Басты бағыт – жұмыспен қамту
Елбасымыздың әлеуметтік мәселелерге көбірек көңіл бөліп, халықтың жағдайын жақсартып, олардың жұмыспен қамтылуын қадағалап отыратыны белгілі. Елімізде жұмыспен қамту бағытында түрлі заң қабылданып, бағдарламалар жүзеге асуда.
Осыған орай, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Асқар Жанахмет мырзамен әңгімелескен едік.
– Асқар Жанахметұлы, алдымен, аталған салаға байланысты облыс көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталсаңыз…
– Ел Президенті Н.Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам атты бағдарламалық мақаласында: «Менің назарымдағы басты мәселе – әр қазақстандыққа қамқорлық көрсету. Және бұл қажеттілік болып табылады, өйткені, әлеуметтік мәселелерді шешуге еліміздің барлық азаматтарының өмірі мен күн сайынғы өзін-өзі сезінулері тәуелді», — деген болатын. Расында да, Елбасымыздың осы мәселеге терең мән беретіні арқасында қыруар жұмыс атқарылып, жалпы еліміздегі, облыстардағы әлеуметтік мәселе түбегейлі өзгеріс үстінде. Айталық, тек біздің облыс бойынша, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің 2018 жылға арналған кешенді жоспары мен бейресми жұмыспен қамтылған халықты заңдастыру және жұмыспен қамту шараларына тарту жөніндегі «Жол картасы» жасақталып, бекітілді. Осы жоспар бойынша үстіміздегі жылы 28 288 адамды қамту жоспарланған.
Күні бүгін жоспарға сәйкес 19 395 адам қамтылып, бұл жұмыс 68,6 пайыз орындалып отыр. Жалпы облыс көлемінде жаңадан ашылатын жұмыс орындарына үнемі мониторинг жүргізіледі. Мәселен, биыл 27 613 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Есепті кезеңге облыс бойынша 17 658 жұмыс орны құрылды. Оның 9 204-і – тұрақты.
– Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының жүзеге асырылу жайы қалай?
– Үстіміздегі жылы аталған бағдарламамен 23 151 адамды қамту жоспарланды. Есепті кезеңде 12 469 адам қамтылды. Бағдарламаның бірінші бағыты – «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық, кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіби оқумен қамтамасыз ету» бойынша 1 555 адамды қамту жоспарланды. Оның ішінде кәсіби даярлауға 500 адамды оқыту және қысқа мерзімді курстарға 1 055 адамды оқыту көзделуде. Ал, қысқа мерзімді курсқа жіберілген 1 055 адамның 654-і оқуын аяқтап, 158-і жұмысқа орналасты. Облыстағы он кәсіптік колледжде 250 адам 11 мамандық бойынша кәсіптік оқуларын жалғастыруда. Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап тағы 250 адам оқуға жіберіледі.
Бағдарламаның екінші бағыты – «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бойынша 1 702 адамды қамту жоспарланып отыр. Оның ішінен 1 325 адамды «Бастау-Бизнес» жобасы негізінде кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, ал, 366 адамға шағын несие беру көзделді. Үстіміздегі жылдың 1 тамызына дейін осы аталған жоба бойынша 691 адам кәсіпкерлік негіздеріне жіберіліп, 506 адам оқуын аяқтады, олардың 48-іне несие берілді. Бұларға қоса, 72 адам өз ісін ашуға немесе кәсібін әрі қарай дамыту үшін несие алды.
– Бұл бағдарламаның үшінші бағыты бар ма?
– Иә, ол «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» деп аталады. Бұл бағыт бойынша 19 424 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Есепті кезеңде облыста 17 658 жұмыс орны құрылды. Тамызға дейін аталған бағытпен 10 766 адам қамтылды.
Халқымыз «Адал еңбек – баршаны жеңбек» деп өте орынды айтқан. Кім аянбай еңбек етсе, барлық игілік соныкі болады. Елбасымыздың жұмыссыздықты азайту, еңбек етуге қабілетті адамдарды жұмыспен қамту саясатының нәтижесінде облысымыздағы жұмыссыздық деңгейі қалыпты деуге болады. Статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, қазір ол 4,9 пайызды құрайды.
Жол картасы бойынша
– 1 308 адам – үкіметтік және мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жұмысқа,
– 11 238 адам – бос жұмыс орындарына,
– 455 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналасады,
– 993 адам – «Жастар практикасына»,
– 5 000 адам – қоғамдық жұмыстарға,
– 1 625 адам кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз етіледі,
– 1 282 адам «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқытылады,
– 102 адамға несие беріледі,
– 25 адамға өз ісін ашуға гранттар бөлінеді,
– 6 260 адам интернет-портал арқылы жұмыс іздеушілерге тікелей өз бетімен жұмысқа орналастырылатын болады.
Сұхбаттасқан:
Лиза СЕЙТІМОВА.