Атырау облысында коронавирус жұқтырып үй жағдайында емделіп жатқан науқастар чек-парақтармен бақыланады

0 14 COVID-19: Соңғы поштадан...

«Өңірде коронавирусқа күдікті немесе COVID -19 анықталған науқастардың жағдайын бағалап, оларды үй жағдайында қашықтан бақылау үшін арнайы чек-парақтар енгізілді», – деп хабарлайды Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.


Бұл туралы ӨКҚ-нің баспасөз алаңында өткен онлайн-брифингте  №2 Атырау облыстық ауруханасының COVID-19 бөлімшесінің меңгерушісі Нұрфия Қизатова мәлімдеді.


– Мобильді бригада мамандары чек-парақтар арқылы ауру ағымының ауырлығына байланысты науқасты ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылдай алады. Мұндай шешім  дене қызуының көтерілуі, ентігу секілді белгілер болғанда ғана емес, науқастағы қосымша аурулардың және адам өміріне қауіп төндіретін факторлар негізінде қабылданады, – деді Нұрфия Қизатова.


Маманның айтуынша, коронавирус жұқпасы ЖРВИ (жедел респираторлы вирустық инфекция) инфекциясымен қабаттасып келуі мүмкін. Сол себепті, covid-19  жұқпасының симптомсыз түріне шалдыққан науқас медицина маманының бақылауынсыз қалмауы тиіс. Бұл ретте – медицина маманының көмегімен науқастың өзі толтыратын чек-парақтың маңызы зор.


Бұдан бөлек, №2 Атырау облыстық ауруханасының директоры Мағжан Сиджанов облыс тұрғындарынан  қауіпті індеттің алдын алу шараларынан  хабардар болуды және адам көп шоғырланатын жерлерге  бармауды сұрады.


–  Мектеп оқушылары кезекші сыныптардағы сабағына кірісті.  Ата-аналардан балаларын қорғауды сұраймыз. Балалардың жай-күйі туралы үнемі хабардар болыңыздар, дене қызуы көтерілген жағдайда мектепке жібермегендеріңіз жөн. Пандемия кезеңінде басқа да инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында жоспарлы екпелерді алу үшін емханаға уақтылы бару керектігін де ескертемін, – деді Мағжан Сиджанов.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз