Теңізге жол ашқан дарабоз

teniz 2 Жаңалықтар

Теңіз кеніші – Қазақстан тарихындағы ең алғашқы ірі инвестициялық және ел экономикасының һәм әл-ауқатының дамуына тікелей әсер еткен тарихи жоба. Келер жылы Қазақстанды әлемге мұнайлы ел ретінде танытқан қара алтынның сандығы – Теңіз кен орнының ашылғанына 45 жыл толады. Бұл ретте тәуелсіз еліміздегі мұнай саласының іргетасын қалаған тарихи тұлғаларды еске алмау, оларға тиісті баға бермеу – кешірілмес күнәдай. Солардың қатарында, қатарында емес-ау, нақ алдыңғы шебінде біздің жерлесіміз, бірқатар орден мен марапат иесі, Қазақ КСР еңбегі сіңген мұнайшы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Теңіз кен орнын алғаш ашқан Бөлекбай Сағынғалиұлы Сағынғалиев тұр.

teniz

Бөлекбайдың есімін аға буын өкілдері жақсы біледі. 1911 жылы мұнай атқылаған атақты Доссор жерінде дүние есігін ашып, 1951 жылы Мәскеу мұнай институтын тәмамдаған Бөкең 9 жылдың ішінде шебердің көмекшісінен «Қазақстаннефть» мұнай және газ өндіру бірлестігінің басшысы лауазымына дейін жоғарылайды. Кейін ҚазКСР халық шаруашылығы кеңесі мұнай бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық комитеті ауыр өнеркәсіп бөлімі басшысының мұнай өндірісі жөніндегі орынбасары, 1969 жылы республикалық мұнай бірлестігі басшысының орынбасары болды. Ал 1971 жылы «Ембі» мұнай бірлестігіне басшы болып тағайындалып, 15 жыл бойы Солтүстік Каспий аймағындағы мұнай кен орындарының ашылуы мен ірі кен орындарындағы мұнай өндіру көлемін арттыруға өлшеусіз үлес қосты, тынбай еңбек етті.

Тұз асты қабатындағы мұнайға барар жол

Көп уақыт бойы Каспий маңы ойпатындағы мұнай қоры тұз бетінде жиналған деп келді, ол жердегі ұңғымалардың тереңдігі 3000 метр шамасына жетіп жығылатын. Алайда сонау 1930-жылдардың өзінде ғалымдар мұнайдың көп бөлігі өте тереңде – жердің тұз қабатының астында болуы мүмкін деген болжам жасаған-ды. Бірақ сол уақытта ол болжамды тексерудің мүмкіндігі болмады: бұрғылау техникасының қуаты мен мүмкіндігі жетпеді. Оған қоса тұзасты қабаты туралы зерттеулер де жоқтың қасы болды. Аталған аймақтағы тұзасты қабатына ұңғы бұрғылау жұмыстары тек 50-жылдары бастау алды.

Өңірге белгілі мұнайшы Саламат Мұқашев өз естелігінде 1971 жылдың мамырында Одақ көлеміндегі белгілі мұнайшы-геологтардың басын қосып, ғылыми-техникалық мәжіліс өткізгендерін жазады. Сол мәжілістің қорытындысында ғалымдар мол мұнай тұз астында, оны іздеуді тұз қабатының жұқа тұсы – Жылыой ауданынан бастаған қолайлы деген болжамға тоқтаған.

1971 жылдың 16 тамызында КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігі Оңтүстік Ембіде, Үстірт пен Маңғыстау түбегінде геологиялық-физикалық және геологиялық барлау жұмыстарын күшейту қажеттілігі туралы бұйрыққа қол қойды. Осы бұйрықты орындау барысында Бөлекбай Сағынғалиев министрліктің Ембіге тұзасты шөгінділерін барлау үшін «Нижневолжскнефть» ӨБ Волгоградтағы басқармасынан үлкен экспедицияны жіберуіне қол жеткізеді. Ембілік мұнайшылармен салыстырғанда олардың өте терең ұңғымаларды бұрғылау (6000 метрге дейін) жағынан тәжірибелері едәуір-тін.

Каспий маңы ойпатының оңтүстік-шығыс бортындағы іздестіру-барлау жұмыстары барысында 1973-74 жылдары Тәжіғали (волгоградтықтар бұрғылаған) және Пустынная (Балықшы барлау бұрғылау басқармасы) құрылымдарындағы тұзасты шөгінділерінен мұнай мен газдың алғашқы белгілері байқалды, бұл кейіннен бүкіл әлемге Теңіз деп танылған кен орнын алғашқы бағдарлау болатын.

1976 жылдың 26 маусымында Теңіз тұз қабатының астындағы мұнайға қол жеткізу үшін 5500 метр жобалық тереңдікке алғашқы ұңғы бұрғыланды. №1 ұңғыны бұрғылау туралы актіге «Ембімұнай» бірлестігінің бас геологы Жолдасқали Досмұхамбетов қол қойды. Үш жылдан кейін, яғни, 1979 жылы мұнай көмбесінің төбесі тесілді – Волгоградтан келген бригада тұзасты шөгіндісін ашты, ал 19 желтоқсанда «Ембімұнайдың» арнайы тобы бригадамен бірлесе отырып, 10 минут ішінде ұңғыманы сынақтан өткізді. Дәл осы күн Теңіз кенішінің ашылған күні болып тарихта жазылды.

«Осы сынақтар негізінде Сағынғалиев Мәскеуде КСРО министрлер кеңесін басқарған А.Н. Косыгиннің алдында баяндама жасады. Бұл жиналысқа бүкіл одақ бойынша мұнай өндірісінің басшылары қатысқан. Жиналысқа қатысқан Орталық партия комитетінің хатшысы В.Э.Дымшиц ертеңіне жиналыс жасап, «Кешегі отырыста Косыгиннің алдында мұнай өндірісінің болашағы жөнінде өзінің дұрыс сөзін айтқан жалғыз адам –  Қазақстаннан келген бас директор Б.Сағынғалиев» деп Бөкеңе үлкен баға берген. Сол отырыстан кейін Орталық партия комитетінің «Батыс Қазақстанда мұнай және газ өндірісін дамыту үшін геологиялық барлау-бұрғылау жұмыстарын күшейту» деп аталған атақты №522 қаулысы қабылданды. Оны өмірге әкелуде Бөкең тікелей атсалысты» – дейді ардагер мұнайшы, жоғары мемлекеттік «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Мақсот Қилыбаев.

Осыдан кейін КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігі Теңізге «Нижневолжскнефть» ӨБ-нің Жирновский және Арчединский басқармаларының қосымша экспедициясын жіберді. Ал елде «Ембінің» атынан бұрғылау жұмыстарымен Балықшы барлау бұрғылау басқармасы айналысты.

Дегенмен, ең алғашқы №1 ұңғыманы уақытша жабуға тура келді. Неге? Себебі, мұнай табылған тереңдіктегі жер қабатының қысымы өте жоғары болды, сонымен қатар құрамында күкірті көп ілеспе газ да көп кедергі келтірді. Ұңғымада қосымша сынақтар жүргізу үшін арнайы жабдық та болмады, ол кезде КСРО аумағында қажетті құрал-саймандар шығарылмайтын. Кейін қажетті техниканы министрлік сонау Канададан сатып алып, №1 ұңғыма 1981 жылдың шілде-тамыз айларынан бастап толыққанды зерттеле бастады. Міне, сол кезде теңдессіз мұнай кен орнының ашылғаны туралы жер-жаһанға белгілі болды. Геолог ғалымдардың Теңіздің терең қабатында мұнай болуы мүмкін деген болжамдары расталып, Каспий маңында ауқымды іздеу-барлау жұмыстары белең алды.

«Батыс Қазақстан мол мүмкіндіктері бар аумақ деп танылды. Соңғы жылдардағы барлау жұмыстарының нәтижесінде Каспий маңы ойпаты мен Ембіде мұнай өндірудің болашағы барын дәлелдедік. Ембіде және Батыс Қазақстанда мұнай өнеркәсібін дамытудың жаңа кезеңі басталуда. Теңіздің және басқа да кен орындарының тұзасты шөгінділерін қысқа мерзімде игеру халықтық-шаруашылық тапсырмаға айналды», – деп жазыпты Бөлекбай Сағынғалиев 1981 жылғы «Прикаспийская коммуна» газетіндегі мақаласында.

