Батпақтан құтқару басталды

 Биылғы көктемде толассыз жауған жаңбыр Атырау қаласы үшін өзекті саналатын дренаж мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарды. Жерасты суының көтерілуі, әсіресе, жеке сектордағы тұрғын үйлерге қатты қиындық келтіріп отыр.

drenaj  Шаһар басшысы Нұрлыбек Ожаевтың төрағалығымен өткен келелі кеңесте осы проблема жұртшылық талқысына салынды. Жалпы, оның айтуынша, Әлиев-Сатыбалдиев көшелерінің қиылысында қанатқақты жоба ретінде бастапқы дренаж жұмысы жүргізіліпті. Рас, бұл шара облыс орталығында бұрын да жүзеге асырылған. Әйтсе де, бұл жолы белгілі маман Едіге Сабуров тың тәсіл ұсынып отыр. Алғашқы нәтиже жаман емес. Көршілес Ақтөбе облысынан да гидрогеологтар шақырылып, Сарықамыс ықшамауданында жұмыс жасалып жатыр. Сонымен қатар, ресейлік, голландиялық және австралиялық мамандарды тарту бағытында келіссөздер жүргізілуде. Олардың да ұсыныстары қаралып, ең тиімдісі таңдалады. Ең маңыздысы – бүгінде Атырау қаласы мен оның төңірегінде су мол жиналатын орындардың нақты анықталуы. Бүгінде олардың саны – 11. Қайткенде де, жерасты суының деңгейін төмендетіп, шаһарды ылғалдан қорғаудың тиімді жолы – дренаж жүйесін жүйелі жүргізу. Осы бағытта күн тәртібіндегі мәселе бойынша гидрогеология саласының ардагері Едіге Сабуров пен «АтырауСуАрнасы» КМК директоры Андрей Ташлыков баяндама жасады. Едіге Сабуров, гидрогеология саласының ардагері : – Атырау аумағы ұлғайып, оның маңында елді мекендер бой көтеруде. Ал, халықтың тығыз қоныстануы ұлғайған сайын, жерасты суы деңгейі де жоғарылайды. Өйткені, бұл жерлерде тас жол, тұрғын үйлер, түрлі құрылыс нысандары салынғандықтан, жерасты суының булануы азаяды. Сөйтіп, топырақтың ылғалдануы барынша арта түседі. Ойыс жерге жиналған су кеппейді. Бірнеше айлап жатады. Бұл шаһар ішінің суға толып, батпақтануына әкеліп соғуда. Ащы су өсімдік тамырларының деңгейіне дейін көтеріліп, ағаштардың өсе алмауына да себеп болуда.

Нұрислам МӘУЛЕНҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз