
Доссор командасы ел чемпионатында топ жарды
Шағын футболдан 2014 жылғы жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан чемпионатында Атырау облысы, Доссор кентінің командасы жеңімпаз атанды. Жарысқа бас-аяғы 64 команда қатысып тартысты ойын өрнегін көрсетті. Бұл жарыстың маңыздылығы сонша Маңғыстау облысының өзінен сегіз команда қатысыпты.

Атырау облысының намысын қорғаған өзге де команданың ішінен суырылып шығып, тұңғыш қатысқан жарыстарында оншақты командамен сынға түсіп, мықтылығын көрсетіп отыр. Астана төріндегі жарысқа елдің азулы командалары қатысқан. Ақтық сында маңғыстаулық командамен шеберлік сынасқан доссорлықтар 7:0 есебімен ойсырата жеңіп, байрақты бәсекенің тұғырына көтерілді. Оның алдында ғана былтырғы жылдың жеңімпазы саналатын астаналық команданы жартылай финалда бет қаратпай ұтқан болатын. Команданың жаттықтырушылары Ербұлан Бөрібаев пен Дастан Әнесов команданың негізгі дайындығы ақпан айынан басталғандығын айтты.

– Негізінен команда үнемі дайындық үстінде болады ғой. Біз жұмыс істейтін спорт мектебінде әр жылғы балалардан құралған командалар бар. Олардың әрқайсысына әртүрлі жаттығу жұмыстарын жасатамыз. Жарысқа келгенге дейін де жаттығу жасап, санаулы күн қалғанда жолға шығып кеттік. Шүкір, еңбегіміз еш кетпеді. Бұл біздер мен балалардың ынтасын арттырып, шын ниет болса үлкен жеңістерге қол жеткізуге болатынын көрсетіп отыр, — деді Доссор балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылары. Команда құрамында 15 бала бар. Биыл үшінші рет ұйымдастырылып отырған футбол жарысына доссорлықтар жылдың басында қатысуға өтініш берген екен. Команда мұнымен тоқтап қалмай алдағы уақытта да биік белестерді бағындыруға талпынып отыр. Өз тарихында тұңғыш рет осындай додаға қатысып, жеңіс тұғырынан көріну оңай шаруа емес. Тіпті тәжірибелі деген командалардың өздері осы сында сүрініп, жеңістің ауылынан ерте алыстап кетті.
Алмас ҚАБДОЛ