БАЛА ТІЛІ НЕГЕ КЕШ ШЫҒАДЫ? – «Ұланның» редакторымен сұхбат
МЕНІҢ ГАЗЕТ-ЖУРНАЛҒА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫМ ОТБАСЫНДАҒЫ ТӘРБИЕДЕН ДАРЫСА КЕРЕК. ҮЙІМІЗДІҢ БІР БӨЛМЕСІ – ӘКЕМІЗДІҢ ШАҒЫН КІТАПХАНАСЫ БОЛАТЫН. АЛ, ОНЫҢ КІТАП ОҚУҒА ДЕГЕН ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫ «ЖҰЛДЫЗ» ЖУРНАЛЫНАН БАСТАЛҒАН. МІНЕ, ӘР ЗАМАН БАЛАЛАРЫНЫҢ ӨЗІНДІК ДӘСТҮРІ, ӘДЕБІ ОСЫЛАЙ ҚАЛЫПТАСҚАН ЕДІ.
Осындайда ең алғаш қызылды-жасылды «Айгөлек» журналын мектеп кітапханасынан көріп ерекше қызыққаным, оған сол бойда жазылғаным ойға оралады. Сол журналда әрдайым ұлдар мен қыздарға лайықты сан түрлі байқаулар жарияланатын. Соның бірі – «Бұрымды ару» байқауы. Қолаң шашты қыздарға қызыға қарап, мен де шашымды өсіре бастадым. Түрлі жаңылтпаш, мақал-мәтел жаттап, оны сөз арасына байланыстыруға бейімделдім. Ертегілер мен өзіммен жасты оқушылардың жазбаларын оқып, жазуға қызықтым. Осылайша өз ойымды еркін жеткізуге машықтандым. Қысқасы, журналдың маған бергені көп болды.
Ал, қазір ше? Күні бойы ұялы телефонға телмірген бала еркін ойнауды да ұмыта бастағандай. Мұның себебі неде? Журналға жарнаманың жеткіліксіздігінен бе, әлде ғаламтордың жүйріктігі ме? Қазақ тіліндегі балалар басылымының бүгінгі халі қандай?
Қателік кімнен?..
– Баланы оқыту – ата-анаға, мұғалімдерге, қала берді мемлекетке ортақ маңызды мәселе. Егер таңдауды балаға ғана жасатып, соның ғана тілегін орындасақ, онда оған мектепке бармай, смартфонда Тикток, Инстаграм қарап жата беруіне толық жағдай жасағанымыз. Ал, газет-журнал, көркем әдебиет оқу мәселесі орта білім алу сияқты міндетті әрі өзекті болуы шарт. Алайда, оған мән беріп жатқандар аз секілді. Әсіресе, «Ұлан» газетін оқитын жастағы балалардың мәселесі қиын. Өйткені, олар біздің басылымды орта сынып[1]тан бастап оқиды. Ал, қазір ол жастағылар «қараусыз» өсіп жатыр.
Мәселен, бала бірінші сыныпқа барғанда, ата-ана оның жазуына, әріп үйренуіне көмектесіп, баламен жұмыс істейді. Алайда, оның бүкіл мәселесін мұғалімге арта салады. Ұл-қызына «оқысаң, өзің үшін оқы» дегендей. 9-10 сыныпқа келгенде ғана қарбалас қызу тірлік басталады. Өйткені, «ҰБТ-ға дайындалып, жақсы балл жинау керек». Бала сол аралықта не істеу керек екенін білмейді. Бұл – ата-ананың басты қателігі. Егер ата-ана, мұғалім баланың жасына сай контент жасайтын басылымның бар екенін айтпаса, оны жаздырып алып бермесе, бала оны қайдан біледі?! Сондықтан, өрендердің газет-журнал оқымауы басылымдар жөнінде ұғымның болмауынан деп ойлаймын.
Балалар басылымының оқырманы мектеп оқушылары болғандықтан, мектептермен тікелей жұмыс жасалуы тиіс. Бірақ, мектепте газет-журналға жазылу үшін үгіт-насихат жүргізуге жағдай жасалмаған. Кейбір директорлар келгендерді есігінен де қаратпайды. Ата-аналар да әртүрлі. «Менің балама газет-журналдың қажеті жоқ, бәрі интернетте тұр ғой» дейтіндерді де көріп жүрміз. Интернеттегі ақпараттың бәрі баланың жасына сай екенін кім зерттепті? Мүмкін, балаңыз айтуға адамның аузы бармайтын сайттарды қарап отырған шығар немесе түрлі діни ағымдарға насихаттайтын сайттардың оқырманы болар. Ол жағын ойлап көрдіңіз бе? — дейді Жадыра Аймаханқызы.
Кезінде ел арасында «Бала би» атанған от ауызды, орақ тілді шешен өрендер болған. Ал, қазір баланың тілі уақытында шықса сол бақыт болып тұр. «Үш жасқа толған баланың тілі анық шықпаса дабыл қағу керек» дейді мамандар. Қазір кішкентайының сөйлей алмауын еркелікке санап, «ер баланың тілі кеш шығады» деп, өзін-өзі жұбатып жүрген ата-аналар көбейді.
Әрине, смартфонның бала тілінің кеш шығуына кеселі зор. Егер белгілі бір шектеумен, пайдалы бейнежазбаларды ата-анасының қадағалауымен қараса, дамуына септігін тигізер еді. Бірақ, баланы үнемі бақылап отыруға ата-ананың уақыты бола бермейді. Ғаламтордағы мультфильмді де елеп-екшеп қараған абзал. Себебі, сөйлемейтін, эмоция арқылы берілетін бейнелер бала тілінің шығуын тежейді. Жүйкесіне кесірін тигізіп, ашуланшақ, беймаза болуы да сондықтан.
Ата-ана неден қателесті?
– Тілі шықпаған немесе әріп танымайтын баланың көзінше ата-ана газет-журналды көп оқып, назарын аудартуы керек. Суреттерді көрсетіп, қызығушылығын оятқаны дұрыс. Бір жасқа дейін гуілдеп, былдырлаған сәби екі жастан асқан соң жекелеген сөздерді айта білуі тиіс. Егер олай болмаса, невропатолог-маманнан кеңес алып, логопед маманға апарған жөн. Қазір осындай проблемамен келетін ата-аналар көбеюде. Маманның айтқанын бұлжытпай орындап, жаттығуларды қалдырмай жасаса, тілдің шығу ықтималдығы артады, — дейді тәжірибелі логопед Айжан Сисенбайқызы.
«Баланы – жастан» демекші, дер кезінде ем шарасын жасап, қауіптің алдын алу маңызды. Бала айтқанды емес, көргенді жасайтынын ескерсек, әр үйде бір адам күнде газет-журнал, кітап оқып отырса, қызығушылығы мен ынтасы артары анық.
Жайна МӘЛІМҚОЖА
Ote keremet