«Иттен қорқып, көшеге шыға алмаймыз…»

screenshot 25 Қоғам

БІЗДІҢ ТҮСІНІГІМІЗДЕГІ «ИТ – АДАМНЫҢ ДОСЫ» ДЕГЕН ҚАҒИДАНЫҢ ӨЗГЕРГЕЛІ ҚАШАН? БҮГІНДЕ КЕРІСІНШЕ, ЖҰРТ ИЕСІЗ ҮЙ ЖАНУАРЫН КӨРСЕ, АЛЫСТАН ҚАШЫП ЖҮРЕТІН БОЛДЫ. АЛ, БҰЛ БЕРЕКЕСІЗДІККЕ ТОҚТАУ САЛУҒА ЖАНУАРЛАРДЫ ҚОРҒАУ ТУРАЛЫ ҚАЗІРГІ ЗАҢ РҰҚСАТ БЕРМЕЙДІ. МӘСЕЛЕНІҢ УШЫҚҚАНЫ СОНШАЛЫҚ, АЙДЫҢ-КҮННІҢ АМАНЫНДА ИЕСІЗ ИТ БЕС ЖАСАР БАЛАНЫ ҮЙІНІҢ АЛДЫНДА ТАЛАП ТАСТАҒАНЫ ӘЛІ ЖҰРТТЫҢ ЖАДЫНАН ШЫҒА ҚОЙҒАН ЖОҚ. ОСЫНДАЙ ДЕРЕКТЕРДІҢ САНЫ КӨБЕЙГЕНДІГІНЕН БҮГІНДЕ ҚОҒАМДА ЕКІТҮРЛІ ПІКІР ҚАЛЫПТАСЫП ОТЫР. СОЛ СЕБЕПТІ, ЖЕРГІЛІКТІ АТҚАРУШЫ БИЛІК ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕЛЕРДІ ЗЕРДЕЛЕЙ ОТЫРЫП, ҚАҢҒЫБАС ЖАНУАРЛАРДЫ ВАКЦИНАЦИЯЛАУ ЖӘНЕ СТРЕЛИЗАЦИЯЛАУ ҚАҒИДАСЫН БЕКІТКЕН БОЛАТЫН. БҰЛ МӘСЕЛЕ ЖУЫРДА ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ОТЫРЫСЫНДА ДА ТАЛҚЫЛАНДЫ.

ЖАҢА ТӘСІЛ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Атырау қалалық ветеринариялық стансасы басшысының орынбасары Мəдихан Рсымбетовтың айтуынша, өткен жылдардағы бұралқы иттерді аулап, жою əдістерінен ешқандай нəтиже шықпаған.

– Ит жылына екі рет күшіктейді, əр туғанда кемінде 3-8 күшігі болады. Осыдан-ақ олардың қаншалықты тез көбейетіндігі көрініп тұр. Оның үстіне, жаңа заңнаманың талабымен аулау тəсілдерінде тəжірибенің жоқтығынан, бірден осы іске кірісіп кету оңайға түспеді. Соның барлығы қаңғыбас иттердің көбейіп кетуіне себепші болды, – деген Мəдихан Елубайұлы енді көше кезген иесіз иттің ауланғанынан кейін уақытша ұсталып, клиникалық тексерулерден өткізілетінін айтты. Ал, адам өміріне қауіп төндірген, емделмейтін аурумен ауыратын үй жануарлары елімізде тыйым салынбаған дəрі-дəрмектермен «ізгілік жолмен» жансыздандырылады.

Ал, қоғамға қаупі жоқ иттер хирургиялық жолмен, дəрідəрмектермен немесе өзге де тəсілдермен ұрпақ көбейту қабілетінен айырылады. Сонан соң чиптеліп, сауыққандары ауланған орындарына кері жіберіледі. Биыл бұл жұмыстармен «In Market» ЖШС айналысып жатыр. Қазірде ауланған 470 иттің 413-і жансыздандырылып, 57-сі стрелизацияланған. – Жыл аяғына дейін қаңғыбас иттерді аулау жұмыстарын жүргізу мақсатында 80,5 млн. теңге қарастырылды. Қыркүйек айында 1229 ит ауланып, 1135-і жансыздандырылды. Қазан айында 107 ит стерилизацияланғаннан соң чипталып, таңбаланды, – деді Мəдихан Елубайұлы.

Иə, бұл бағытта облыс орталығында жұмыстар қарқын алды. Десек те, қоғамдық кеңес отырысында мəселені жан-жақты зерделеп, талдау үшін тиісті мекеменің бірінші басшысы келмегені сынға алынды.

«Бастапқыда біз қоғамдық кеңес отырысына бірінші басшы келеді деп келістік. Келесі жолы бұл жағдайдың қайталанбауын сұраймын. Түптеп келгенде, қоғамдық кеңес – халықтың атынан пікір білдіріп, ой салатын, мəселеге үн қосатын ұйым» деді қоғамдық кеңес мүшесі Нəсіп Шалабаева.
Осы жолы қоғамдық кеңесте құлашқұлаш баяндамалар оқылған жоқ. Мəселеге байланысты нақты сұрақтарға ғана жауап берілді. Мəселен, аталған кеңес мүшелері бұралқы иттен төнетін қауіптің аз еместігін жасырмады. «Қазір иттен қорқып, көшеге шыға алмайтын болдық. Мектептен баланы əкеле жатқан ересектерге де «шабуыл» жасаған кездер кездесті» – деді олар бірауыздан.

ТАБИҒИ ТЕПЕ-ТЕҢДІК САҚТАЛУЫ ТИІС

Десек те, мəселенің екінші ұшы бар. Егер ит табиғатта мүлдем жойылып кетсе, оның орнына басқа жануар пайда болуы мүмкін.

– Осыдан төрт жыл бұрын Саратов қаласында мынадай тəжірибе жасаған: қаладағы барлық ит түгел жойылған. Байқаса, оның орнына егеуқұйрықтар күрт көбейіп, түрлі жұқпалы аурулар кеңінен тарай бастапты. Мамандар егеуқұйрықтардың 70 пайыздан астамын мысық емес, ит жоятынын айтып отыр. Демек, табиғатта тепе теңдік сақталуы керек. Жақында əлуеметтік желілерде облыс орталығына жақын елді мекендер мен ауылдық округтерде жабайы қабан жүргені туралы хабар тарады. Сайып келгенде, мұның барлығы тектен-текке емес. Жалпы, табиғатта иттер санитар болып саналады, – деген қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Ерлан Күмісқалиев жануарларды жақсы көрумен қатар ең басты құндылық – адами капитал екенін естен шығармау қажеттігін ескертті.

– Қалай десек те, иттерді түбегейлі жойып жіберу мүмкін емес. Сондықтан, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде əртүрлі қорлар арқылы мектептерде иттен қорғану сабақтарын, дəрістерін өткізу керек шығар, бəлкім?! – деді Ерлан Күмісқалиев.

НАҚТЫ ШЕШІМ ҚАЖЕТ

Ал, қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Кеңес Қосыбаев қазіргі қымбатшылық кезде үйде ит асырайтындар қатары азайып келе жатқандығын жасырмады. Десек те, көшеде иесіз жануардың көбеюі дұрыс емес. Қалай болғанда да, бұл мəселеге қатысты нақты шешім қабылдануы тиіс. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Азамат Айтқалиевтың айтуына қарағанда, жыл басынан бері 3886 ит ауланып, 3628 ит жансыздандырылып, 258-і стерилизацияланған. Осы орайда, қалалық қоғамдық кеңес мүшелері ит аулайтын мекеменің қызметімен жіті танысуға ниетті екендерін жеткізді.

ТАРИФТІ ҚАЙТА ҚАРАУ КЕРЕК

Қалалық қоғамдық кеңесте қызу талқыға түскен мəселенің бірі – қоқысқалдық алымы. Қалалық тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі жəне автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Əлібек Мұхамбетəлиевтің айтуынша , тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметінің тарифі бойынша Атырау облысы республикада 16-орында тұр. Бүгінде қаланың тазалығымен айналысатын «Арнаулы автобаза» ЖШСнің көше тазалаушылары 80-120 мың теңге аралығында жалақы алады. Күннің ыстығы мен суығында, желдің өтінде жүретін адамдар үшін бұл өте аз еңбекақы. Осы себепті қазір серіктестікке жұмысшы-қызметкерлерді ұстау қиын болып тұр. Ал, тарифті өсірсе, жалақының көлемін 200-250 мың теңгеге дейін ұлғайтуға болады екен. Сондай-ақ, қаладағы 749 қоқыс контейнері де қалпына келтірілмек.

–Біз ұсынғанымызбен, нақты шешімді қабылдайтын – қоғам, халық. Бүгінде коммуналдық қалдықтардың жинақталуының орташа жылдық нормасы жайлы үйде бір тұрғынға – 2,38 текше метр, жеке секторға – 2,68 текше метр болып ұсынылды. Нақтырақ айтсақ, тариф құны 580-590 теңге шамасында болмақ. Əрине, халықтың барлығының тұрмыстық əл-ауқаты бірдей емес. Осыған байланысты «Арнаулы автобаза» ЖШС І, ІІ топ мүгедектеріне, көп балалы аналарға келісім-шарт жасаған кезде төлемақыға 70 пайызға дейін жеңілдік жасауға уəде беріп отыр, – дейді Əлібек Максимұлы.

ТАЗАЛЫҚҚА ТҰРҒЫНДАР ДА ЖАУАПТЫ

Қалалық қоғамдық кеңес мүшелері «тарифті көтергеннен бұрын тұрғындардың қоршаған ортаның тазалығына немқұрайлы қарамауы керек» деген пікір айтты.

– Дамыған мемлекеттерде тұрғындар қоқыс-қалдықты үйінен шығарған кезде бірден сұрыптайды. Өйткені, қалдық қайта өңделіп, одан басқа өнім өндіріледі. Əрине, мұндай дағдыны қалыптастыру үшін ұзақ уақыт қажет. Бірақ, оған қадам бүгіннен басталуы тиіс. Швецияда қалдықты сұрыптап жинауға жиырма жылдай уақыт кетті. Қазір олар қағаз макулатураны сатып алатын деңгейге жетті. Сондықтан, бұл мəселеге «Арнаулы автобаза» ЖШС басшылығын шақырып, қайта қарауымыз керек, – деді қоғамдық кеңес мүшесі Кеңес Темірұлы.

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз