Су маржанын сүзгендер кәсіби мерекесін атап өтті

  Әр жылы шілденің екінші жексенбісінде балықшылар өздерінің төл мерекелерін атап өтеді. Бұл жолы айтулы шара Жаңаталап елді мекенінде «Амангелді» өндірістік кооперативі және ауыл азаматтарының ұйымдастыруымен өтті.

  Алдымен кооператив төрағасы Мұрат Әмірғалиев сан жылдық тарихы бар аймақ балық шаруашылығының тарихын баяндап өтті. Оның өткені мен бүгінін бағамдады. Мемлекет тарапынан балықшылар кооперативтеріне шағын және орта бизнес нысандары ретінде көрсетіліп жатқан қолдауларға тоқталды. Отандық тауар өндірудің мәні мен маңызын таразылады.

– Шаһардағы супермаркеттермен шартқа отырып, өнімдерімізді халыққа жеткізудеміз. Бағаларымыз қолжетімді. Жайық жағалауында балық айлақтары жұмыс жасайды. Әр жылы мұздатылған, кептірілген, ысталған балық және сүбе өнімі жеткілікті дайындалады. Жергілікті атқарушы биліктің сауда орындарында арнайы орын бөлуі өнімдеріміздің жұртшылыққа кең таралуына жол ашты, – дейді ол. Мерекеге Жаңаталап, Еркінқала, Қызылбалық, Құрманғазы, Амангелді елді мекендерінің тұрғындары көп қатысты. Жиында сөз алған ауыл азаматы, Атырау қалалық «Құспан молла» мешітінің бас имамы Эммат Ғұмаров баршаны айтулы мерекемен құттықтады. Балық шаруашылығында қажырлы жұмыс жасаған ардагерлер мен еңбек озаттары марапатталды. Аталмыш шара барысында түрлі спорттық сайыс ұйымдастырылды.

  Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Мереке соңындағы басқосу киіз үйде жайылған дастарханда жалғасты.

Нұрислам МӘУЛЕНҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз