Жарнама
Құқық

Бейбітшілікті күзеткен сарбаздар

Әскер – елдің айбыны, ердің сыналатын мектебі. Уақыт озған сайын ел қорғаудың салты өзгергенімен, сарбаз өмірінің жүрекке салатын ізі, жанға түсіретін жауапкершілігі бір. Кеңес дәуірінде шекара асып, жат жұртта әскери борышын өтеген сарбаздар мен тәуелсіз Қазақстанның көк туы астында қызмет еткен жауынгерлердің әскердегі өмірі мақаламызға арқау болмақ. Бір-бірінен айырмашылығы бола тұра, екеуін де табандылық пен төзім, тәртіп пен ерлік қасиеттері тоғыстырады. Отан қорғаушылар күніне орай біз екі түрлі буынның жауынгерлерімен тілдесіп, әскери өмірдің беймәлім белестеріне көз жүгіртіп көрдік.

Цайтхайнда болған сарбаз

Атыраулық Ерболат Мұхтаров – Кеңес Армиясы сапында Германия жерінде азаматтық борышын өтеген. Ол 1983 жылдың күзінде он сегіз жасқа толар-толмас шағында әскерге шақырылыпты.

– Ол кезде әскерге бару – нағыз ерлік пен абыройдың белгісіндей еді. Қатарларымның бәрі сапқа тұрды. «Денсаулығы жарамай әскерден қалып қойыпты» деген өте ұят жағдай болатын. Ел үшін, отбасы үшін, абырой үшін әскерге бару – әр азаматтың борышындай көрінетін, — дейді Ерболат Шәмкенұлы.

Сөйтіп, Атыраудан ұшақпен Ақтөбеге қарай бет алған кезде ешкім қайда бара жатқанын нақты білмейтін. Медициналық тексеруден өткен соң, түн ортасында белгісіз бағытқа ұшады. Шекарадан өткеннен кейін ғана сол кездегі Германия Демократиялық Республикасына, нақтырақ айтқанда Цайтхайн қаласына кетіп бара жатқанын бір-ақ біледі.

Цайтхайн – тыныш, әсем қала. Әскерде Ерболат Шәмкенұлы құрылысқа қажетті материалдарды теміржол бекетінен қоймалар мен әскери техникалар тұрағына тасымалдаумен айналысты. Кейде ауыр жүк көлігін жүргізсе, кейде бронды техникалар тұрағының құрылысына қатысқан екен. Бір жылдан соң елге қысқа мерзімдік 20 күндік демалысқа келудің де мүмкіндігі туыпты.

Әскер өмірі Жарғыға сай өте қатал. Сарбаздар таңғы сағат дәл алтыда тұрып, жаттығу, таңғы астан кейін өздеріне тиесілі міндеттерді бөліп алады. Әркім өз ісіне жауапты. Біреу техникамен, екіншісі теориямен шұғылданады. Бұйрық тек қана орыс тілінде беріледі, қазақ жігіттері ғана өзара ана тілінде тілдесетін. Үйден жырақ, бөтен ел, бөтен тіл, өзге тәртіп болғандықтан әскердің алғашқы айлары оңай болмайды. Бірақ уақыт өте келе бойлары үйреніп, дос тауып, өзіндік орындары қалыптасады.

Сол заманда ГДР-да интернационалдық борышын өтеп жатқан кеңес жауынгерлерінің жағдайы елдегі әскерлерден әлдеқайда жақсы еді. Таза киім, уақытылы тамақ, қалыпты тұрмыс. Тіпті неміс халқы оларды құрметтейтін. Кейбір сарбаздар жергілікті тұрғындардың үйлеріне де барып тұрған.

– Әскери достармен әлі күнге дейін араласамын. Жиі кездесіп, өткен-кеткенді еске аламыз, қуанышты сәттерді себеп етеміз. Сол екі жыл маған тәртіп, төзім, адамгершілікті үйретті. Қазір ойласам, әскерден алған тәрбиенің өмірлік маңызы зор екен. Біз ешкімге оқ атқан жоқпыз, бірақ бейбітшілікті күзеткен жауынгер ретінде өз борышымызды адал атқардық. Кеңес әскері Еуропада тыныштықты сақтау миссиясын арқалады. Венгрия, Польша, Чехословакия, ГДР, басқа да батыс елдерінде Кеңес сарбаздары орналасты, біз сол тарихи миссияның бір бөлігі болдық. Әскер – тек тәртіп пен шынығу емес, өмір мектебі. Әскерде ел көріп, жер танисың. Түрлі ұлт өкілдері – қазақ та, орыс та, украин да, молдаван да, грузин де, армян да, шешен де болды. Барлығымыз бір мақсат, бір тәртіппен қызмет еттік. Бұл достық пен бірлікті үйретті, — дейді Ерболат аға.

Үй ішінің амандығын тек хат жазып білген интернационал-жауынгерлер хаттың жауабын он-он бес күн күтетін. Өйткені, интернет түгілі, телефон да жоқ. Оның үстіне шекарадан тыс аймақта жүрген соң жалғыз байланыс хат арқылы болғаны рас. Ал, ол заманда интернационал-жауынгерлердің өзге сарбаздардан дәрежесі де, әлеуметтік жеңілдіктері де көп еді.

Армия қатарында үлкендердің сөзі жүретін, олардың айтқанын істеу – жазылмаған заң. Жеңіл-желпі қысым, шектен шықпаған шымшыма тәртіп болды, бірақ бұл – сол дәуірдің заңдылығы. Бір жағынан, осы тәртіп оларды жігерлендіріп, шыңдай түсетін. Мұның бәрі – мінез қалыптастыру үшін ер жігітке керек сынақтар іспетті.

Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп оралған соң түрлі салада еңбек еткен Ерболат Мұхтаров қазір өңірдегі белгілі компанияда көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді. Бірлігі жарасқан отбасы, алтын асықтай ұлдары бар оның ендігі арманы жаймашуақ күн кешіп, немерелерінің қуанышына кенеліп, шаңырақтың шаттыққа бөленгенін қалайды.

Шыңдалған шекарашы

Мақат ауданындағы Доссор кентінің тұрғыны Әл-Фараби Әбілхайыр әскерге тәуелсіз Қазақстан азаматы ретінде аттанды. Әскери қызметін Алматыда бастап, Ұйғыр ауданының орталығы – Шонжы ауылындағы шекара бөлімінде үш айлық оқу-жаттығу кезеңін өткізген ол әскери өмірдің әліппесін үйренеді. Темірдей тәртіп пен айбынды заңға бағынуды да осында меңгеріпті.

– Алғашқы айда қарапайым тұрмыстық тәртіптерді меңгердік. Мысалы, киімді қалай тігу, оны қалай үтіктеу, төсек-орынды таза ұстау, жалпы тазалыққа мән беру – осының бәрін мұқият үйретті. Спорттық дайындық та болды. Бір ай бойы тек өзімізді күтуді үйрендік. Киімді өзіміз тігіп, өзіміз жуып, тазалықты өзіміз қадағаладық. Бұл жауапкершілікті бойға сіңірудің алғашқы қадамдары еді. Екінші айда елді қорғауға серт беріп, әскери ант қабылдадық, — деді Әл-Фараби Абылайұлы.

Шынында әр сарбаз үшін ерекше осы сәттен бастап нақты әскери дайындық басталады. Қару қолдануды үйрену, оны бөлшектеп, қайта жинауды меңгерген Әл-Фараби атқыштар бригадасының құрамына атқыш болған. Арнайы жаттығу алаңына барып, оқ ату, граната лақтыру, танктің астына жатып шабуылдау сияқты әрекеттерді үйренген. Үшінші айда далалық жаттығуға шығып, күн сайын жеті шақырым жүгіріп, сол жерде атыс жаттығуларын өткізетін. Кейде тауға дейін жаяу барып, мылтықпен ату тапсырмаларын орындапты. Өзі қолданған 74-ші модельді автоматы сенімді серігі болған ол Алматыдағы үш айдың қалай өте шыққанын да аңдамапты.

Көп ұзамай, Алматыдан пойызбен екі күн жүріп, Маңғыстау жеріне жетіп, нағыз әскери қызметті бастайды. Ақтаудағы әскери бөлімде тоғыз ай болып, әуелі №2018 жасақ құрамында шекара бекеттеріндегі түрлі міндеттер жүктелген. Мысалы, теңіз жағасындағы шекаралық техникалық бақылаушының міндеті – теңіздегі жағдайды, яғни қандай кеме өтіп бара жатқанынан толқынның тербелісіне дейінгі әрбір әрекеттің бәрін назарда ұстау.

– Ірі мұнай кәсіпшілігі болғанмен, Қаражанбаста да шекара бөлімі бар. Онда сарбаздар бірнеше жасақ болып, төрт сағаттық кезекшілікке шығады. Мысалы, операторлық жасақта бақылау жүйелерімен жұмыс істейді. Ал мен көбінесе қарауыл жасағына түсіп, онда жасақ маңын айналып күзетеміз, әр жарты сағат сайын ішкі бақылаушы офицерге баяндап отырамыз. Егер бөлімде капитан болмаса, орнына аға лейтенант, ол болмаса лейтенант, тіпті кейде сержант та уақытша жауапты болады. Яғни, әскерде кімнің шені жоғары болса, сол жетекші. Қаражанбастағы үш айдан соң Форт-Шевченко қаласындағы басқа бөлімге ауыстырды. Ол жақтағы жүйеде дәл сондай. Айырмашылығы – ол жерде теңізге шығып, заңсыз балық аулаған браконьерлерді ұстаймыз. Заң бойынша мұндай адамдарды тоқтатып, шара қолдану керек. Әскер өмірінің осындай қыр-сыры, күнделікті тіршілігі, тіпті заң бұзушылықпен бетпе-бет келетін сәттері де есімде. Бұл өмірлік тәжірибе болды, — деп еске алды доссорлық Әл-Фараби.

Түн ішінде кезекшілікте болған соң кейде ұйқы қанбай қалатын кез де болады екен. Егер қалауын тапса, сол төрт сағаттың ішінде де көз шырымын алуға мүмкіндік болатын көрінеді. Бірақ қалай болғанда да, әскери жарғыдан аттап кетуге болмайды, келесі міндетке дайын болу керек. Өйткені шекара шебінде босаңсуға негіз жоқ – әр сәт есептеулі.

Әл-Фарабидің сөзінен ұққанымыз, Отан қорғау – нағыз өмір мектебі. Сондықтан ол өзінен кейінгі жастардың әскерге барып келгенін дұрыс көреді. Өйткені, әскери өмір тәртіп пен жаттығуды ғана емес, әуелі адамның өзін-өзі тануын, төзімділік, сабыр мен тәртіпті үйретеді.

– Әскерде өз орныңды табу үшін де еп керек. Казармада да біреу кітап оқиды, біреу білім іздейді. Әйтеуір әркім өз орнын, өз жолын табуы керек. Түсінген адамға – үлкен өмірдің кішкентай моделі. Әскердегі қиындықтардың бірі – сағынышыңды басу. Әркім оны әртүрлі сезінеді, біреу ата-әжесін, ата-анасын, енді біреу бауырлары мен достарын жиі еске алады. Әскерде жүргенде көзі тірі әжемнің, ата-анамның қадірі ерекше білінді. Ол жерде «шаршадым» деген сөз жүрмейді ғой, кез келген сәтте дайын тұруың керек. Ұйқыға жатқанда да біреу оятып алатындай, бұйрыққа дайын күйде жатасың. Ұйықтап тынығудың қадірін әскер қатарында түсіндік, — деп ағынан жарылды ол.

Әлбетте, Қарулы Күштер сапындағы өмір – әр азаматтың жүрегінде өшпес із қалдыратын кезең. Ол тек тәртіп пен төзімнің мектебі ғана емес, ерліктің, жауапкершіліктің, достықтың да басты мектебі. Ерболат пен Әл-Фараби секілді сарбаздар азаматтық борышын адал атқарып, ел қорғаудың мәнін терең түсінді. Тәуелсіздік таңында да әскери өмірдің салмағы өзгергенмен, оның мән-маңызы ешқашан төмендемейді.

Алмас ҚАБДОЛ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button