗМҰНЫН ЖАҢАРТУ – БОЛАШАҚҚА БАҒДАРЛАНУ»
Жиыннан бұрын меймандар облыстың білім саласының жетістіктері мен педагогикалық идеялар шеберханасының көрмесімен танысты.
Тамыз мәслихатында сөз сөйлеген облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов еліміз үшін биылғы жылғы басым бағыттардың бірі балаларды балабақшамен қамту екенін атап айтты. Аймақ басшысының айтуынша, жыл аяғына дейін төрт балабақшаның құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, бір балабақшаның құрылысы енді басталады.
Бала тәрбиесімен тек мемлекеттік мекемелер ғана емес, жеке тұлғалар да айналыса алады. Өткен жылы – жеті, биыл 12 жеке меншіктегі балабақша ашылып, бүгінгі таңда аймақта олардың саны 33-ке жетіп отыр. Ал, аудандарға келер болсақ, тек Мақат ауданында ғана жеке меншік балабақша жұмыс жасайды. Айта кетсек, осыдан үш жылдай уақыт бұрын жеке меншіктегі балабақшалар саны онға жетпейтін еді.
— Осындай жұмыстардың нәтижесінде облыста 1-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту 56,8 пайызға, 3-6 жас аралығындағы балаларды қамту 82,6 пайызға дейін жетіп отыр. Дегенмен, әлі де мектепке дейінгі ұйымдарға деген сұраныс жоғары. Осы мәселеге облыстық білім беру басқармасы, қала және аудандар әкімдері мен кәсіпкерлер назарын аударамын, — деді аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Сондай-ақ, облыс басшысы тәрбие жұмыстарына көп көңіл бөлінуі тиіс екендігін баса айтты. Лаңкестік жолға түсіп, Атыраудан шетелге шығып кеткен жастардың да жоқ еместігін жасырмаған облыс әкімі, сонымен қатар, жастар арасындағы өз-өзіне қол жұмсап, өміріне балта шабу жайттарына да алаңдаушылық білдірді. Мәселен, өткен жылы мектеп оқушылары арасында екі суицид жағдайы тіркелсе, биылғы жартыжылдықта алты жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған.
— Балалардың білім мен тәрбие алуына оңтайлы орта қалыптастыру және оған қолжетімділікті қамтамасыз ету – Елбасының тапсырмасы, — деді облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы. — Осы бағытта 2014 жылы жаңадан үш мектеп іске қосылды. Ағымдағы жылдың соңына дейін бір мектеп пен бір мектеп жанындағы интернаттың құрылысы аяқталады. Қажетті қаржы бөлініп, 28 білім беру ұйымында күрделі жөндеу жұмыстары жүруде. Жұмысты жоспарланған мерзімінде аяқтаумен қатар, сапасын да қамтамасыз етуіміз қажет.
Облыс басшысының айтуынша, жаңа оқу жылында барлық оқушылар оқулықпен қамтылатын болады. Ол үшін жергілікті бюджеттен 650 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген. Бұл алдыңғы жылғы бөлінген қаражаттан екі есе көп.
Атқарылған және алдағы уақытта жасалар жұмыстар жөнінде кеңінен айта келіп, облыс басшысы толғандырған мәселелер мен кемшіліктердің де бар екендігін жасырмады. Айта кетсек, Атырау облысы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу деңгейі жөнінен республика бойынша – төртінші, ал, орта балл көрсеткіші жөнінен – соңғы орында.
— Биыл өткен Ұлттық бірыңғай тестілеуге мектеп бітірушілердің 74,8 пайызы қатысып, облыстың орта балы 61,1 болды, — деді облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов. — Бұл өткен оқу жылының қорытындысымен салыстырғанда 1,1 балға төмен. «Алтын белгіге» үміткер 100 оқушының 25-і мен «Үздік аттестатқа» үміткер 43 түлектің сегізі ғана өз білімдерін дәлелдеп шықты. Бұл – облыс педагогтары жұмысының нақты көрсеткіші.
Өткен аптада мемлекеттік білім беру гранттарын иеленгендердің тізімі жарияланды. Мұнда да облыстың көрсеткіші едәуір төмен. Тестілеуге қатысқан 3589 түлектің алты пайызы ғана бұл мүмкіндікке қол жеткізді. Соның ішінде, Индер, Мақат, Қызылқоға және Жылыой аудандарының көрсеткіші төмен. Мәселен, Жылыой ауданында 500 түлектің тек тоғызы ғана мемлекеттік грантқа іліккен.
Тестілеу қорытындысымен оқушылар қазақ тілінен жоғары білім деңгейін көрсетсе, математика, физика, дүние жүзі тарихы мен орыс тілінен көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Соның салдарынан 1824 оқушы шекті деңгейге жете алмай, 505 түлек «екілік» алды. Соның ішінде, математика (52,4 пайыз) және орыс тілі (21,2 пайыз) пәндерінен «екілік» алғандар саны көп. Олардың арасында мектеп-гимназиялар мен лицейлер түлектерінің де болуы аталған білім беру ұйымдарында олқылықтар бар екендігін көрсетті. Атырау облысы түлектерінің басым бөлігі мемлекеттік грант есебінен емес, ата-анасының қаржысымен оқуда. Сондықтан да, облыс басшысы ұстаздармен қоса, ата-аналарды да бұл мәселе ойлантуы керектігін айтты.
Салтанатты шара барысында облыстың білім беру саласына айрықша еңбегі сіңген, жас ұрпақты тәрбиелеудегі жетістіктері үшін саланың бірқатар мамандарына Атырау облысы әкімінің Алғыс хаты мен сыйлыққа түрлі-түсті теледидар табысталды. Олардың қатарында, Атырау қаласындағы №17 мектеп-лицейінің математика пәнінің мұғалімі Светлана Ерошенко, Жылыой ауданындағы №19 орта мектептің физика пәнінің мұғалімі Салтанат Жұмағалиева, облыстық білім беру басқармасының бас маманы Ақкенже Нысанбергенова, Исатай ауданындағы Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектеп директорының орынбасары Гүлсара Досмағамбетова, Қызылқоға ауданындағы Жаңашаруа орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жайғали Өтеуғали, Атырау көлік және коммуникация колледжінің шебері Абат Сисенәлиев, Құрманғазы ауданындағы Н.Крупская атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Еламан Ертаев және тағы басқалар бар.
ҚР Білім және ғылым министрлігі әкімшілік департаментінің директоры Анар Қайырбекова еліміз бойынша білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Министрлік өкілі «Қазақстан Республикасының еңбек ардагері» медалін ардагер ұстаз Қадим Оңғарсыновқа салтанатты түрде табыстады. Сонымен қатар, бірқатар ұстаздарды Ы.Алтынсарин төсбелгісімен марапаттады. Олардың қатарында Жылыой аудандық білім бөлімінің бөлім басшысы Света Аманшиева, Махамбет аудандық білім бөлімінің әдіскері Болған Мәсәлімова, Атырау медицина колледжінің директоры Мұса Өтепқалиев, Құрманғазы ауданындағы Абай атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Гүлбахира Байменовалар болды.
Сондай-ақ, министрлік жанындағы департамент басшысы А.Қайырбекова «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен сала қызметкерлері Бақытжан Мұсағалиевті, Жансая Тәженованы, Саягүл Қосжанованы, Сара Хабиеваны, Жұмағаным Аманғалиеваны және басқаларды марапаттады. Бұған қоса, министрліктің Құрмет грамотасын, Алғыс хатын да бірнеше адамға салтанатты түрде табыстады.
– Мұғалімдермен қамтамасыз ету – білім саласының күрделі мәселелерінің бірі, — деді облыстың білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Шәкіржан Мырзағалиев. — Жылма-жыл 300-ге жуық мұғалімге сұраныс түседі. Оның ішінде, облыс орталығы мен Жылыой ауданы мектептерінде математика, физика, орыс тілі және орыс мектептеріне сабақ беретін мұғалімдерге сұраныс жоғары.
Сондай-ақ, жиын барысында балалар үйінің тәрбиеленушілерін, мүгедек балаларды әлеуметтік қорғау мәселесі де назардан тыс қалмады. Қазіргі таңда балалар үйінің тәрбиеленушілерін әлеуметтендіру мақсатында патронаттық тәрбиеге беру, «Қонақ бала», «Жанашыр» бағдарламалары жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі балаларды ортаға бейімдеу мақсатында инклюзивті оқыту әдісі 90 мектепте ұйымдастырылуда. Бұл жүйе арқылы 264 бала оқумен қамтылып отыр. Ал, әлеуметтік әлжуаз отбасыларының 18 мыңнан астам балалары жазғы тынығумен қамтылған.
— Техникалық және кәсіптік білім саласында дуальды білім беру жүйесі 26 кәсіпорынның қатысуымен тоғыз колледжге енгізілді. Мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар беру мақсатында оқу орындарында кәсіптік бейімдеу кабинеттері ашылды. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес, 10 жоғары оқу орны мен 10 колледжге жоғары білікті кадрлар даярлау тапсырмасына орай, басқарма «Кәсіпқор» холдингімен өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды. Нәтижесінде политехникалық колледж аталған холдингтің әріптес колледжі болып белгіленді. Кәсіпкерлер палатасының тікелей қолдауымен шетелден жоғары білікті мамандар шақырылып, шеберлік сабақтары өткізілді, — деді басқарма басшысының міндетін атқарушы Шәкіржан Қишуұлы.
Жиын соңында сөз алған М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі, ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мектеп-гимназиясына жұмысқа қабылданып жатқан жас маман Әйгерім Асылбекқызы өзіне артылған жауапкершілікті абыроймен атқаратынын және ол үшін бұл қызмет өте абыройлы екендігін жеткізді.
Ал, жас бүлдіршіндер ардагер ұстаздар мен жас мамандарға ыстық ықыластарын білдіріп, гүл шоқтары мен сый-сияпат табыс етті.
Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келетін облыстың білім беру саласы қызметкерлерінің басын қосатын тамыз кеңесі ел өміріндегі үлкен саяси мәні бар жиынға айналды. Ол жаңа оқу жылындағы жаңаша бағыт-бағдарды айқындауға, білім беру саласындағы өзекті мәселелердің түйінін шешуге мүмкіндік туғызды.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.