Сағынғалиев феномені

«Бөлекбай Сағынғалиевты неге феномен дейміз? Мұнай кеніштеріндегі көп жылдық тәжірибесінің, қарымды қабілеті мен көзқарасының арқасында ол «Ембімұнайды» тізгіндеді. Оның таным-түйсігі, түсінігі жанындағылардан ерекшеленіп тұратын. Мәселені шешу үшін қабылдаған шешімдерін көпшілігі жақтыра бермейтін. Ол, тіпті, 10-12 сағаттап жиналыс жасап, күрмеуі байланған мәселелерді қалай шешу керегін тәптіштеп түсіндіретін. Әрі сол мақсатқа жету жолында өзін де, өзгені де аямайтын, нәтижесінде қысқа уақытта Оңтүстік Ембі өңірінде ең ауқымды іздеу-барлау жұмыстарын ұйымдастырып үлгерді, – деп еске алады ардагер мұнайшы, «Құрмет» орденінің иегері Төлеген Байзақов (Балықшы барлау бұрғылау басқармасының 1985-1987 жж. басшысы). – Тағдырыма ризамын, себебі, еңбек жолымның бастамасында осындай алып азаматтың жанында жүріп, өткізген жиналыстарына қатыстым,туған өлкеміздің болашағы туралы сөздерін ұйып тыңдайтынмын. Әсіресе,  түз далада ұйымдастыратын жиналыстары есте сақталыпты – кеніштегі бұрғылау қондырғылары мен техниканың жанында тұрып Бөкең тұзасты қабатындағы мұнай туралы айтудан жалықпайтын. Ал біз аузымызды ашып тыңдайтынбыз, әрине, осы кезде өңіріміздің болашағына деген сеніміміз де күшейді».

teniz 3

Бөлекбай Сағынғалиұлы Теңіз кен орнынан бөлек өңірдегі аудандарды да дамытуда өшпес із қалдырды. 1971 жылы Прорва бұрғылау конторасында ел аузында БУРБ деп аталып кеткен Балықшы барлау-бұрғылау басқармасы құрылады, «Ембімұнайгеофизика» және «Ембімұнайқұрылыс» трестері пайда болады, автокөлік мекемесі, өндірістік-техникалық жабдықтау басқармалары, қосалқы бөлімшелер жұмысын бастайды.

Осылайша, бүкіл кеңес елдеріндегі тұралау кезеңінде аталған бірлестіктің жұлдызы жанды, мұнай өндіру көлемі рекордтық көрсеткіштерге жетіп, 1970 жылғы 2,7 млн. тоннадан 1980 жылы 4,5 млн. тоннаға дейін көтерілді, сондай-ақ пайдалану және барлау-бұрғылау жұмыстары да жалғасып жатты.

Б.Сағынғалиев «дәуірінде» 15-тен астам жаңа кен орны ашылып, барлауға берілді, жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары жақсарды, облыс орталығы мен мұнайшылар ауылдарында мыңдаған шаршы метр тұрғын үй салынды. Жайық жағасында «Бұрғышылар поселкесі» деп аталатын жаңа елді мекен (қазіргі Ақжар ауылы) бой көтерді.

С.Мұқашев өз естелігінде Теңіз кеніші мен Сағынғалиевтің бір-бірімен байланысын жақсы баяндайды. «Сағынғалиевтің бойындағы асыл қасиеттер осы алыппен алысқан жылдары айқындалды, егер Бөлекбайдың ынтасы болмағанда  аталмыш кеніштің пайдасын анағұрлым кешірек көретін едік дейді. Себебі, ол кезде тұз астына бұрғы жіберу батылдық қана емес, батырлық еді – күшті қысымды бұғалықтайтын, болатты балқытатын ыссылыққа шыдайтын, күкіртке төзімді құрал-сайман болмайтын. Тың жол бойында қауіп-қатер болатыны түсінікті, бірақ оның қай тұстан соғатыны жұмбақ еді. Қиын да қатерлі жұмысқа даярланған жұмысшылар да болмаған-ды. Осындай қабырға қайыстырар қиыншылықтарды көре тұрып, күреске шығу – біліміне де, білегіне де сенген нағыз ердің ісі», – деп жазады.

Еңбектің еленгені жақсы

«Ерінбейтін жан еді, еңбекқорлығына тәнті едік бәріміз. Күні-түні құрылыс алаңынан шықпайтын. Жобалаушылармен, мердігерлермен, жеткізушілермен жиналыстар түннің бір уағына дейін өте беретін, ал ертеңіне о кісі сол алаңда жүретін. Уақыт тығыз болды, климаттық жағдайлар қолайсыз, анау-мынау жағдай жасалмаған, оның үстіне қолданылып жатқан техникалық шешімдер де жаңадан енгізілген. Әрине, оңай болмады, бірақ қойылған тапсырма орындалуы тиіс. Біз жас болдық ол кезде, сонда да шаршап, кейде зауқымыз болмайтын. Бірақ Бөлекбай Сағынғалиұлы еш мойымады, жасымады, талабын тауыспады, сергек жүретін. Бөкеңнің басшы қандай болу керек екенін сол кезде бәрімізге көрсетіп кеткен екен ғой, оны ақыл тоқтатқан соң түсіндік. Тік мінезді, батыл еді, мақсатына жетпей қоймайтын алғыр жан болды, – деп еске алады Теңіз кен орнын ашқаны үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болған Болат Еламанов. – Бөлекбай Сағынғалиұлы бірқатар марапатқа ие болды. Алайда талантты жанның мұнай шаруашылығына қосқан өлшеусіз үлесін әлі толық бағаламады. Уақыты келер деп сенемін».

Иә, Бөлекбай Сағынғалиұлын танитын замандастары бар, отандық мұнай саласына қосқан үлесін білетін азаматтар да бар. Ол жұмыс істеген, өмір сүрген ғимараттар мен үйлерге естелік тақталары орнатылған. Теңіздегі ТШО компаниясының барлау кеңсесіне оның аты берілген. Алайда бәрі бірдей Сағынғалиевтің «Ғасыр жобасына» жол салғанын, жылдар бойы жыр болатын игі істің бастаушысы, алып еліміздің азығын молайтқан қаһарман екенін біле бермейді. Сондықтан да өңірдің ардагер мұнайшылары, «Бұрғышы-72» Қоғамдық қорының бұрғылаушылары Сағынғалиевтің есімі әлі де толыққанды аталмай жатыр деп ойлайды.

«Қазіргі таңда Жаңа Қазақстан құру жолында рухты көтеретін, елдікті, ынтымақты нығайтуда оң өзгерістердің орын алып жатқанына бәріміз куәміз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының әділ мемлекет құру жолындағы қабылдаған нақты шешімдері сенім ұялатады. Кезінде қазақтың біртуар тұлғалары, асыл текті перзенттері Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шахановтың есімдері мен еңбектері елеусіз қалған еді, алайда Мемлекет басшысы 2022 жылы оларға «Еңбек ері» атағын берді. Сол уақытта саяси қайраткер, генерал Қайырбек Сүлейменов те «Халық қаһарманы» белгісін өңіріне тақты. Осы ретте «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шығады» дегендей, елі үшін еңбек майданының алғы шебінде янбай тер төккен, халқының арда ұлы Бөлекбай Сағынғалиев ең жоғары үкімет наградасы – «Халық қаһарманына» лайық деп санаймын», – дейді ардагер-мұнайшы, «Құрмет» орденінің иегері Ардақ Қонысқалиев.

 Атырауға мұнайшылар саябағы керек 

Еңбегі сіңген мұнайшылардың пікіріне «Мұнай-газ кешенінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі де қосылады.

«Б.С.Сағынғалиевтің тәуелсіз Қазақстанның, туған өлкесі Атыраудың өсіп-өркендеуіне қосқан айтулы үлесі қазіргі таңда, атап айтқанда қазақ мұнайының 125 жылдығы мен Теңіз кен орнының 45 жылдығы қарсаңында ескерілуі керек. Соның ішінде бірнеше жылдан бері нәтижесі көрінбей келе жатқан Мұнайшылар саябағын ашу – өте дұрыс шешім. Сол саябаққа Сағынғалиевтің есімін беріп, мүсінін орнатса, қастерлі іс болар еді», – дейді қоғамдық бірлестіктің Атыраудағы филиалы директоры Мақсым Ізбасов.

Мәселе мынада, Атырау Қазақстанның мұнайлы астанасы деген бейресми мәртебеге ие болса да, әлі күнге дейін қалада мұнай астанасының айқын нышаны немесе мұнай индустриясын құру мен дамытудағы өңірдің тарихи маңыздылығын көрсететін ауқымды архитектуралық ансамбльдер жоқ. Әзірге бары – былтыр «Ембімұнайгаз» АҚ-ның күшімен ашылған мұнайшылардың Даңқ аллеясы мен қаланың әр түкпіріндегі мұнай өндіру қондырғылары. Мұнай өнеркәсібіне арналған арнайы мұражай да жоқ. Заманауи, интерактивті музей бары бар-ау, дегенмен, халықтың көп бөлігі үшін қолжетімді емес, кез-келген адам оған бара алмайды, өйткені ЕМГ кеңсесінде орналасқан.

Мұнайшылардың үлкен паркін салу бұл олқылықтың орнын толтырары анық, осы жерде еліміздегі мұнай өнеркәсібінің пайда болуы мен дамуының алғашқы кезеңінен бастап бүгінгі күнге дейінгі бүкіл тарихын ақпараттық экспозициялар мен аллеяларда көрсетуге болар еді. Сол жерде Социалистік Еңбек Ерлері, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаттары Сафи Өтебаевтың, Жолдасқали Досмұхамбетовтың, Бөлекбай Сағынғалиевтің, Мақаш және Нұрлан Балғымбаевтардың, Қуаныш Құдабаевтың және тағы басқалардың есімдері мәңгіге жазылар еді. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысы кезінде майданға кеткен мұнайшы ерлерінің орнын басып, мұнайшының ауыр еңбегін еңкеймей арқалаған аяулы аналарымыздың да есімдері түсер еді.

Ардагерлердің осы саябақты ашамыз деп жүргендеріне 5 жылдан астам уақыт өтті, бірақ қағазбастылық кесірінен жұмыс алға баспай тұр. Егер саябақ салынса, қала тұрғындары мен қонақтарының демалатын орнына ғана емес, өткен мен келешекті жалғаушы дәнекер, қаланың тарихи-мәдени белгісіне айналар еді.

Бар үмітіміз Атырау облысының басшылығында – мұнай өнеркәсібі ардагерлерінің осы бастамасы аяқсыз қалмайды деп сенім білдіреміз.

Б.С.Сағынғалиев 2009 жылы өмірден өтті. Ол кісі туралы айтылған мадақтау сөз, әлбетте, көп. Соның ішінде КСРО Мемлекеттік жоспарлау комиссиясы төрағасы Н.К. Байбаковтың 1985 жылдың жазында Теңіз кен орнына сапарынан кейін айтқан мына сипаттамасы ойып орын алатыны хақ.

Жиналыс соңында «Сіз – нағыз патриотсыз, өз ісіне берілген жансыз. Өз халқын, жерін сүйетін, оның мұрасы мен байлығын мадақтайтын адам сіздей болсын!» деді.

 «Бұрғышы-72» қоғамдық қоры

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Бақыт

    Өте орынды пікір және ұсыныс. Атырау мұнайы кеңестер одағы кезінде де, егемендік алғаннан бері де еліміздің дамуына зор үлес қосып келе жатқан ең басты сала екені аян. Бұл салада еңбек өмірден еткен аталған ардагерлердің де салаға қосқан үлестері, еткен еңбектері ұшан-теңіз. Сондықтан, мұнайшылар саябағын салып, оған жоғарыда аталған, мұнай өндіру саласында аянбай еңбек етіп, өшпестей із қалдырған ардагер-мұнайшылардың бюсттерін орнатып, есімдерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік жасалса, “Ер есімі -ел есінде” дегендей, өте керемет тәрбиелі іс болар еді.