
Балалар ауруханасында BalaSpace коворкинг кеңістігі ашылды
Облыстық балалар ауруханасында ерекше әрі игі жоба – «BalaSpace» атты коворкинг кеңістігінің ашылу салтанаты өтті. Жоба «Жүректен Жүрекке» қоғамдық қоры мен «Chevron» компаниясының корпоративтік волонтерлік бастамасы аясында жүзеге асырылған.

Аталған кеңістік жұмысының басты мақсаты – балалардың шығармашылық және танымдық дамуына жағдай жасау, ата-аналарға қолайлы орта қалыптастыру, әлеуметтік жауапкершілікті арттыру. Ашылу рәсімі барысында ең алдымен аурухана ішіндегі қауіпсіздік нұсқамасы таныстырылып, кеңістіктің ерекшеліктері мен оны жүзеге асыру барысы баяндалды.
Іс-шарада облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы сөз сөйлеп, жаңа кеңістіктің маңыздылығына тоқталды.
– Мұндай орталықтарды жиі кездестіре бермейміз. Оның ішкі безендірілуі, түстер гаммасы – бәрі адамға жылылық пен тыныштық сыйлайды. Бұл – тек бала мен ата-ана үшін емес, дәрігерлер үшін де тыныс алуға мүмкіндік беретін ерекше орта. Осы жобаның сәтті жүзеге асуына үлес қосқан барлық еріктілерге алғыс білдіремін. Осындай бастамалар көбейе берсін. Біз, облыс әкімдігі, мұндай игі істерді әрдайым қолдауға дайынбыз, – деді ол.

Ауруханадағы ем алып жатқан балалардың ата-аналары да жаңа орталықтың ашылғанына қуанышты. Солардың бірі – баласын лор бөлімшесінде емдетіп жатқан Нұргүл Дүйсеғалиева бұл бастаманы ерекше қажет әрі маңызды екендігін айтты.
– Белсенді өмір салтын ұстанатын ата-аналар үшін бұл – таптырмас мүмкіндік. Төрт қабырғада қамалып отырмай, баламен бірге жайлы әрі шығармашылық ортада уақыт өткізу – психологиялық тұрғыдан өте пайдалы. Мұнда балаларға арналған кітаптар, ойындар, нейрогимнастика сынды дамытушы бағдарламалар бар. Ал ата-аналар өз ноутбугімен келіп, жұмысын да жалғастыра алады. Жоба авторларына және қолдау көрсеткен барлық жандарға алғыс айтамын, — деді Нұргүл Мәлікқызы.

Ашылу салтанатына облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев, облыстық балалар ауруханасының директоры Альмира Сабырғалиева, «Chevron» компаниясының өкілі Ания Жеңісқызы, жоба менеджері Әсел Көбейсінқызы, сондай-ақ «Жүректен Жүрекке» қоғамдық қорының басшысы Гүлбарам Ермұханова қатысып, жобаның маңыздылығын атап өтті.
160 шаршы метрді құрайтын «BalaSpace» коворкинг аймағында балалар мен ата-аналарға арналған әдебиеттермен жабдықталған кітапхана, шахмат пен үстел ойындарына арналған бұрыш, сурет салу және қолөнермен айналысуға арналған шығармашылық аймақ қарастырылған. Сонымен қатар, интерактивті ойындар мен түрлі шеберлік сағаттарын өткізуге де жағдай жасалған.

Жоба Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында ашылып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кеңістіктер алдағы уақытта басқа да медициналық мекемелерде, әсіресе кардиологиялық орталықтарда да ашылу жоспарда бар екендгін жеткізді.
Алмас ҚАБДОЛ
Суреттер автордікі