Жәнібек ЕСІМОВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі аппаратының сектор меңгерушісі: «Мені тағдыр тәрбиеледі…»

img 20210827 wa0035 Жаңалықтар

– Жəнібек Қадірұлы, газеттегі атаулы айдардың мақсаты айқын, Атырау өңірінен түлеп ұшқан түрлі сала өкілдерімен сұхбаттасу. Сондықтан, əңгімемізді сіздің туған жеріңізден бастасақ. Балалық шағыңызды еске алғанда алдымен ойға не оралады?

– Балалық шағым туған ауылымда өтті. Сондағы балабақшада тəрбиеленіп, батыр бабамыз Махамбет атындағы мектепте тəлім алдым. Үйдегі үшінші перзент болғандықтан, тілге де, іске де еркіндеу өстім. Бұғанам бекіп, қабырғам қатайған шақтан-ақ барлық ауыл балалары сияқты мені де ата-анам маусымдық жұмыстардың «қазанында қайната» бастады. Одан еш зиян көрген емеспін. Үп еткен желі жоқ аптап ыстықтағы қой кезек, 6-7 шақырым жерге жаяу барып пішен шабу, қозы бағу, жоғалған малды жаяу іздеу, қысқы мезгілге отын дайындау, тезек теру – бəрі де үйреншікті іс. Өйткені, мұның барлығы – қажеттілік еді…

1981 жылы ұзаққа созылған науқастан анамыз Жайлан дүние салды. Əкем, əжем Зейнеп жəне нағашы əжем Тəпен 7 балаға жетімдік көрсеткен жоқ. Қысқасы, балалығым сол шақта тоқтап, есею шағына ерте өттім-ау деп ойлаймын. Қазір жасым қос ширектен асып кетсе де, бала кезден санама сыналап сіңірілген тəрбиенің құдіретін сезініп, ауылда туып өскеніме қуанамын.

 – Еңбек жолыңыз Индерде басталды. Қарапайым шаруа адамы ретінде ысылып, кейін ауыл мектебінде ұстаз да болдыңыз. Астанаға көшу арман болды ма? Қалай ақиқатқа айналды?

– Үйдегі екі ұл əкемізге қарсы келмек түгілі, бетіне тіке қарай алмаушы едік. Ағам Бейімбет еңбекке ерте араласып, құрылысшы болып кетті. Мектеп бітірер кезде əкем маған «СПТУ-101-ге барасың», – деді.

Бітті, талқылауға жатпайды! Сонымен Гурьевке құжат тапсыруға бардық. Педучилищеде оқып жүрген əпкем Гүлзада қарсы алып, қасымызда жүрді. Құжаттарды тапсырдық-ау, бірақ əкем келесі күні кері қайтарып алды. Кейін білдім, жаңағы оқу орны оқушылардың тəртіпсіздігі бойынша атышулы екен…

 Содан Жамбыл атындағы кеңшардың екпешөп өсіретін Бозкөлдеудегі бригадасының сушысы болып шыға келдім. Қайнаған жұмыс басталды. Небір еңбекқор, қажыр-қайраты мол, қызметіне шын берілген, қанша ауыр жұмыс атқарса да, шаршағаны білінбейтін, ақжарқын көңілді ауыл еңбеккерлерінен үйренгенім көп еді. Алғашқы еңбек ұжымым маған өте ыстық, оларға əрқашан тілеулес болып жүремін.

Кейін кеңшардың жолдамасымен аудан орталығындағы СПТУ-8-ден бес айлық шоферлік курсты тəмамдап, В жəне С санатты жүргізуші куəлігін алдым. Сол жылы күзде əскерге кетер алдында əкем кенеттен дүние салған соң үлкендер мені армиядан алып қалғысы келді. Ол кезде «нашар ұғым» саналатын бұл əрекетке көнбей, алғаш рет өзім шешім қабылдап əскерге кеттім. Екі əжеміз бізді екі үйге бөліп алып, тəрбиелеп өсірді. Нағашы апамыз Жаңыл мен жездеміз Қойшының да қамқорлығы көп. Əскерден кейін құрылысшы болдым.

Жазда жан-жақта оқып жатқан сыныптас-құрдастарым жиналған кезекті бір отырыста Жамбыл Сұлтанғалиев деген досым «сөйлеу қабілетің бар, оқуға түс» деп ұсыныс айтты. Сол сөз шабыт беріп, тəуекелге бел будым. Орал пединститутына түсіп, 1992 жылы қазақ филологиясы бойынша диплом алып шықтым. Дипломға қоса келіншегімді де əкеліп, ауыл мектебіне жұмысқа тұрдым. Мұндағы сегіз жыл үлкен сабақ болды. Əріптестерім де тамаша жандар еді, оларға алғысым шексіз. 1998-2000 жылдары директордың оқу-тəрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жасадым.

Сол  кезеңдегі  негізгі тақырып – Астана.

Бүкіл ақпарат құралдарының айтатыны да, көрсететіні де сол. Сірə, соның əсері көп болды-ау деймін. Тəуекелге баруым да шапшаң еді. 2000 жылы аяқ астынан Астанаға барғым келіп, отбасыммен жолға шықтым. Алдынала құрылған жоспар жоқ, қысқа мерзімде қабылданған шешім болатын.

img 20210827 wa0034
ні

 – Білуімізше, елордаға екі рет қоныс аудардыңыз…

– Иə, бас қалаға екі мəрте көштім. 2000 жылы келіп, бас-аяғы бір аптада орналасып, тіркелсек те, жұмысқа орналасу қиын болды. Келіншегім əупірімдеп бір мекемеге еден жуушы болып кірді, жалақысы – 3 мың теңге. Мен жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, сол арқылы С.Сейфуллин атындағы кітапхананы жаңадан ашылып жатқан Президенттік мəдениет орталығына көшіруге жалданбалы жүкші болып 3 ай жұмыс істедім, күндік табысым – 300 теңге.

Тынбастан жұмыс іздедім. Мектептер толық, ешкім жұмысқа алмайды. Сол кезде көше сыпыратын жұмысқа да құлықты едім, алайда оған да алмады. Кітапхана қызметкерлерімен танысып, жұмысты меңгеріп алдым. Бір күні жұмыс соңында Зоя Петровна деген кəріс əйел «жоғары білімді мамансың, мүмкіндігің зор» деп, мемлекеттік қызметке кіруге кеңес берді. Мемлекеттік қызмет туралы соған дейін ойламаппын да. Дайындық басталды, заңдарды оқу, құжаттар дайындау, өте жақсы дайындалдым, өзіме 100 пайыз сенімдімін. Тестіден шықтым. Əлі есімде, қалалық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Бекбосынов деген орыстілді жігіт тестіден өте алмағанымды «естіртті». Салым суға кетіп, шығып жүре бердім.

Ойым астан-кестен. Кенет ойыма тест қорытындысымен танысуыма болатыны сап ете түсті. 50 метрдей ұзап кеткен екенмін, жалт бұрылдым. Жаңағы кісіге келіп айттым. Жақтырмай қалды, бірақ келісті. Қарасам, жауаптарым дұрыс. Сөйтсем, менің қазақша жауаптарымды орыс тіліндегі қорытындымен тексерген екен. Осылайша, табандылықтың арқасында алғашқы жеңіске жеттім. Ал, компьютер дегеннің түрін көргенмен, жұмыс істеп көрген емеспін. Ауылдан шығарда Еділ деген əріптесім «курстас досым Жеңіс Кəкенұлы сол жақта тұрады, қажет болып қалар» деп үйінің мекенжайын берген. Сұрай-сұрай тауып алдым. Жақсы адамдар екен, жылы қарсы алды. Шай ішіп болған соң, шаруамды айттым. Жымиып күлді де, жұмыс бөлмесіне апарып, жарты сағаттай үйретті, əйтеуір қосу мен өшіруге мəн бердім. Үйге келе жатып, ойыма тағы бір күмəн кірді: «теру жылдамдығын қараймыз десе, не істеймін?..»

Ертеңіне баяғы   таныс  кітапханашыларға бардым. Қыздарға жалынып жүріп, компьютердің пернетақтасындағы барлық əріптер мен символдарды рет-ретімен көшіріп алдым. Үйге келіп, пернетақтаның көлеміндей картон қағаз қиып алып, əлгінің бəрін қаз-қалпында картонға түсірдім. «Пернетақтам» дайын болған соң «Астана ақшамы» газетін ашып жіберіп, бірнеше сағат бойы тердім. Қолым əжептəуір жаттығып қалды.

 Алғашқы құжат тапсырған мекемем – қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары лауазымы, бірақ əңгімелесуден «құладым». Сосын Алматы ауданы əкімі аппаратының бас маманы лауазымына тапсырып, жұмысқа қабылдандым. Жұмыс орным үйден қашық, автобуспен бір сағаттық жер. Айлық – 5 мың теңге, нанның бағасы – 25, жолақы – 20 теңге.

Ақша үнемдеу үшін кейде жаяу қатынап жүрдім. Қиындау болды. Газеттен тағы да хабарландыру іздей бастадым. Көп кешікпей қалалық денсаулық сақтау басқармасы бас маманының лауазымы шықты. Мен үшін 2 «плюсі» бар екен, айлығы – 7 мың теңге, сосын үйге жақын. Жұмыстан сұранып, əңгімелесу рəсіміне қатысып келдім. Қабылдандым. Қандай қуаныш!..

Осылайша, 2000 жылдың желтоқсанында мемлекеттік қызметтегі өтілім басталған еді. Енді қалыпқа түсе бастағанда, 2001 жылдың басында ауылдан «əпкең Гүлзада қайтыс болды» деген суық хабар жетті. Жиюлы тұрған артық ақша жоқ, қарызданып жүріп, жанұшырып жетсем де жаназаға үлгере алмадым…

Бір жыл өткенде Денсаулық сақтау министрлігінің бас маманы лауазымына конкурсқа қатысып, қабылдандым. Бұл үйге бұрынғыдан да жақын жəне жалақы да жоғары. Тамызда елден тағы хабар келді. Тете қарындасым Ақторғын қатты сырқаттанып қалыпты. Қайтадан маза кетті…

«Осы Астана бізге жақпады-ау, қарындастан да айырылып қаламыз ба енді» деп қапаланып, ауылға кетуге жылдам шешім қабылдадық. Аудандық білім бөлімі мен ауыл мектебінің басшылығына əлі күнге дейін ризамын. Барғаннан кейін бас-аяғы бір аптаның ішінде бұрынғы директордың орынбасарлығына орналастырды.

 Қарындасым тəуір бола бастады. Жұмыс қайта басталды. Жарты жыл өткенде министрліктен хабарласып, бұрынғы қызметіме шақырды. Көп ойланып, əжеміздің рұқсаты мен батасын алып, 2003 жылғы ақпанда бас қалаға өзім қайта келдім. Осы жақта тұратын немере апа-жездемнің үйінде бірнеше ай тұрып, жазда отбасым келгенде Министрлік жатақханадан орын берді. Сонда 2013 жылға дейін басқарма басшысы болып жұмыс істедім.

Бүгінде медицина саласына көп сын айтылады. Денсаулық сақтау министрлігінде ұзақ жыл еңбек еткен маман ретінде қазіргі ахуалға қатысты не айтар едіңіз?

– Медицина саласына қай кезде де сын айтылады. Саланың орнықты дамуы үшін дұрыс айтылған сынның пайдасы зор деп ойлаймын. Ал, қазіргі ахуал мені де ойландырады. Ең дұрысы, халық аман қалуы үшін теріс ақпаратқа бой алдырмай, əрбір қазақстандық өзінің жəне жақындарының денсаулығына алаңдап, дұрыс шешім қабылдауы керек.

Ал, Парламент Мəжілісі аппаратындағы  сектор меңгерушісінің бір күні қалай? Біраз жыл бойы Мəжіліс аппаратының бас консультанты лауазымында болдыңыз. Жауапты қызметтің арқалар жүгі де ауыр болатыны белгілі…

– Қай салада жұмыс істесем де, ерекшеліктерін зерделеп, тезірек меңгеріп алуға күш саламын. Өйткені, мені тағдыр соған тəрбиеледі. Айналамдағы өзіммен пікірлес жандарға да соны айтып жүремін. Қазіргі қызметім асқан жауапкершілікті талап ететіндіктен, кейде уақытпен санаспай жұмыс істеуге тура келеді. Тəулік бойы жұмыс істейтін, яғни жұмыс орнында түнейтін сəттер болып тұрады. Заң жобасы шикізат тəрізді, бізге түскен сəттен бастап жұмыс топтарының талқысына талай рет түсіп, əбден «иленіп», «пісіріледі».

Бір жоба аяқталғанда, жаңадан екінші жоба келіп жататын үздіксіз процесс. Шаршайтын кездер де болады, ондайда тəубені ойлаймын: «барына – риза, болғанына – шүкір, азға – қанағат, жоққа – сабыр!». Еліміздің жоғары заң шығару органында қызмет етіп, халқымыздың игілігіне жұмыс істейтін заңдарды шығаруға титтей де болса атсалысып жүргенім үшін қуанамын.

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

– Шенеунікте бос уақыт тек демалыс күндері ғой. Бауырларыммен, жақындарыммен хабарласамын. Егер жер үйім болса, бос уақытымды үйдегі еңбекке арнар едім. Көп қабатты үйде тұрған соң, бос уақытта үйге «сыймаймын», сүйікті хоббиім бильярдқа немесе тенниске кетіп қаламын.

Жұмысшы, мұғалім, шенеунік, министрлік өкілі… Қайсысы жаныңызға жақын?

– Ойлап отырсам, əлеуметтік салаға көбірек жақын екенмін. Əлеумет деген сөз көпшілік, халық деген ұғымды білдіреді. Жастай тағдырдан теперішті көп көргеннен бе, адамдарға жаным ашып, көмектескім, жақсылық жасағым келіп тұрады. Атқарған жұмыстарымның бəрін жақсы көремін, бірақ жаныма жақыны – мұғалімдік. Небəрі бір сыныпқа жетекші болыппын. Шəкірттерім «ағай, ағай» деп əлі күнге дейін хабарласып тұрады. Шенеунік болғанда елге танымал көптеген профессор, академик термен, ірі мекеме басшыларымен жұмыс істедім, сыйлас болдым, олардан үлгі алдым.

Туған жерге келудің сəті түсіп тұра ма? Атыраумен байланысыңыздың жиілігі қаншалықты?

 – Əрине, жыл сайын баруға тырысамын. Ата-анам тұрған қара шаңырақты ұстап отырған аға-жеңгемнің үйінде болып, аунап-қунағанға не жетсін! Өліге бата етіп, тіріге сəлем беремін. Сыныптас-құрдастарыммен ойнапкүлемін. Қысқасы, елге барғанда бір жасап қаламын.

 – Елге сəлеміңізді басылым арқылы білдіремін десеңіз, мархабат!

 – Ауыл тəрбиесінің бір қағидаты – «үлкен отырып, кіші сөйлегеннен без!». Өмірдегі басты ұстанымымның бірі осы болғандықтан, білгенімді, жақсы ақыл-кеңесімді тек тыңдайтын жастарға ғана айтамын. Қазыналы қарттарымыз аман жүрсін, берер өнегелі тəрбиесі мол болсын! «Туған жерге туыңды тік» демекші, ел мен жерге шын жаны ашитын, жалған пиар мен хайптан аулақ жүретін, өңір халқының болашағына алаңдайтын атыраулық арда азаматтар ел басқарсын. Өңірде Жиембет пен Махамбеттей өр тұлғалы, өжет мінезді өрендер көбейсін. Дені сау, білімді, көзінде от ойнаған, жасқанбайтын жастардың жолы ашық болсын деп тілеймін!

– Ашық əңгімеңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлжан ƏМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз