Жарнама
Жаңалықтар

БАҚТЫҚОЖА ІЗМҰХАМБЕТОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: «БАҚ-БЕРЕКЕМІЗДІҢ БАСТАУЫ – ЕЛІМІЗДІҢ ТЫНЫШТЫҒЫ»

БАСТЫ ЖЕТІСТІГІМІЗ –  ТҰРАҚТЫЛЫҚ

— Бақтықожа Салахатдинұлы, «Атырау облысы бойынша 2015 жылғы басты жетістік не?» деп сұрағанда, қалай жауап берер едіңіз?

— Облыс жетістігі ел жетістігімен етене. Еліміздің ең үлкен жетістігі – еліміздегі тыныштық пен тұрақтылық. Әлемді тұрлаусыздық жайлағанда, Елбасымыз Қазақстанды қанаттыға қақтырмай, мақсатты жолдан мүдірмей алып келе жатыр. Ширек ғасырда жинаған сыртқы беделіміз бен ішкі айбарымыз мүдделі міндеттерді жүзеге асыруға зор мүмкіндік беріп отыр.

Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы аясында Қазақ хандығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мен Ата Заңымыздың 20 жылдығы ерекше аталып өтті.

Елбасының 5 институционалдық реформасы – «100 нақты қадам» Ұлт жоспары тарихи теңдессіз бастама болды.

2012 жылы Атырау облысының әкімі болып тағайындалғанымда өңір экономикасын саралап, өнеркәсіптің бес бағытына басымдық бердік: құрылыс индустриясы, мұнай-химиясының жаңа бағыттары, машина жасау, фармацевтика, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру-өңдеу.

Тұрғын үй құрылысына қатысты екі бірдей комбинатты іске қостық. Қазір бұл комбинаттар облысты түрлі темір-бетон бұйымдарымен қамтып отыр.

Биыл іске қосылатын фармацевтика кешенінің жалпы ауданы – 42 мың шаршы метр. ТМД-дағы ең үлкен жоба. G.M.P. стандартымен алғашқыда 50 түрлі дәрі-дәрмек шығарады.

Былтыр жүзеге асқан айтулы жоба – тоқыма фабрикасы. Бізде сұраныс болмаған соң, түйелер жүнделмейді. Азып-тозып жалбырап, желмен ұшқан жүн даланы бүлдіреді. Түйені жүндеген, қойды қырыққан күннің өзінде жиналған жүнді не өртеп жібереді, не жерге көміп тастайды. Осы жағдай ескеріліп, мал жүнін өңдейтін шаруашылықты дөңгеленту жайын қарастырдық. Жүнді жуады, түтеді, жіп жасайды, одан бастапқыда жабын мен жамылғы шығарамыз.

Қондырғыларды құрып, жергілікті мамандарды тоқыма ісіне үйреткен италиялықтар алғашқы өнімімізді өздері сатып алуға ниет білдірді.

Агроөнеркәсіп саласында соңғы үш жылда 16 кәсіпорын ашылды. Алғашқыларының бірі – сиыр сүті фермасы, 1179 асыл тұқымды сиыр сауып отыр. Қазір күніне 7 мың литр сүт өнімдерін шығарады. Жоспар – 12 мың литрге жету. Салынған қоралар, қоймалар мен өңдеу цехы Еуропадан еш кем емес.

Кезінде Италияға барғанымда ешкі фермасын көріп, «осындай шаруашылық бізде де ұйымдастырылса» деген ойда келіп едім. Жергілікті кәсіпкерлерге ешкі фермасын ашқыздым. Республикадағы тұңғыш ашылған ешкі фермасы жұмыс істейді.

— Облысымызда ауыл шаруашылығының еліміз бойынша тағы бір баламасыз жобасы қолға алынғанынан құлағдармыз… Толықтыра айта кетсеңіз.

— Бұл шаруаның да қиыншылығы жоқ емес. Мәселен, сүтінің өзіндік жағымсыз иісін азайту үшін сауын ешкіге күніне бір алма немесе сәбізден беріп отыру керек екен. Жаңа кәсіпорында ешкі сүтінен еуропалық стандартта бірнеше түрлі ірімшік, брынза, йогурт, қаймақ, сүзбе секілді жиырмаға жуық өнім шығарып отырмыз. Болашақта асыл тұқымды ешкілерді де сатамыз деген жоспардамыз.

Одан бөлек, тағы бір ерекше жобалар – екі бекіре зауыты іске қосылды. Балықты да аулап емес, бағып алуға болады. Белгілі бір уақыттан кейін кемінде 160 тонна қызыл балық, 2 тонна уылдырық шығаратын болады. 

АЗЫҚ-ТҮЛІКТІ АЛЫСТАН ІЗДЕМЕЙ…

— Ауыл шаруашылығы туралы сөз болғанда, егін салу, одан әрі азық-түлік қауіпсіздігі жайын айналып өту мүмкін емес қой…

— Біз алдыңғы жылы жаз мезгілінде облысымызды өз көкөнісімізбен толық қамтамасыз еттік. Артылған өнімді 2014 жылы көрші Ресей аймақтарына сата бастағанбыз. Өткен жылы көкөніс консервілейтін өндіріс орнын іске қостық. Онда жылына 370 тонна салат түрлері және 75 мың құты көкөніс консервіленеді.

Жылына 12 миллион дана ет консервісін шығаратын өндіріс іске қосылды. Қазір Астана дүкендеріне дейін сатылуда.

Екі құс фермасы ашылды. Облысымызды жұмыртқамен артығымен қамтитын қуаты бар.

4,5 мың тоннаға жететін тұрақтандыру қорын жинап қойдық. Онда тамақтың 14 түрі бар. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен бағаны тұрақтандыру мақсатында осы жұмыстың жалғасы – Атырау қаласында таяуда ғана коммуналдық базар ашылды.

Картоп егілетін алқап едәуір ұлғайтылды. Облыста небары 57 гектар картоп егілсе, қазір 1,5 мың гектарға жетті. 2014 жылы 16 мың тонна, 2015 жылы 21,3 мың тонна картоп жинадық. Алма мен жүзім өсіру өрісін кеңейттік. Бал шығаруды бастадық.

Тауық етін өндіретін бройлер құсы фабрикасы биыл жұмыс істей бастайды.

— Ауыл тіршілігін жандандыра түсу жайы инфрақұрылымсыз, әлеуметтік нысандарды жетілдірусіз жүзеге асуы екіталай екені түсінікті.

— Облыста әлеуметтік инфрақұрылым едәуір жақсарды. Облыс елді мекендерінің 79,5 пайызы табиғи газбен қамтылды. Халық санына шақсақ, облыс халқының 98 пайызы өркениеттің қызығын көріп отыр.

Атыраумен Махамбет және Индер аудандарының Бұхар жағын қосатын 170 шақырым жол аяқталды, 19,2 миллиард теңге бюджет және басқа да демеушілік қаражатқа салынды. Жол бойындағы ондаған ауылдың кіреберіс жолдары мен негізгі көшелері жөнделді. Жалпы, соңғы үш жылда облыста 600-ден астам шақырым жол жөнделіп, тәуір жол 30 пайыздан 47 пайызға көтерілді. Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасына Атыраудан Ақтөбе және Астрахан бағытындағы республикалық маңызды жолдар енді, құрылыс биыл басталады.

«Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша 72 елді мекен ауыз сумен қамтылды. 2013 жылдан бері жүзден астам білім нысаны жөнделді.

Соңғы үш жылда денсаулық сақтау саласына 9 млрд. теңге бөлінді. 23 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді.

Халықтың өнер тамашалап, бас қосып, саяси жиындарға қатысып, келер күннің жайын ойласар бірден-бір ортақ орны – мәдениет үйлеріне келсек, соңғы үш жылда 28 мәдениет үйі жөнделіп, жаңадан 2 мәдениет үйін салдық. Биыл екеуін пайдалануға береміз. Тағы 10 мәдениет үйін жоспарлап отырмыз.

— Шекараның шетінде, желдің өтінде жатқан бұрынғы полигон – Азғыр өңірі өркениеттен кенже қалып жатқан жоқ па?

— Бұл өңірге ауыз су апаратын Қоянды жобасы ертеректе басталып, аяқталмай қалған екен. Бұл жоба шешімін тапты.

Азғырға 367 шақырымдық газ құбыры құрылысының жобасын жасап қойдық. Демеушілік қаражатпен биыл басталады. Себебі, бұл жаққа көмір тасудың жөні жоқ. Қымбатқа шығады. Көмірді «жеткіздік» дегеннің өзінде, оны тұтататын ешбір тамызық таппайсың. Шағыр мен шөппен отын тұтату қиын. Онда, тіпті қамыс та өспейді. Газ жеткізу – халыққа жылу беруге ғана емес, болашақта шағын және орта кәсіпті дамытуға да жол ашады.

Шекаралық аймақтардағы елді мекендерді сақтап қалуымыз керек.

— Қазіргі таңда елді мұнайдың бағасы да алаңдатып отыр. Теңге мен доллардың ара-қатынасы бар. Кәсіби мұнайшы-маман ретінде болжам жасасаңыз.

Біріншіден, теңгенің құны, жасыратыны жоқ, көп жағдайда мұнайдың бағасына тәуелді. Бізде де, Ресейде де солай. Екіншіден, мұнай бағасының былайша кенеттен құлдырап кетуі, көбіне, геосаяси себептерден туындап отырғаны жасырын емес. Менің жеке ойым бойынша, мұнайдың баррелі 30 доллардан көп төмен түспеуі керек. Мұнайдың әр баррелі 30 доллардан төмендеп кетсе, барлық қатысушыларға соққы болып тиюі мүмкін… 

«КЕҢ БОЛСАҢ, КЕМ БОЛМАЙСЫҢ»

— Сізді әкімдік қызметіңізде ғана емес, азамат ретінде алаңдататын жайттар туралы айта аласыз ба?

— Адамдар ең үлкен байлығымыз – тыныштығымызды терең ұғынып, бағалап, өзара қамқор болса, ортақ іске ой қосып жүрсе екен дейсің. Орынсыз сынға жиі жүгініп, «Өзің білме, білгеннің тілін алма» қағидасының аясында қалатын болсақ – елдің елдігіне сын, зор нұқсан. Демократия мен демогогияның ара-жігін ажыратпай, аузымызға келгенді айта берер болсақ, алған бағыттан адасуымыз қиын емес.

…Абайды сабап, Сәкеннің әдемі жүзін қанға бояп, көзін ағызған кімдер? Өзіміздің туыстар!

Кекшілдік, көреалмаушылық, алауыздық – біздің қайғылы сорымыз.

Хан да, қара да ақылымен, шешендігімен, көсемдігімен көзге түседі. Өседі.

Қандай әдемі гүл де құнарлы ортада өспесе, ерте солады.

Жақсы, ерекше қасиеттерімен дараланған азаматтарымызды ерте жоғалтып, жалтақтап, жалбақтап өскенімізді түсінеміз бе екен? Әй, қайдам!

Әлі де шаруамызды күйттеп, ағайындарымыздың айналасынан аса алмай, асқандарды көре алмай, сүрінгенін күтіп, біреу күйе жаға бастаса, қуана қоштап, жоғарыда айтқан үш қайғылы сордың шырмауында жүрміз.

Халқымыздың қаймағын сол сұрқия қасиеттердің кесірінен ерте, жазықсыз жоғалтқанымызды, «өрмелеп шығып күн болам» деген азаматтарсыз түнерген түндей жылдарға қалай кіріп кеткенімізді байқамаппыз-ау деп ойлаймын. Мұның бәрін ақылымның асқанынан емес, біраз жасқа келіп, тарихты парақтап, көңілге тоқығаннан айтып отырмын.

«Айналамызға сын көзбен қарамауымыз керек» деуден аулақпын. Адам сынды әуелі өзінен бастағаны дұрыс шығар. Әр азамат «осы ел, Елбасы, үкімет, басшылар маған не берді?» деп емес, «мен жанұяма, ортама, еліме, халқыма не бердім» деп ойлап жүрсе көптеген арзан, берекесіз сөздер азаяр еді.

Осындайда америкалық психолог Брайан Трейсидің сөзінің орыс тіліндегі аудармасы есіме түсе береді: «Вы там, где вы есть, и тот, кто вы есть, из-за того, как вы себя воспринимаете. Измените мнение о себе, и вы измените вашу жизнь… Никто не заставляет Вас сердиться, это – ваша реакция… Незнание того, что от тебя требуется – демотиватор номер один в мире…». Қандай сөздер! Әр адам өз орнын біліп, өз мүмкіндігін барынша пайдаланса, көптеген келеңсіздіктер болмас та еді.

— Адам бойындағы қандай қасиеттерді жек көресіз?

— Көреалмаушылық пен сараңдық! Көреалмаушылық қасиет талайдың түбіне жеткен. Сараңдық – ауру секілді. Кей адам өзінің осы қасиетімен бақытсыз екенін байқамайды. Барлық халықта «Құдай бергенге береді» деген сөз бар. Пейілдің кеңдігіне не жетсін! Тарихтан тағылым алып, айналамызға ұялмай қарауға тиіспіз ғой.

— Еңбек өтіліңіздің басым бөлігін басшылық қызметтерде өткізген көрінесіз. Тұтас дәуір дерлік осынау кезеңдегі тәжірибеңізді бірер ауыз сөзге сыйғызу керек болса…

-Ғұмыр бойы жиған жеке тәжірибемнен түйгенім – біріншіден, басшылық лауазымдағы адам нәтижелі жұмыс жасауы үшін, ең алдымен, өзіне дұрыс мақсат қоя білуі керек. Екіншіден, сол мақсатына қандай жолмен тезірек, әрі тиімдірек жетуге болатынын дер кезінде ұғына білгені жөн. Ал, айналасындағы адамдарды нақтыланған мақсатқа ұйымдастыра, жұмылдыра білу – кезекті шарт. Өз басым жанымдағы азаматтарға әзіл-шыны аралас үнемі айтып жүрем: «Жігіттер, менде ой мен идея жетеді. Тек соны жүзеге асыруға уақыт пен қаражат жетсе екен» деп.

Еліміздің барлық облысында, соның ішінде біздің Атырауда да, жағымды өзгерістер жеткілікті. Соның барлығы тек қана Елбасымыздың әу бастан сауатты саясат, көреген мақсат қоя білгеніне байланысты. Өткен ғасырдың 90-жылдарымен салыстырып қараңыздаршы: Ел – сол ел. Халық – сол халық. Жер астындағы байлық та өзгеріп кеткен ештеңесі жоқ. Бәрі сол қалпында. Бірақ, ол кез бен бұл кездің жағдайындағы айырмашылық жер мен көктей. Оның сыры неде? Оның сыры – Мемлекет басшысының дұрыс мақсат қоя білгенінде. Қысқа уақыт ішінде елімізге шетелден қаншама миллиардтаған инвестиция келді. Қаншама жастарымыз шетелде білім алды. Азаматтардың жұмысқа деген, болашаққа деген ұмтылысы түбегейлі өзгерді. Соның арқасында біз бүгін қазіргі жетістіктерімізге жетіп отырмыз. Елбасының нақтылап берген міндеттемелерін ойдағыдай орындар болсақ, біз әлі де талай межені бағындыратын боламыз.

— Сұхбатымыздың соңғы сауалы шаруашылық жағынан емес, шығармашылық жайынан болса деп ойлаймын. Қырық жылдан астам басшылық қызметтер атқарғаныңызды айтып қалдыңыз. Оның үстіне шығармашыл адамсыз, өлең жазатыныңызды білеміз. Ғұмыр жолыңыздан келер ұрпаққа олжа, тағылым боп қаларлықтай мемуар не ғылыми-тұжырымдық кітап жазып жүрмісіз немесе жазу жоспарыңызда бар ма?

— Жазған да жоқпын, жазып жүрген де жоқпын. Өзімнің ешқашан ақын болмайтынымды да білемін. Ал, ақын болуға ұмтылу, еліктеу, ақынжандылық деген болады. Өмір жолымда, жалпы, еліктеудің үлгілері аз болған жоқ. Бір кездері математик те болғым келді, журналист те болғым келді. Музыкадан да жақсы хабарым бар. Айналғанда, мұнайшы болдым…

Өмірімде адам таң қаларлық оқиғалар аз болмаған шығар. Мысалы, Уфаға институтқа түскен бойда 1966 жылы Қазақстан Жазушылар Одағынан көп жазушы келді. Оларды башқұрттың Жазушылар Одағының төрағасы Мұстай Кәрім күтіп алды. Айтулы мәдениет сарайының ішінде әсерлі кездесу өтті. Сонда мен сұранып, сахнадан жазушылар алдында өлең оқыдым. Түсіп келе жатқанымда ақ көйлек, қара костюм киген, шашы бұйра, шалбары тар, әрі қысқалау (дәл қазіргідей есімде), бойшаң бір жігіт «бері кел» деп шақырып алды. Мән-жайымды сұрады. Содан кейін айтқаны: «Мұнай институтында оқысаң, сенен ақын шықпас. Бірақ, ақынжанды адамдардың жаны нәзік болады, осыны тастама», — деді. Ол Төлеген Айбергенов екен. 1967 жылы, арада бір жыл өткенде қайтыс болып кетті. Мұндай сәттердің өмірімізде талайы өтті.

Жазған-сызғандарымды өз алдына жеке кітап қып шығарғаннан гөрі, осындай сұрақтарға естелік етіп айтқанды жөн санаймын.

— Ақжарқын әңгімеңіз үшін алғысымызды білдіреміз.

 

Әңгімелескен: Ерболат  ҚАМЕНОВ, Жолдасбек  ШӨПЕҒҰЛ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button