Сұрапыл күндердің сырлы шежіресі

sayt "ATYRAÝ"-ға 100 жыл!

…Әбуғали ағамен өткен ғасырдың 80-ші жылдарының соңында «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Атырау») газетінің редакциясында бір бөлмеде отырып, бірге еңбек еткен едік. Бұл оның зейнет демалысына шыққаннан кейін редакцияда аудармашы қызметін атқарып жүрген кезі. Сол шақта да Әбуғали аға негізгі жұмысынан сәл қолы босаса-ақ  өзінің жеке шығармашылығына кірісіп, бір сәт бос отырмайтын. Оның, басқасын былай қойғанда, Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған очерктерінің кейіпкерлері хақында мен сол жылдарда өз аузынан қызықты әңгімелер естіп едім. Өзі ерлік істерін шежірелеген майдангерлер мен тыл еңбеккерлерін қашан, қалай кездестіргенін, қалай жата-жастана әңгімелескенін майын тамыза әңгімелейтін. Арасында үнемі қолынан тастамайтын үлкен қара сөмкесінен уақыт табынан сарғайған газет қиындылары мен фотосуреттерді көрсетіп, айтқанын әбден пысықтайтын.

сайт

«…- Талай аталарымыз Еуропа мен Азияның жау шарпыған барлық елдерінде азаттық үшін арпалысып, тәнін жаралады, жанын пида етті. – деп жазған екен Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, марқұм Қуанғали Жұмалиев облыстық мемлекеттік ар-хивте сақталған пікірінде. – Мүрделері сол елдердің топырағында жатыр. Оларды күні бүгінге дейін «Бауырластар зираты» деп мәпелеп отыр. Осындай сан мыңдаған жауынгерлердің ішінен Әбуғали Ғабдуллин 109 атыраулықтардың атын атап, ерлік жолдарын баяндайды. Очерк 15 естеліктің негізіне құрылған. Әрбір естеліктің арқалап тұрған жүгі ауыр. Себебі, Ұлы Отан соғысының жалпы тарихы жазыл-ғанмен, әрбір елді мекен, өзендер мен асулар үшін болған қиян-кескі соғыстың әрбір нүктесінің тарихы, соған қатысқан жауынгерлердің ерлік істері жазылып біткен жоқ және ол мүмкін де емес.  Бір очеркте жүзден астам азаматтың есімін хатқа түсіріп, ел тарихы мен келешек ұрпаққа аманаттау бір Әбекең үшін аз шаруа емес. Мұндай жұмыс екінің бірінің қолынан келе бермейді…»

Міне, бұдан ширек ғасырдай бұрын өзім Әбуғали ағаның өз аузынан естіген, мұрағаттағы мынадай пікірден соң тағы да санада жаңғыра түскен осынау очерктер кейін «Пірім демей, кім дейін» деген жалпы атпен жеке кітап болып жарыққа шықты. Жинақты баспаға дайындағандар – ардагер ұстаз Зүлипа Ғабдолла келіні және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ардагер журналист Жаңбырбай Сұлтанғалиұлы. Атап айту керек, бұл кітап бүкіл ғұмырын журналистика саласына арнаған кемел қаламгер Әбуғали Ғабдуллиннің артында қалған шығармашылық мұрасының тағы бір бөлігін оқырманмен қайта қауыштыруымен құнды.

Жинаққа атауы берілген «Пірім демей, кім дейін» деген очеркінде автор көркем де, кестелі тілмен соғыс жылдарының тауқыметін қаз-қалпында айнытпай суреттеп берген. Оқып көрелік: «…Сталинградтағы кескілескен шайқастың дүбірі біздің қырдағы ауылға естіліп жатты. Ертеңгі тымықта батыс жақ дүрілдеп тұратын, кейде шайдай ашық аспан қақ айрылғандай болып шатырлап қоя беретін. Жер бауырлай ұшқан самолеттер төбенің астынан шыға келетін де, төбеңнен зулап өте шығатын. Тіпті, бірін-бірі қуалап, атысқан самолеттерді көргендер де бар-тын. Гурьев үстінен неміс самолеті ұшыпты, бомбы тастапты, құдай оңдағанда, ұйыма сорға түсіп жарылмай қалыпты. Қарғыс таңбалы самолеттер теңіздегі балықшылар үстінен ұшыпты…». Осылай бір деммен оқылып, көз алдыңнан кинолентадай сырғып өтетін сұрапыл күндер картинасы одан әрі «Правда» колхозының қым-қуыт тір-шілігімен астасып жүре береді. Кейіпкерлерінің ішкі ой-толғанысы, сезім бұлқынысы монологтар арқылы да, диалогтар арқылы да әдемі өріледі.

Көркем очерктің түйінінің өзі қандай шымыр, шиыршық атып тұр: «…Иә, ағаларым сондай жандар еді. Майданнан ақсақ-тоқсақ болып, кем-кетік болып оралғандары «мен жауды жапырдым, аяғымды бердім, қолымнан айрылдым, қанымды төктім» деп кеуде соғып жатпайтын. Солардың бірде-бірінің жүйкем босады деп әлдекімге дауыс көтергенін де көрген емен. Жаралы майдангерді жарылқаймын деп күнде жарлық беріп жатқан әкім-қараның шешіміне де құлақ салмайтын. Бұл күнде қатары азайып болды. Ешкімге алақан жайып жалбарынбай, еңкейіп құлдық ұрмай, шоқаңдай сылти басып өмірден өтіп жатыр. Апа-жеңгелерімді айтсайшы… Түзде азамат, үйде қамқор ана. Өкпесі өшіп, шаршап болдырғанша, мертігіп жығылғанша ата-ана деп, бай деп, бала деп сарпылумен күн кешкен Пірім! Иә, пірім демегенде, кім деймін бұл жандарды!». Міне, Әбуғали журналист ұрпағының бейбіт те, тыныш өмірі үшін өздерінің жастық шағын отты жылдардың өтеуіне берген қаhармандар хақындағы тағзымын осындай зор шығармашылық қуатпен тұжырымдаған.

Кітаптағы «Мәңгі тоңның жылы лебі», «Ешкім ұмытыл-ған жоқ, ешнәрсе ұмытылмайды», «Тайсойғаннан Рейхстагқа дейін» атты очерктер де тартымды баяндалған сюжетке, сол арқылы шебер сомдалған образдарға толы. Бәрі де – өзіміздің атыраулықтар, бірқатарын күні кешеге дейін қатардағы қарапайым майдангер, тыл еңбеккері деп қана таныған болсаң, мына дүниелерді оқып шыққанда «апырау, күнде көріп жүрген сол бір қария тап осындай батыр екен ғой» деп еріксіз сүйсінесіз. Оның үстіне бұл туындылардың қай-қайсысының да кейіпкерімен бірер мәрте жолығып немесе ол туралы аз-кем мағ-лұматты талшық етіп жазыла салмағаны, автордың жалықпай ізденіп, архивті ақтарып, тың  деректерді індетіп барып, ақ қағазға толғана төгілткені көрініп тұр. Біз де бүгінгідей Ұлы Жеңіс мерекесінде ерлікті шынайы дәріптеп, патриоттық рухты асқақтататын қалам құдіреті хақында тол-ғанғанды жөн көрген едік…

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз