Атырауда 35 бала қызылша індетіне шалдықты

DSC 0002 Жаңалықтар

Облыста қызылша індеті орын алды. Жыл басынан бері 41 жағдай тіркеліп үлгерді. Өкініштісі, оның 35-і – 14 жасқа дейінгі балалар. Дерттің басым бөлігі қызылшаға қарсы екпелерін алмаған балалар арасында пайда болды. Бұл туралы облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінде өткен штаб отырысында айтылды.

DSC_0002

Мамандардың айтуынша, науқастар қазір облыстық №2 ауруханада ем қабылдауда. Аурудың асқынуынан төрт бала жан сақтау бөлімінде жатыр. «Жұқпалы ауруға шалдыққан балалардың алтауы – екпеден бас тартқандар. Екпеге жасы жетпегендердің саны – бес. Ал, 25 жағдай медициналық қарсы көрсеткіштері бар балалар болып тіркелді. Екпені уақытында қабылдамаған адамның індетке шалдығу ықтималдығы өте жоғары. Ал, қызылшаның өзі жылдам жұғатын ауру болып саналады. Сондықтан, екпе салынбаған балалар қандай да бір аурумен ауырса, оны жүрген ортасына жұқтырары анық. Бұл ретте әрбір ата-ана өз баласына екпе салдырудан бас тартпауы тиіс. Осы мәселеге әрқайсымыз бейжай қарамай, екпе жүргізу жұмысына бір кісідей атсалысу қажет. Әсіресе, балабақшалар мен мектептердегі жұмыстың жүйелі жүргізілуін қатаң қадағалау маңызды» деді облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Темірбек Мұсағалиев.

Департамент басшысының айтуынша, облыстық жұқпалы ауруханаға қызылшамен ауырып, жан сақтау бөліміне түскен баланың анасы екпе салдырмағанның салдарын түсініп, үйіндегі екі  бүлдіршініне де шұғыл түрде екпе алдырды. Бұл жағдайдың барлық ата-ана үшін сабақ болуы қажет екенін алға тартқан Темірбек Сарымұлы жиынға қатысқан барлық денсаулық сақтау ұйымының басшыларына мәселеге қатаң ден қоюды тапсырды.

Сонымен қатар, мамандар ауру белгілері және оның алдын алу жолдары туралы баяндады. «Қызылша ауа арқылы тез тарайды. Қоғамдық көлікте, дүкенде болсын, жалпы, ортада қызылшамен ауырған науқастан жұғуы мүмкін. Дерттің негізгі белгілері – дене қызуының 38-40°С-қа дейін жоғарлауы, құрғақ жөтел, мұрын бітуі, түшкіру, бастың ауырсынуы, денеде бөртпелердің пайда болуы. Мұндай жағдайда дереу дәрігерге қаралған жөн. «Жедел жердемшінің» бірі таңғы сағат бесте қызуы жоқ, қызылша диагнозына еш күдік жоқ баланы біздің ауруханаға алып келді. Мұндай жағдайда ақ халаттыларға бұлайша қателесуге болмайды. Өйткені, сау баланың инфекциялық ауруды ортадан тез жұқтыруы мүмкін. Қазір  эпидемиялық жағдай тұрақты болғанымен, бір жасқа толмаған сәбилерді мейлінше көпшілік орындарға шығармаған жөн» деді облыстық №2 аурухана директорының орынбасары Надя Атшығалиқызы.

 Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз