Басты мақсат – халықтың көңілінен шығу

Өткен сенбіде Астанада Жер реформасы бойынша республикалық комиссияның үшінші отырысы өтті. Әдеттегідей, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, Жер реформасы бойынша республикалық комиссияның төрағасы Бақытжан Сағынтаев басшылық еткен жиында «Жерді шетелдіктерге жалға беру керек пе, жоқ па?» деген сұрақ кең ауқымда талқыға түсті.

Отырысты ашқан Бақытжан Сағынтаев бірінші кезекте басқосуға комиссия құрамының 62 мүшесі қатысып отырғанын, қалғандары белгілі себептермен келе алмағанын атап өтті. Бұдан кейін комиссия төрағасы келісім бойынша күн тәртібіне шығарылған «Жерді шетелдіктерге жалға беру керек пе, жоқ па?» деген мәселемен қатар, заңды тұлғалардағы шетелдік компаниялардың үлесіне байланысты тақырыпты да талқылауға шақырды. Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған комиссия жер төңірегіндегі барлық мәселелерді егжей-тегжейлі қарайтынын жеткізді.

«Біз осымен үшінші рет комиссиямыздың алқалы отырысына жиналып отырмыз. Қоғам тарапынан бізге келіп түскен ұсыныс-пікірлер өте көп болды. Бұл біздің жұмысымызға халықтың сергек қарап отырғанын білдірсе керек. Дегенмен, жұртшылық арасында комиссия жұмысына күмән келтірушілер де жоқ емес. Тіпті, олар жұмысын енді бастаған комиссия жөнінде түрлі қауесеттер таратуда. Менің пікірімше, бұл – арандатушылық. Осы арада айта кетейін, егер қоғамымыздың кез келген азаматы өзінің ұсыныс-пікірін білдірем десе, оған тосқауыл жоқ. Бұл үшін республикамыздың барлық өңірлерінде мүмкіндіктер бар. Азаматтарымыздың әрбір пікірі назардан тыс қалмайды. Елбасының тапсырмасы бойынша бұл комиссия құрылды. Біздің 6 ай уақытымыз бар, осы мерзімде келіп түскен ұсыныстарды бір жүйеге келтіре отырып, Парламентке ұсыныс жасауымыз керек. Сондықтан, ағайынға айтарым, комиссияға өз ұсыныстарыңызды жеткізіңіздер», деді Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен қатар, комиссия төрағасы аймақтарда да аталған мәселеге қатысты қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлім етті. Оның айтуынша, арнайы құрылған штабтың бірнеше отырыстары өткен, сондай-ақ, жергілікті жерлердегі қоғамдық кеңестің мүшелерімен тығыз байланыс орнатылған.

«Осы аптаның басында Астанада облыс әкімдерінің орынбасарларымен кездесу ұйымдастырылды. Бұған қоса, сall-орталықтың, штабтың, хатшылықтың жұмысын қалай жүргізу керектігі жөнінде ұсыныстарды қарастырдық. Бүгінде аймақтарда да қарқынды жұмыстар басталып кетті», деді комиссия төрағасы.

Одан әрі Б.Сағынтаев бұған дейін құрылған жұмыс топтарының жетекшілеріне сөз кезегін ұсынды. «Өткен жолы кеңесе отырып, 4 жұмыс тобын құрдық, оның жетекшілерін бекіттік. Бұл азаматтар бір аптаның көлемінде өздеріңізбен және Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы штабпен бірлесе отырып жұмыс жүргізді. Осыған байланысты аталған жұмыс топтары жетекшілерінің мәліметтерін тыңдайық», деді ол.

Комиссиядағы Экономика бойынша жұмыс тобының жетекшісі ретінде сөз алған Ақылбек Күрішбаев өз кезегінде аталған топтың негізгі қарастырған мәселелеріне тоқталды.

«Жер реформасы жөніндегі комиссияның Экономикалық мәселелер бойынша жұмыс тобына 28 мүше кіреді, бұл жалпы комиссия құрамының 40 пайызы. Аталған топтың отырысына аграрлық сала мамандары, ғалымдар, Парламент депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты. Жұмыс тобының отырысында Жер кодексіне өзгертулер енгізу бойынша комиссия мүшелері жолдаған үш ұсыныс қарастырылды. Оның біріншісі – жерді мүлдем ешкімге сатпау және жалға да бермеу. Екіншісі – тиісті шарттарды күшейте отырып, жерді жалға беру және қазақстандық азаматтарға сату, сондай-ақ, өз азаматтарымыздың жалға алған жерін міндетті түрде сатып алу керектігі және жалға алған мерзімі өткеннен кейін мемлекетке қайтару мәселесі. Үшінші мәселе – жерді жалға да беру, сатып алуға да рұқсат беру. Бұл жаңадан енгізілген норма емес, ол 2003 жылғы заңның нұсқасында болған. Соны қайта енгізу керек. Біздің топтың мамандары осы үшінші мәселеге көбірек назар аударып, осы ұсыныстың артықшылықтарына көбірек ден қойды. Барлықтарыңыз түсінесіздер, біз қазір нақты ұсыныс бере алмаймыз, бұл сұрақтарды әлі де өңірлерде халықпен кездескенде жан-жақты талқылаймыз. Біріншіден, бұл әдіс әлемдік тәжірибеге сәйкес келеді. Бүгінде барлық дамыған елдерде жерді жекеменшікке беру тәжірибесі қалыптасқан, тек қана Англияның өз ерекшілігі бар. Бірақ, бұл жерде біз Еуропа, Америка емеспіз. Сондықтан, бұл мәселе бойынша біз тек эволюциялық жолмен жүруіміз керек», деді А. Күрішбаев.

Сондай-ақ, Экономикалық мәселелер бойынша жұмыс тобының жетекшісі қазіргі таңда жер пайдаланушылардың 99 пайызы жалға алып отырғанын айта келіп, жерді меншікке берумен қатар, жалға ұсыну институтының да қажеттігін сөз етті.

«Егер де біз жерді меншікке берумен қатар, жалға беру институтын жалғастырсақ, жалға алушының сол жерде алаңсыз жұмыс істеуіне барлық мүмкіндіктер болады. Олар жерді жалға алады, ертең 49 жылы аяқталған соң, әрі қарай жалғастыратын мүмкіншілігі болады. Яғни, жалға алушыны ешкім де жерді сатып ал деп мәжбүрлемейді. Бұл ереже елімізде жерді қайта бөлуді туындатпайды, сонымен қатар, жерді жекеменшікке сатып алуға мүмкіндігі жоқ азаматтарға тиімді. Бұл әлеуметтік әділеттіліктің сақталуын қамтамасыз етеді. Бұл нұсқа бойынша ауыл шаруашылығына арналған жерлердің басым көпшілігі жалға беріліп, мемлекеттің меншігінде қалады деген ойдамыз. Мұның себебі, қарапайым әрі түсінікті», деді спикер.

Бұған қоса, А.Күрішбаев жұмыс тобы мүшелеріның «Жерге тауар деп қарауға болмайды, оны өндіріс құралы ретіне қарастыру қажет», деген мазмұндағы пікірін жеткізе отырып, ауылшаруашылық жерлеріне қатысты бірқатар ұсыныстарды алға тартты.

«Ауылдағы ағайын жер сатылатын болса, қаладан қалталы азаматтар келеді да, пайдаланып отырған жерімізді алып қояды деп қауіптенеді. Сондықтан, жерді қалада тұратын адам емес, сол жердің басында тұратын, жерді жалға алып жұмыс істеп отырған Қазақстан азаматы алуы керек. Міне, жұмыс тобының мүшелері осы мәселеге көп көңіл бөлуде. Егер жерді сол жалға алып отырғандарға ғана беретін болсақ, онда аукцион арқылы сату деген мәселені тоқтатамыз. Жер аукционнан сатылмайтын болады. Сол тұрғыдан қарағанда, бұл өте тиімді», деді А.Күрішбаев.

Сонымен бірге, спикер жерді 49 жылға жалға беру мәселесіне қатысты ойын нығарлай түсті. «Мәселен, жерді 49 жылға жалға алуға мүмкіндік берілсе, ол мерзімі біткеннен кейін тағы жалға алу мерзімін ұзартуға мүмкіндік болса, онда ол жерді азаматтарымыз миллиондаған қаржы салып сатып алып, шығындалмайды. Одан да сол ақшасын өндірісін дамытуға, жаңа техника мен технология енгізуге жұмсар еді», деді ол.

Сондай-ақ, ол ірі латифундистердің, жер олигархтарының пайда болуына тосқауыл қоятын тетіктерді қарастыру қажеттігіне екпін берді. «Бір қолға берілетін жерлерде тиісті шектеу болуы қажет, нәтижесінде жердің көп мөлшерінің бір адамның қолына жинақталуын болдырмайтын тетік іске қосылады. Бұл тұрғыда ірі латифундистердің, жер олигархтарының пайда болуына жол берілмейді», деді А.Күрішбаев.

Бұдан бөлек, ғалым елді мекендердің қажеттілігі мен болашақта даму жолдарын қарастыра отырып, әрбір елді мекенде жайылымдардың керекті көлемін анықтап, бекітуді ұсынды. Оның сөзіне қарағанда, жайылымдарды жалға беруге де, сатуға да тыйым салу керек. Жайылымдар тек мемлекеттің құзырында қалуы тиіс. Сонымен қатар, ол ауылшаруашылық жерлерін төлқұжатпен қамтамасыз ету қажеттігін, әлемдік тәжірибені ескере отырып, жерді бағалау жүйесін жаңарту маңызды екенін, ауылшаруашылық жерлеріне толықтай тексеру жүргізу мәселесін күн тәртібіне шығару керектігіне тоқталды.

Бұған қоса ол жеке қосалқы шаруашылықтардың мәртебесін, міндеттерін анықтау қажеттігіне назар аударды. «Заңнаманы күшейтетін және жеке қосалқы шаруашылықтарға қажетті деңгейде көңіл бөлудің уақыты келді. Біздің ойымызша, жеке қосалқы шаруашылықтардың мәртебесін, міндеттерін анықтауымыз керек. Соған байланысты экономикалық іс-шаралар жүйесі қажет. Егер олар болмаса, ауылшаруашылық кооперациясының нағыз қозғаушы күші кім болады?! Бұл тұрғыда қосалқы шаруашылықтардың рөлі маңызды», деді жұмыс тобының басшысы.

Өз сөзін Ақылбек Күрішбаев «Жер мемлекеттікі. Жерді дұрыс игеру ауылды дамытумен тығыз байланысты. Сондықтан да, бұған дұрыс қарау керек. Ауыл шаруашылығы саласы еліміздің темірқазығы», деп түйіндеді.

Мұхтар Тайжан Құқық бойынша жұмыс тобының мүшелері әлі бір келісімге келе қоймағанын айта келіп, комиссия мүшелерінің шұғыл түрде өңірлерді аралап, халықтың пікірін білуінің маңыздылығына мән берді.

«Бiздiң жұмыс тобымыздың 14 мүшесi бар, жиынымызға 9 адам қатысты. Шынын айту керек, бiр ортақ пiкiрге келген емеспiз. Кейбiреулер қазақстандық шаруаларға жердi жекеменшiкке беруге болады және беру керек дейді. Шаруалар инвестиция салды, бiрнеше жыл жердi өңдеп жатыр. 13 жылдың iшiнде 0,6 пайыз ғана сатылды. Сатып алудың орнына жалға алу тиiмдiрек болды. Біз қазақстандықтардың жалға алу құқығын қолдаймыз. Жерімізді шетелдіктер сатып алуы мүмкін деген қаупін білдіргендер де бар», деді М.Тайжан.

Бұған қоса, ол бірқатар мәселелерге өзінің алаңдаушылығын білдірді. «Елімізде не болып жатқанын көріп отырмыз. Мамырдың 21-і күні Әнұранды айтқан қарындастарымызды полиция алып кетті. Ол қалай? Мен осы мәселені тағы да көтеріп отырмын. Біз тиісті органдарға үндеу жасауымыз қажет. Біз Андрей Кравченкомен (Жер реформасы бойынша комиссияның мүшесі, Бас прокурордың орынбасары – авт.) осы аптада кездестік. Кездесу жақсы өтті. Бір-бірімізді түсіндік. Сосын мен осында отырған Артур Платоновқа (Парламент Мәжілісінің депутаты – авт.) айтайын деп едім, Артур, митингіге шыққан азаматтардың шамына тие беруді тоқтат. Олар біздің азаматтарымыз. Олар тәртіп бұзған жоқ, өздерінің пікірлерін айтуға құқы бар. Мен осыны өтінемін, өйткені, бұл біздің жұмысымыз үшін аса қажет. Ал, бүйте берсек, комиссияның жұмысы тоқтап қалуы да мүмкін. Бәлкім біреулер соған мүдделі шығар. Арнайы пікірлер жазып, ұлтаралық кикілжіңдер туғызғысы келетіндер бар секілді. Тиісті орындарға үндеу жасайық», деді М.Тайжан.

Сонымен қатар, «Осы бұқаралық ақпарат құралдарында Ақмола және Алматы облыстарының әкімдері Кулагин мен Баталовтар қытайлықтармен бір келісімшартқа қол қойды деп жатыр. Осы мораторий болғанда ондай келісім-шартқа қол қойған жөн емес деп ойлаймын. Егер ондай келісім-шарт бар болса, онда бізге ашық ақпарат беруі тиіс. Мен ресми түрде сұрайын деп едім. Ол қандай келісім-шарт? Не жайлы? Жер жалға беріліп жатыр ма? Бұл тек менің сұрағым ғана емес», деді М.Тайжан.

Осы арада комиссия төрағасы Бақытжан Сағынтаев бұл сауалдарға өңірлерге шыққан кезде жауап алынатынын жеткізді.

«Енді, біз өңірлерге шығамыз деп жатырмыз. Ақмола, Алматы облыстарына да барамыз. Сол кезде әкімдер ашығын айтсын. Қол қойды ма? Жерді сатты ма? Жалға берді ме? Сол жерде комиссия мүшелері алдында ашық айтсын. Сол кезде бұқаралық ақпарат құралдары да қатысып отырады. Сол жерде жауабын берсін», деді Б.Сағынтаев.

Ақпараттандыру бойынша жұмыс тобының жетекшісі Мұрат Әбенов өзі жетекшілік ететін топтың бір аптадағы атқарған жұмысына тоқталды.

«Біздің топ біраз кездесулер ұйымдастырды және өз тобымыздың екі отырысын өткіздік. Жалпы, комиссияның құрылуы қоғамдық пікірмен тікелей байланысты екенін ескеруіміз керек. Айтылып жатқан мәселелер қоғамда қалай қабылданып жатыр, комиссияның жұмысына халықтың көзқарасы қандай, кері байланыс мәселесі және жұртшылықтың өз пікірін комиссияға жеткізуі қай деңгейде деген сұрақтар маңызды.

Біздің анықтағанымыздай, қоғамда тек екі мәселе, яғни жерді шетелдіктерге жалға беру, өз азаматтарымызға сату көп айтылуда. Бұған қосымша, жер реформасына қатысты басқа да мәселелер, дәлірегі, жерді дұрыс пайдалану жөнінде де талқылаулар болуда. Қарапайым халықтың жерді алудағы қолжетімділік жағдайлары да қозғалуда.

Әзірше қоғамға дұрыс ақпарат жетпей жатыр деп мәлімдей аламыз. Біздің топтың отырысында бірінші кезекте елге барып, мәселені халықпен бірге талқылау қажеттігі айтылды. Ауылға дейін барып, жұртшылықпен кездесіп, сол жерде негізгі сұрақтарды күн тәртібіне шығаруымыз керек», деді М.Әбенов.

Одан әрі жұмыс тобының жетекшісі бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндігін тең жағдайда пайдаланудың да ортақ шешімге келуге жол ашатынын жеткізді.

«Біздің жұмыс тобымызда БАҚ-та жер реформасына қатысты сыни көзқарастардың да айтылуына мүмкіндік берілу керектігі атап өтілді. Нақтылай айтқанда, комиссия мүшелеріне БАҚ-тар арқылы ұсыныс-пікірін айтуға тең мүмкіншіліктер беруіміз керек. Сондай-ақ, жер реформасына байланысты қалалықтардың да айтар пікірлері бар екенін ескеруіміз керек-ақ», деді ол.

Мұрат Әбенов елімізде тұрғын үй салу үшін 1 миллионнан астам азамат жер алу кезегінде тұрғандығын айтып, осы мәселенің шешілуіне көмектесу керектігін де сөз етті.

«Қолда бар мәліметтерге сүйене сөйлесек, елімізде үй салу үшін 10 соттық жер алу кезегінде 1 миллионнан астам азамат кезекте тұр екен. Оның үстіне соңғы кездері қоғам арасында бұл мәселе жер-жерлерде қызу талқылануда. Жаңа Бақытжан Сағынтаев мырза Жер реформасы бойынша комиссиясының ел ішіндегі абырой-беделі мен бұқараның сенімі жөнінде өте орынды пікір айтты. Соған қосымша, айтқым келетіні, егер жоғарыда аталған кезекте тұрған 1 миллионнан астам азаматтың мәселесін оңтайлы шешіп, реттеп беруге атсалысатын болсақ, комиссияға деген сенімділік те нығая түсетіні сөзсіз», деді М.Әбенов. Оның айтуынша, жер телімін алуға кезекте тұрғандарға дұрыс жауап берілмей жатыр. Заң бойынша әр азамат 10 соттық жер алуға құқылы.

«Пәтері болса да, болмаса да әрбір азамат жер телімін алуы тиіс. Мұның шешілу жолдарын іздестіру керек. Мемлекеттік орындар сол жерді дайындап беруге міндетті. Жер беруге мораторий жарияланған. Бұл азаматтардың наразылығын тудырады. Ауылшаруашылық жерлерінің мәселелеріне қоса 1 миллионнан астам адамның жер телімін алуға байланысты талаптарын қарауымыз керек», деді ол.

Бұған қоса, М.Әбенов жұмыс тобының мүшесі Нұрлан Ерімбетовтің тарапынан айтылған аграрлық салада қызмет ететіндердің құрылтайын өткізсек деген ұсынысты жеткізді. Сондай-ақ, ол азаматтармен кездесу кестесін жасау керектігіне, барлық тараптардан түскен ұсыныстарды, БАҚ-тардағы, әлеуметтік желілердегі пікірлерді жинақтау қажеттігіне назар аударды.

Сонымен бірге, спикер аймақтарға барардан бұрын мәселеге қатысты ақпараттарды жүйелеу керектігіне мән берді.

«Бiздiң ұсынысымыз, комиссия мүшелерi өңiрлерге барып, халықты тыңдаудан бұрын нақты сұрақтарды жинақтап, дайындауы керек. Қазiр дұрыс шешiм қабылдау үшiн тек азаматтар ғана емес, комиссия мүшелерiнiң өзiнде де, өкiнiшке қарай, толық ақпарат жоқ. Өткен жылы бұл Жер кодексi Парламентке барды. Парламентке барардың алдында арнайы зерттеу институттары, ғалымдар зерттеулерін, ұсыныстарын бердi. Солардың мағлұматтарына сүйену керек. Сонда жер реформасы жүргізілген жағдайда қанша жұмыс орны ашылады, қанша инвестиция келедi, қандай жерлердiң түрлерi бар, кiм оны иеленiп отыр дегендей мәселелерге қатысты айтар нақты ақпаратымыз болғаны жөн. Менiң ойымша, комиссия мүшелерiне ақпараттың барлығы берiлуi керек», дедi М.Әбенов.

Сөзінің соңында ол «Әзірге біз нақты шешім шығармайық. Мен де әріптестерімнің пікіріне қосыламын. Елге барып, халықпен кездесейік. Оларды ақпараттандырайық. Жиындар өткізіп, олардың пікірлерін тыңдайық», деді.

Дос Көшім бірінші кезекте өзі жетекшілік ететін жұмыс тобының атауын нақтылап алуға назар аударды. Оның сөзіне қарағанда, бұған дейін «Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету үдерісі бойынша ұйымдастырушылық топ» деп аталған жұмыс тобы енді «Ауылшаруашылық жерлерін жекеменшікке сатуды, не жалға беруді жүзеге асырудағы жауапты мемлекеттік органдардың іс-әрекетін, заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету бағытындағы ұсыныстарды жинақтау тобы» болып аталатын болды. Сондай-ақ, ол топтың жұмысына қатысты қысқаша айтып өтті.

«Бiздiң тобымыз бейсенбi күнi өз отырысын өткізді. Өкiнiшке қарай, жиынымызға бес адам ғана қатысты. Өйткені, бiздiң топтағы азаматтардың көбi Алматыда тұрады. Сондықтан, бiз екi мәселенi – ережелердi жақсарту және қазақстандықтарға жер сату немесе сатпау мәселесiн қарастырдық. Бізге Ауыл шаруашылығы министрлігі жерді бөлудегі ережелерді тапсырды. Тобымыздың отырысында екі ұсыныс болды. Оның бірі – жерді қазақстандықтарға, яғни ешкiмге сатпау керектігі. Екiншiсі – нақты шарттар қойыла отырып, қазақстандықтарға жерді сату қажеттігі.

Қазіргі таңда халықтың арасында осы күнге дейін «Қазақстанның жерінің бәрін сатып алған бес адам бар, он адам бар», деген ақпарат жүр. Біреулердің аты, енді біреулердің тегі аталады. Ақпарат нақты емес. Менің ойымша, бұндай мәліметтер ашық жариялануы тиіс. Соңғы мәліметтер бойынша жер кімнің қолында екенін халық білсін. Кім қанша жер сатып алды, ол кім? Егер бұл мемлекеттік құпия болмаса, халық оны білуі керек», деді Д.Көшім. Оның айтуынша, жұмыс топтары аймақтарға барып, халықпен тілдесіп, ауылдарда, аудандарда жерді бөлу үдерісінің қалай өтетінін көру керек.

Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов еліміздегі ауылшаруашылық жерлеріне талдау жасалғанын, жердің құнарлылығын сақтау, мал шаруашылығы жерлеріндегі жайылымдық және шабындық жерлерді қамтамасыз ету, кейбір жекеге өтіп, игерілмеген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару секілді жұмыстардың атқарылып жатқанын атап өтті.

«Қазіргі таңда пайдаланылып жатқан ауылшаруашылық жерлерiнiң бар болғаны 1 пайызы жекеменшiкте болса, қалғаны жалға берiлген. 57 млн. 512 мың гектар жер шаруа қожалықтарының еншiсiнде, 40 млн. 239 мың гектар жерді мемлекеттiк емес кәсiпорындар алып отыр. Жиырма жылға дейiнгi мерзiмге жалға берiлген жер небәрі 10 пайыз. Ал, 25 жылдан 49 жылға дейiн жалға берiлген жерлер 90 пайыз немесе 236 мың 771 жер учаскесi. Шетелдiктер және олармен бiрлескен кәсiпорындарға берiлген жер көлемi алғашқы кезде 65 мың гектар болған, ал ендi бүгiнгi таңда бұл жер көлемi одан да азайып отыр. Бұл жердiң 45 мың гектары заңды тұлғалардың, 2,4 мың гектары жеке тұлғалардың еншiсiнде. Бұл 45 мың гектардың 32,6 мың гектары қайтарылды. Одан бөлек, 12,3 мың гектар кезiнде Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктері, Ливан мемлекеттерiнiң өкiлдiктерiмен бiрге құрылған кәсiпорындардың еншiсiне берілген жерлердi де сот қарап жатыр. Яғни, бұл жерлердi де қайтару жұмыстары жүргізілуде», деді А.Мырзахметов.

А.Мырзахметов жекеге жер алғандарға қойылатын талаптың қатаң екенін атап көрсетті.

«Ауылшаруашылық субъектiлерiнiң орташа жер көлемi әрбiрiнiң мәртебесiне қатысты. Сондай-ақ, жерді жекеге алғандарға қойылатын шарттар да аз емес.

Бүгінде шаруалар мен фермерлiк қожалықтар жалға алған жердiң орташа көлемi 269 гектар. Серiктестер және акционерлiк қоғамдардағы жердiң көлемi 5 мың 171 гектар. Кооперативтерде 1 мың 674 гектар, басқа мемлекеттiк емес ұйымдарда – 420, ал мемлекеттiк ауылшаруашылық ұйымдарына 2 мың 477 гектар жер тиесілі. Ал, жер меншікке берілген жағдайда қойылатын талаптар да қатаң. Осы заңда жалға алған кезде оларға қандай талаптар қойылады, мемлекеттiк бақылау қалай жүргiзiледi деген сұрақтар бар. Жер кодексiне сәйкес және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердi ұтымды пайдалану қағидаларына сәйкес бiрнеше мiндет айқындалған. Жердi оны нысаналы мақсатына сәйкес пайдалануды қадағалау, жүзеге асырылатын шаруашылық халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға зиян келтiруiне, санитарлық-эпидемиологиялық, экологиялық жағдайдың нашарлауына, топырақтың ластануына, тозуына, қоқыстануына, оның құнарлылығының төмендеуiне жол бермеу, жердiң құнарлылығын сақтауды және арттыруды бақылау, негiзгi ауылшаруашылық дақылдарының белгiлi бiр деңгейiн сақтау және арттыру, мал шаруашылығы өнiмдерiн өндiру кезiнде жайылымда оңтайлы жүктеменi қамтамасыз ету – осы мiндеттер заңдарда қаралған», деді министр.

Оразалы Сәбден өз кезегінде жерді шетелдіктерге жалға бермей, қазақстандықтарға сатпай, заңнамаларды, мемлекеттік тетіктерді тиімді пайдалану арқылы жер реформасын жүргізу қажеттігіне назар аударды.

«Жерді қазақстандықтарға сату және шетелдіктерге жалға беру жөніндегі баптарды алып тастау керек. Біз кетеміз, жер қалады. Сондықтан, жерді ұрпаққа ұқыптап қалдыруымыз қажет»,  деді О.Сәбден.

Мұхтар Шаханов өз кезегінде жер бөлу ісінде аралас некедегі адамдардан келетін қауіп бар екенін ескертіп өтті.

«Бұл үрдіс үлкен деңгейде жалғасып жатыр. Сондықтан, аралас некедегі адамдардан келетін қауіпті жер туралы заңға енгізуіміз керек», деді М.Шаханов.

Сенат депутаты Қуаныш Айтаханов өз сөзінде жер реформасының мәселелері тек жерді сату және жалға беру арқылы шешіле салмайтынын айта келіп, бұл түйткілдің ауыл шаруашылығына тікелей қатысты екеніне тоқталды. Осы орайда сенатор Қазақстанда ауыл шаруашылығындағы инвестиция басқа салаларға қарағанда, төмен екенін, ауыл шаруашылығын тиісті деңгейде дамыту үшін мемлекеттік бағдарлама құру керектігін, ал бұл бағдарламада ауылшаруашылық техникасын шығарудан бастап, оның өнімдерін өңдеп, дамыту, экспорттау мәселесін қарастыру қажеттігін айтты.

«Түсініксіз жайттар көп әрине. Басты сала ауыл шаруашылығы деп бәріміз айтамыз, ал инвестиция салынып жатқан жоқ тиісті деңгейде. Бұл саладағы инвестицияның көлемі басқа салаларға қарағанда төмен. Әрине, жеңіл көлік пен локомотив шығару кәсіпорындары керек-ақ шығар. Ал, ауыл шаруашылығы саласын дамыту одан да маңызды ғой. Біз қашан осы салаға инвестиция салуды дұрыстап қолға аламыз? Осы комиссияның құзыреттілігін пайдалана отырып, жерді жалға беруді егжей-тегжейлі нақтылай көрсетіп, агроөнеркәсіптік мемлекеттік бағдарламаның жобасын ұсынсақ жөн болатын секілді.

Менің ойымша, жаңа технологияларды әкелетін, жергілікті тұрғындарды жұмысқа тартатын инвесторлар ғана болса, жерді соларға 10 жыл мерзімге беру керек. Ал, енді қай жерлерді беру керек дегенге келсек, ол жерге шекаралық аудандардан ешқандай да жер берілмейді деп нақты көрсетілгені мақұл. Сонымен қатар, шетелдік компаниялар мен бірлескен кәсіпорындарда акциялардың үлес салмағында жергілікті азаматтардың үлесі басым болғаны дұрыс», деді Қ.Айтаханов.

Оның сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығын өркендету үшін «Жайылым туралы», «Қосалқы шаруашылықты дамыту туралы» заңдарды қабылдамай жер реформасын толықтай шешу еш мүмкін емес.

Сондай-ақ, «2005 жылы жеке үй құрылысы үшін жер теліміне кезекке тұрған 95 мың адам болған. Ал, он жыл ішінде олардың саны 1 млн. 400 мыңға дейін артқан. Осының бәрі жерді жекеменшікке бермеудің салдары. Инфрақұрылым жоқ дейміз, ал оған неге қаражат бөлінбейді», деді Қ. Айтаханов.

Мәжіліс депутаты Жексенбай Дүйсебаев 188 млн. гектар жайылымы бар Қазақстанда мал өрісі тарылып кеткеніне назар аударды.

«Қазір елді мекендерде мал бағатын жер қалмады деген сөз жиі айтылып жүр. Бұл мәселенің туындауының да орны бар. Өйткені, елімізде «Жайылымдар туралы» заң жоқ. Егер осындай заң болса қазір көтеріліп жатқан мәселелер қызу талқыланбас еді», деді Ж.Дүйсебаев. Оның сөзіне қарағанда, осы олқылықтың орнын толтыру үшін арнайы заң жобасы қаралып жатыр. Депутат осы орайда комиссия мүшелерінен ұсыныстар күтетінін жеткізді.

«Аталған заң жобасында ауылдың төңірегіндегі және шалғайдағы жайылымдарды реттеу қарастырылған. Сонымен бірге, жоспарлау жүйесі де жолға қойылып отыр. Мәселен, ауылдың іргесіне қанша мал бағылуы керек? Елді мекендерде қанша мал ұсталып, қаншасы жайлауға шығарылуы керек? Міне, осының бәрін заңда қамтығымыз келеді. Бұл оңай шаруа емес. Дегенмен, осы заңды қабылдасақ, жайылымдық жерлер туралы көптеген түйткілді мәселелер шешіледі деп ойлаймын», деді Ж.Дүйсебаев.

Бұдан бөлек, депутат жерді тиімді пайдаланудың тетігі ретінде оған жекеменшіктің енгізілуі керектігіне де назар аудартты. «Жер халықтың игілігіне толыққанды айналуы үшін тиісті шаралар қабылдануы қажет. Өкінішке қарай, ауыл шаруашылығы саласындағы жерлерді тиімді пайдалана алмай келеміз. Қазақстанда 100 миллионнан астам гектар жер қолданыссыз қалып, айналымға енбей отыр. Неге? Өйткені, қомақты қаражат жоқ. Қаражат болмаған соң жаңа технология да келмейді, еңбек өнімділігі де артпайды, өнім де шықпайды. Сондықтан да, ондай технологияны сырттан алмасақ, қайдан аламыз? Бұл ойланатын мәселе», деді комиссия мүшесі. Бұдан бөлек, ол қолында озық технологиясы, қаржысы бар шетелдіктердің әлеуетін орынды пайдалану керекті-гін, бірақ олар барынша қазақстандық мамандарды, жұмысшыларды тартуы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ, депутат шетелдіктердің талабына орай мамандарымыздың біліктілігі жетіспей жатса, онда әлгі инвесторлар қазақстандық азаматтарды оқытып, дайындауы керек деп есептейтінін жеткізді.

Жалпы, отырыста 35 адам сөз сөйледі. Олардың барлығы елдік мүддеге қатысты өз пікірлерін жеткізе білді. Олардың айтқан ұсыныстары, пікірлері комиссия тарапынан ескерілетінін айта кетуіміз керек.

Жиын қорытындысында комиссия мүшелері келесі жиынды аймақта өткізуге уағдаласты.

Отырыс соңында комиссия төрағасы, Премьер-Министрдiң бiрiншi орынбасары Бақытжан Сағынтаев өз ойын білдірді. «Бір қуанарлығы, бүгiн сөз алған азаматтардың барлығының айтқаны – елдiң бiрлiгi, тұтастығы, татулығы. Осыны ешқашан естен шығармайық. Бүгін біз жерді жалға беру турасында әңгіме қозғадық. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту жайын талдадық. Бәріңіз түрлі пікірлер айттыңыздар. Мен де өңірлерге барып, халықпен кездесуді құптаймын. Енді біз өңірлерге алғашқы сапарымыздың күнін, баратын азаматтардың санын белгілейміз. Халықтың алдына шығып, олардың пікірін тыңдаймыз», деді комиссия төрағасы. Оның айтуынша, комиссияның келесі отырысы алдағы 4 маусымда Ақмола облысында өтеді.

 

(«Егемен Қазақстан», 31 мамыр 2016 жыл.)

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз