Атырауда «MediaLitFEST 2021» фестивалі өз мәресіне жетті

festival pro zhurnalistiku i ne tolko 1222222222 scaled 1 Жаңалықтар

Атырауда алғаш рет өткен «MediaLitFEST 2021» фестивалі өз мәресіне жетті. Медиа және ақпараттық сауаттылыққа арналған фестивальға медиажурналист немесе блогер болуға қызығушылығы бар жастар көптеп қатысты.

Фестиваль онлайн форматта өткенімен, оған жүзден аса адам қатысты. Олар қайталанбас шеберлік сыныптары мен сессиялар, түрлі ойындар мен байқаулар арқылы пиар мен троллинг, әлеуметтік желіге арналған заманауи медиаформатар және сторителлинг, фейк, яғни, жалған жаңалықтар мен басқа да ақпараттарды қалай анықтауға болатынын білді.

Әсіресе, «Скринлайф: (screen life) біздің өмір кинода қалай көрініс табады?» атты дәріс қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Аталған тақырыпты журналист, режиссер Қарлыға Хасен жан-жақты аша білді. Бір ерекшелігі, спикер мемлекеттік тілде сөйлегенімен, оны медиатренер Жаңылай Базарбай орыс тіліне аударып отырды. Бұл қазақ тілін енді үйреніп жатқандар үшін өте ығайлы болды.

Қарлыға Хасен атап өткендей, «скринлайф»  форматын ең алғаш рет біздің жерлесіміз Тимур Бекмамбетов қолданған екен. Бұл киноның ең бір қызықты жанры болып табылады. Картинадағы көріністің бәрі гаджет экранында көрсетіледі. Айталық, егер әдеттегі киноны түсіру үшін түсірілім орнын, декорация мен сахнаны құру қажет болса, «скринлайфта» компьютердің жұмыс үстелі түсірілім алаңы болып саналады. Ал, файлдар, папкалар мен суреттер декорация есебінде жүреді. Мұнда кейіпкердің кадрдағы қозғалысы ғана емес, оның курсор бағыты да маңызды. Өйткені, көрерменнің назары соған түседі. Ал, актер тек ролін ғана сомдап қоймай, оператор болуына да тура келеді. Оның артынан смартфон мен веб-камераны ұстап ешкім жүгіріп жүрмейді. Кадрдағы аддамар өз қиялын іске қосып, көрерменді сендіру үшін түрлі амалдар ойлап табады. Себебі, шынайылық – «скринлайфқа» қойылатын басты талап.

Сондай-ақ, Қарлыға заңнамаға қатысты да құнды мәліметтерімен бөлісті. Соның ішінде, әлеуметтік желіде өзін-өзі ұстаудың заңдық сипатын ашып берді. Жұрттың зор қызығушылығы мен қолдауын туғызған тағы бір дәріс, бұл – «Желіде ақпарат таратудың құқықтық жауапкершілігі». Оған өте көп адам қатысты деп айтуға болады. Оны Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің аға оқытушысы Нұрбақыт Дайрабаева жүргізді.  

Расымен де, қазір ақпараттардың үлкен үлесі осы әлеуметтік желіде жарияланып жатыр. Сондықтан, желіге жаңалық жүктейтін, пікір қалдыратын, болмаса, жай ғана «лүпіл» басатын қолданушылар үшін бұл дәрістің де маңызы зор.

festival pro zhurnalistiku i ne tolko 2444 388x768 1

Айта кетейік, фестивальді ұйымдастырушы – Қазақстан Республикасының Психология, бизнес және медиа қауымдастығы.

  • – Қазіргі қоғамдағы медиасауаттылықты арттыру қажеттілігі бар екендігін ескерсек, бұл жоба өзекті екендігі рас. Медиасауаттылықтың жоқтығы ақпаратты тұтыну барысында ақпараттық теңгерімсіздікті тудырады: сананы улау, қауесеттерге сендіру, жалған ақпарат тарату, адамдардың фактіге сүйенген деректер мен ақпарат көзін таба алмауы және тағы басқа.
  • Карантин жағдайында көптеген адам интернет ресурсы арқылы білім жинап, ақпарат алуға дағдыланды. Алайда, интернетте контент жасау мен оны орналастырудың жаппай қолжетімділігі оның сапасы мен шынайлығына кепілдік бермейді. Сондықтан ақпарат ағындарын басқару, оған бейімделу және өзіне қажетсіз ақпараттардан аулақ болу білігі сынды медиасауаттылық мәселелері – бүгінгі қоғамның алдында тұрған маңызды қажеттіліктердің бірі, – деген ойымен бөлісті жоғарыда аталған университеттің журналистика кафедрасының меңгерушісі Мəншүк Мұқашева.

Атырауда осыған дейін өтіп көрмеген шараны ұйымдастырушылардың бірі Татьяна Голубцова мұндай мол мүмкіндікті жіберіп алмау қажеттігін алға тартады.

  • – Әр қаланың өз құпиясы мен ерекшелігі бар, – дейді ол. – Менің бір байқағаным, Атырау өте музыкалық және шығармашылық қала. Бұл фестивальдің «медиа» деп аталуы да тегін емес. Оның өзгелерден ерекшелігі сол, мұнда дыбыс, бейне, қозғалыстағы сурет, өнердің сан алуан қыры қамтылған. Журналистика мен әлеуметтік желілер де медиакеңістіктің бір бөлшегі болып табылады. Медиажурналистика байырғы журналистика негіздерін өнер элементтерімен байланыстыра түседі. Яғни, бұл шарада журналист болғысы келетін жандар ән, әуен, кино арқылы да шабыт алады, қанаттанады. Бұл жоба орталықтандырылған «MediaCAMP» бағдарламасы шеңберінде жасалған. Оны Халықаралық даму бойынша АҚШ агенттігінің (USAID) демеушілігімен «Internews» жүйелі жүзеге асырып келеді. 
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз