Жарнама
"ATYRAÝ"-ға 100 жыл!ЖаңалықтарШаһар шырайы

Балық та — байлықтың бірі

«Балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған» ерке Жайықтың түбіндегі су маржандарының қазір қарасы сиреді. Тіпті, оны былай қойғанда, суының сарқылып бара жатқаны да қынжылтады. Осы орайда, қолдағы барды сақтап қалу үшін не істеліп жатыр, балық қорын белшеден басып жатқан браконьерлерге қарсы қандай шаралар алынуда, міне, сол жөнінде әңгімелегенді жөн көрдік. 

67389340_w0_h0_milana_studio_115

«БАЛЫҚШЫ» МА, «БРАКОНЬЕР» МЕ?

Жуырда облыс әкімі Нұрлан Ноғаев браконьерлермен күрес бағытында су полициясы мен балық инспекциясының қосымша бөлімдерін ашу мәселесін көтерген болатын. Өйткені, заңсыз балық аулау деректері көбеймесе, азаяр емес. Аймақ басшысы құқық қорғау және саланы бақылаушы мамандарды жұмысқа алғанда қырағылық таныту қажеттігін де ескертеді. Қалай болғанда да, қылмыстың жолын кесетін ең алдымен – солар. Мәселен, қайықпен қапшықтап балық аулаушылардың біразының бақылаушы мамандармен «байланысы» бары анықталған.

Айтпақшы, былтыр су полициясы мен облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясымен екі мыңнан астам заңбұзушылық анықталып, 125 қылмыстық іс жүргізілген. Барлығы 35 млн. теңгеге жуық айыппұл өндіріліп, 107 тонна балық заңсыз айналымнан алынды.

ШЕКТІ КӨЛЕМНІҢ ДЕ ШЕГІ БАР

Жиналыстардың бірінде жоғарыда аталған инспекция басшысы Данияр Баймағамбетов шаруашылық субъектілері квотаны соңғы сегіз жылда алғаш рет 87,3 пайызға игергенін баяндаған-ды. Қазір де ресми ауланған «тірі байлық» көлемі он мың тоннаға жетіп отыр.

Қолымыздағы деректерге сүйенсек, соңғы бес жылда балық аулауға берілетін шекті көлем екі есе, яғни, 25 мың тоннадан 12,5 мың тоннаға азайып отыр. Сонда да, осы уақыт аралығында белгіленген лимит толық игерілмепті. Себебі, кәсіпшіліктер балықты браконьерлерден қабылдауды тоқтатар емес.

Бүгінде сала мамандары айдын сағасынан елу шақырым аумақта және үш метрден төмен тереңдіктен балық аулауды шектеген дұрыс дейді. Мәселен, «Амангелді» өндірістік кооперативінің басшысы Санат Тілепбергеновтің айтуынша, бұл – балықтардың сарқылуының екінші себебі. «Үш метрден астам тереңдіктен балық аулау үшін арнайы жабдықталған флот, кемелер керек. Біздің кооператив балықшылары былтырдан бері 132 тонна балық аулады. Демек, теңіз түбінде байлық бар деген сөз» дейді кәсіпорын жетекшісі.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button