Жарнама
ЖаңалықтарМедицина

Бала жанының бағбаны

Бала дәрігерінің бойында сәбидің пәк көңіліндей тазалық пен мейірбан жүрек болуы шарт шығар. Биылғы жылы сексеннің сеңгіріне шыққалы отырған медицина ғылымдарының докторы, профессор Орынғали Балтаевтың бойында осы қасиеттердің бәрі бар дерсің. Қазір ол – Атырау қалалық №7 емханасында педиатр-кеңесші.

Бала жаныны__ ба__баны

Жүрек қалауы

Профессор әңгімесін «Дәрігерлік – жүрегімнің қалауы»  деп бастады. Орынғали Балтайұлы  Атырау қаласының  Еркінқала ауылында дүниеге келген. Сол кездегі Балықшы кентіндегі Л.Каганович атындағы  орта мектептің сегізінші сыныбын аяқтаған бойда Гурьев зооветеринарлық техникумына оқуға түсті. Бірақ, малдәрігерлік оқуды қанағат тұтпай, Алматыға «дәрігердің өзіне оқимын» деп бір күнде кетіп қалған. Дәрігерлікті үйрене жүріп, ол өмірлік серігін де табады. Алматыдағы педиатрия факультетінде өзімен бірге оқитын курстасы, талдықорғандық бойжеткен Манатпен әңгімесі жарасып, отбасын құрған.  

1964 жылы институтты үздік бітірген жарасымды отау иелері, жас мамандар Гурьевке жұмысқа келеді. Онымен баспаналары болмағандықтан, көп ұзамай өздерінің қалауымен шалғайдағы Қызылқоға ауданына қызмет етуге сұранады. Орынғали Балтайұлы мен Манат Ғизатқызы ауданға келген жылы балалар арасында жұқпалы аурулар көбейіп тұрған шақ болатын. Өңірмен түгел таныспай жатып, екеуі де жұмыстарына кірісіп кетті. Оның үстіне Миялыдағы 50 орындық аурухана уақытша жабылып, сары аурумен  науқастанған балаларға арналған эпидемиологиялық диспансер ашылған тұс еді.  Онда пневмония, қызылша, көкжөтел, желшешек ауруларын емдеген. Ауылдағы ауыр ахуал, орын алған төтенше жағдай алғаш келген  жас мамандар үшін үлкен тәжірибе болды. Дерт ауыздықталғанымен, шалғай өңірдің денсаулық саласындағы басқа да мәселелері бірден шешімін тауып кете алмады.

«Мен үшін Қызылқоғада жұмыс жасаған аз ғана уақытым өмір мектебі тәрізді көрінді.  Себебі, бұл жердің халқы – ақжарқын,  дархан көңілді адамдар. Ал, өзіміз тәлім алған Ленин орденді дәрігер Қоңыр Таңқиев, Айтқали Кәдірғалиев, Оспан Сүлейменов, Хамидолла Қайыров, Камал Тайшыбаев, Жәрдем Бүршіков, Отарбай Тұрашев сынды ағаларымызды Манат екеуміз әрқашан еске алып отырамыз»  дейді Орынғали аға.

Екі жылда 30 медбике оқыды

1965 жылы Миялыда Гурьев медучилищесі филиалының ашылуына атақты дәрігерлер Ахмет Сүндетов, Қоңыр Таңқиевпен бірге Орынғали Балтайұлының сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. жас мамандар күнделікті жұмыстарымен дәріс беруді де қоса алып жүрді. Екі жылдың ішінде 30 медбике даярлап шығарды.

Өмірде қандай да бір жетістікке жетуге, жақсылықтың бастауына белгілі оқиғаның себеп болатыны бар. 1967 жылы Гурьевте ел көлеміндегі үлкен конференция өтіп, басқосуда Орынғали Балтайұлы баяндама жасады. Республиканың бас педиатры, доцент Шардарбек Ибраев оның баяндамасына зор бағасын беріп, жас маманның қабілет-қарымын байқап аспирантураға түсуіне кеңес берді. Сол жылдың шілде-тамыз айларында Алматыға барып екі пән бойынша кандидаттық минимумды қорғап, қыркүйекте Мәскеудегі одақтық дәрігерлер білімін жетілдіру институты педиатрия кафедрасының аспиранты болады. Бұл кезде Манат Ғизатқызы да Мәскеудегі ординатурада оқыды.

Аспирантураны мерзімінен бұрын бітіріп, екеуі Ақтөбеге келді. Өйткені, жас ғалымға мединституттан педиатрия факультетін ашу тапсырылған еді. Айтуға оңай болғанымен, іс жүзінде жоқтан бар жасау – қиынның қиыны. Өзіне тапсырылған қызметті ойдағыдай орындап, қалай да Ақтөбеден педиатрия факультетін ашуға жұмыстанды.

120-ға жуық ғылыми еңбектің авторы, медицина ғылымдарының докторы,  профессор Орынғали Балтаев – қазір еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жатқан, Ақтөбе мединститутының педиатрия факультетін  бітірген білікті  мамандардың ұстазы. Тек Атырау облысында ғана М.Төлешев, Д.Камелова, Г.Дүсіпова, Ж.Бахонов, Д.Сабыров, С.Ысмағұлова, С.Хван, Ә.Мүрсәлиев, С.Байжанов, Б.Иманәлиева сынды білікті мамандар ұстазын әрқашан құрметтеп, қай кезде де ақыл-кеңесін алып отырады.

Ұстаз ұлағаты

Облыстық қан орталығының директоры Жәңгірхан Бахонов ғұмырының отыз жылдан астам уақытын Ақтөбе медицина институтының педиатрия факультетіне арнаған ұлағатты ұстазы жайлы: «Ағайымыз дәріс оқығанда, бізден сабақ сұрағанда өте қатал еді. Дәрігерлерді дайындау – өзге мамандықтай емес, жауапкершілігі жоғары. Мәселен, аспаздар пісіріп жатқан бір бәлішін күйдіріп алса,  қоқыс жәшігіне тастай салар. Ал, дәрігердің ондай қателікке ұрынуға құқы жоқ. Өйткені, бүкіл ел оған денсаулығын, өмірін тапсырады» деп тәнтілікпен әңгімелейді.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Орынғали Балтайұлы жұбайы Манат Ғизатқызы екеуі туған жері Атырауға оралып, облыстық балалар ауруханасында жұмыс жасады. 2002 жылы Қызылқоға, Тайсойған, Махамбет, Жылыой аудандарындағы дәрігерлермен кездесіп, тәжірибелік семинарлар өткізді. Қол ұстасқан жұп өмірде де, қызметте де: «Бала – бақыт, өмірдің арайы, көңіліміздің күмбезі кең сарайы» деген  ұстаныммен ғана бақытты, шаттықта өмір сүріп келеді. Манат апай қазір үйде, ал, Орынғали ағай сексен жасқа келсе де жүрісі ширақ, сүйікті жұмысынан қалған емес.

«Педиатрия факультетін ашу керек»

Осы ретте айту керек, Орынғали Балтайұлының өздері ашқан педиатрия факультеттерінің жабылғаны қисынсыз болды. Маман жеткіліксіздігінен болса керек, қазір балалар ауруы көбейіп тұр. – «Педиатрия факультеттері жабылғанда кәдімгідей жүрегім ауырып қалды». – Бұл – ойланбай істелген нәрсе болды. Мәселен, көршілес Ресейде, Өзбекстанда педиатрия факультеттері әлі жұмыс жасап тұр. Біз жаптық та тастадық. «Отбасылық дәрігер» ересектер үшін керек шығар, бірақ, балалар дәрігерінің орны бөлек. Сол үшін педиатрия факультеттерін қайтадан ашу керек деп ойлаймын, — дейді О.Балтаев.

Жайқалған бәйтеректей болып отырған Орынғали мен Манат дәрігердің ұл-қыздары да ата-ана жолын жалғап, дәрігер болған. Үлкені  Алма – Алматы медицина институтының доценті, Розасы – Мәскеудегі кибернетикалық медицина институтының бас дәрігері. Қазір ол кибернетика саласындағы бірнеше кітаптардың авторы. Ерболат Орынғалиұлы да – терапевт-дәрігер. Бірақ, Ерболат қазір дәрігерліктен бөлек жеке кәсіпті серік етіп жүр. Бизнесте де жолы болған ұлы – әкесіне үлкен мақтаныш. Айтпақшы, Мәдина атты немересі Назарбаев университетінің медицина бөлімінің II курсында білім алуда. Ұрпақтар сабақтастығы  осы болса керек.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button