// Бас редактор бағанасы: БИІК сана, ҚАЙСАР рух
Atr.kz/18 тамыз, 2020 жыл. Бұл жолғы ой-толғауымызға эпиграф етіп алып отырған бұл сипаттама қазіргідей әлемді жайлаған пандемия кезінде өзінің шынайы көрінісін паш еткенін көзіміз көріп отыр. Өйткені, «мың өліп, мың тірілген» (Жұбан Молдағалиев) қазаққа мына індет оңай тимеді. Елді әбігерге салып, жұртқа қайғы-қасірет арқалатқан осы дүрбелеңде өздерінің жанкешті еңбегімен коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлер шын мәнінде батырлар ғой. Олардың бірқатары өзгенің өмірі үшін өз өмірін құрбан етті.
… Шілде айының он алтыншы жұлдызында сондай қолы шипалы, білігі жоғары, тәжірибесі мол дәрігерлердің бірі Шолпан Исағалиқызы Валиахметова өмірден озды. Күш-қайраты жалындап тұрған, өмірден әлі де күткен қызығы көп бұл жан менің құдағайым еді. Сондықтан да, оның қандай мейірбан дәрігер болғаны, өз мамандығына айрықша адалдығы маған етене таныс болатын. Ол соңғы уақытта Атырау қаласындағы №2 емханада дәрігер-профпатолог болып қызмет атқара жүріп, атың өшкір індетті жұқтырып алған еді.
1961 жылы Мақат ауданының Ескене мұнайшылар кентінде дүниеге келген Шолпан өңірімізге танымал Нұрлығожиевтер әулетінің ең кенжесі болатын. Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын 1985 жылы бітірген ол бірден туған жерге оралып, Атырау қаласындағы №1, 3, 2 емханаларда табаны күректей отыз бес жыл еңбек етті. Жоғары санатты дәрігер атанды.
Шолпанның жұбайы – Мерген Жасталапұлы Валиахметов те дәрігер, яғни бұларды «дәрігерлер әулеті» деп мақтан тұтатын едік. Амал не, сол ұлағатты жұптың біреуі, міне, адам жанының арашашысы бола жүріп қаза болды. Бұл – тек қана отбасы, ағайын- туыс, құда-жекжат, әріптестері үшін ғана емес, бүкіл ел аза тұтқан ауыр қасірет. «Мамандығымды жан-тәніммен жақсы көремін, адамдарға қуаныш сыйлаудан асқан қандай бақыт бар…» деуші еді марқұм Шолпан Исағалиқызы өзара басқосуларда жанарынан мейірім шуағы төгіле отырып. Енді сол мейірбандығына қайсарлығы қосылып, оны бүгінгі заманның қаhарманына айналдырды. Атырау қаласының орталық көшелерінің біріне Шолпан Валиахметоваға арналған «Біздің батырлар» атты билборд орнатылды (жоғарғы суретте).
Ме н і ң ә ң г і м е л е п от ы р ғ а н ы м – жұмысын ада л атқара жүріп, жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен дәрігерлердің ерлікке пара-пар еңбегінің бір мысалы ғана. Айталық, Серік Досжанов, Ғаділет Сұлтанғалиев, Қайыржан Қазиханов сынды тәжірибелі дәрігерлер де жұртшылықты өкінтіп, «келместің кемесіне мініп» кете барғаны өкінішті. Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, пандемия дүрбелеңі кезінде біздің мұнайлы өңірде 12 медицина қызметкері (әрине, мұның ішінде зейнет демалысындағы ақ халатты абзал жандар да бар) қаза болды.
Міне, жоғары жауапкершілік, шынайы патриотизм, бейбіт күндегі батырлық дегеніміз осы. Енді олардың рухына тағзым ете отырып, аз-кем ой қорытып көрейікші:
Түркі әлемінің ұлы пер зенті Мұстафа Шоқайдың: «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болмайды. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесі. Ал, ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында өсіп дамиды, жемісін береді» деген қағидалы сөзі бар. Еліміз егемендігін алған отыз жылға тарта уақыт ішінде осы ҰЛТТЫҚ РУХЫМЫЗ айтарлықтай биік сатыға көтерілгенін дәрігерлер биік парасатымен дәлелдеп отыр. Өйткені, рух асқақ болмай, ерлік жасалмайды!..
Тарихқа көз жүгіртейік: Кеңес Одағы атты алып мемлекеттің құрамында болып, тоталитарлық режимнің қасіретін көрген қазақ халқының қайғысы бір басына жетіп артылады. Ұжымдастыру саясаты жүргізіліп, дәулетті адамдардың мал- мүлкі тәркіленіп, өздері қуғындалып жапа шексе, алдындағы малынан айырылған кедей қазақ 1931-32 жылдары ақсирақ аштыққа тап болып қырылды. Отызыншы жылдардың ортасында ұлтжанды азаматтарға билік «халық жауы» деп жала жауып, нақақтан құрбан етті. Алаштың ел бастар серкелері атылып, жер айдалып, халықтың рухы жанышталды. Соғыстың алды мен соғыс жылдары сталиндік саясаттың құрығы аз халықтарға түсті. Еділ бойын қоныстанған немістер, поляктар, Солтүстік Кавказ халықтары, кәрістер және т.б. өз мекендерінен жер аударылып, Қазақстанға қуғындалды. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған бұл ұлттар меймандос қазақтың бауырынан пана тауып, қырылудан аман қалды. Мұның бәрі – кешегі тарих.
Міне, осы тұрғыдан алғанда, «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы тарихи сананы жаңғыртуды ғана емес, сол арқылы жас буынның бойында отаншылдық, патриоттық рухты оятуды, оларды туған елін, туған жерін сүюге тәрбиелеуді мақсат етіп қоюымен де құнды. Санаң азат болмай, өзің толық азат бола алмайсың. Рухың жаңармай, жаңа заманға ілесе алмайсың. Рухың қайсар болмай, ұлттың ұлы дәстүрлерін жалғастыра алмайсың. Ұлттың рухани әлемін қалыптастыру саясаты – ел тәуелсіздігін тұғырлы да, мәңгілік етудің бірден-бір кепілі. Рухани әлемі бай, жан- дүниесі таза адам ғана оны шынайы сезіне алады, оны баянды етуге жанын салады.
- Рас, біз отаншылдыққа кереғар көріністерге де куә болып қалып жатамыз. Осы індет белең алған тұста коронавируспен күреске бөлінген қаржының қымқыру фактілері де әшкере болып жатты. Мұндай оқиғалар да, оны жасағандар да жоғарыдағыдай «жаным – арымның садағасы» деген адал жүректі, патриот дәрігерлердің ширегіне де тұрмайтын қуыс кеуде тоғышарлар деп жүрегің кілкиді. Сол үшін де қашанда ел үшін жасалған ерлікті әркез биік қоямыз. Қаhармандықты жас буынға әркез үлгі етеміз. Елдікті сақтайтындар да, халқына қалқан болатындар да – сол патриоттар.
Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ
«Біздің даңқты батырларымыз – тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар»
(«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан)
Мынау Шолпан Валиахметова деген марқұм дәрігер Исатай Балмағамбетовтің туған баласы Думанның туған енесі ғой.
Сонда бас редактор өзінің туған құдағиы туралы жазған болып шығады.
Қызық екен, өзінің бас редакторлығын пайдаланып, жекжат-жұрағатын газетке жариялай бере ме екен?
Әй, сабазым-ай…