БЕЛАРУСЬ ӘРІПТЕСТІККЕ ҮМІТТІ
Атырау Еуропа мен Азияны қосатын географиялық тұрғыда ерекше аймақ болып табылады. Сол себепті облыста логистика, көлік мәселесі өткір тұр. Осы ретте Гомель облыстық құрылыс кешені басқармасы мемлекеттік мекемесінің бас директоры Владимир Лобацевич жылдық айналымы 120 миллион АҚШ долларын құрайтын компаниямен күрделі құрылыс, тұрғын үй саласы, өндірістік бағытта әріптестік байланыс орнатуға шақырды. «Кәсіпорында бүгінде 6000 адам жұмыс істейді. Ресей Федерациясымен іскерлік, стратегиялық байланысымыз жақсы. Керамикалық кірпіш, темір бетонды материалдарын шығаруда да жетістіктеріміз бар. Бірақ, оларды Қазақстанға тасымалдау экономикалық тұрғыда тиімсіз. Атыраумен таныса келе, мұнда саз көлемінің айтарлықтай көп екендігін білдік» деген мейман жергілікті жерден бірлескен кәсіпорын ашуды ұсынды.
Беларусь елінің құрылыс саласындағы ең алып компанияларының түрлі ұсыныстарын тыңдаған атыраулық тарап жол құрылысы, жол жөндеу, осы салаға қажетті материалдар өндірісі мәселесіне қызығушылық танытты. Делегацияның жұмыс сапары одан әрі жекелеген компаниялармен арадағы кездесумен жалғасты.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.