БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ – САЛАМАТТЫЛЫҚ БАСТАУЫ
Онлайн режиміндегі селекторлық кеңеске Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысты.
Күн тәртібіндегі тақырыпқа орай Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Ерлан Қожағапанов баяндама жасады. Оның айтуынша, бұқаралық спортты дамытуда жыл сайын саны өсіп келе жатқан кешенді спорттық шаралар маңызды орын алады. Мәселен, 2011 жылы 17 мың осындай шара ұйымдастырылса, 2012 жылы 3,6 млн.-нан астам адам қатысқан 18 мыңдай кешенді шаралар өткізіліпті. Ал елімізде жалпы спорт және дене шынықтырумен айналысатын адамдардың саны 21,6 пайызды құраған.
Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы бұдан әрі мектептердегі спорттық шаралардың жағдайына да тоқталып өтті. Қазіргі мектептердегі спорт секцияларымен қамтылған оқушылардың үлесі жалпы оқушылар санының 27,7 пайызын немесе 687 мыңнан астам баланы құрайды, деді Е.Қожағапанов. Десек те, бүгінде оқушылардың көпшілігі әлі де дене жаттығуларынан төмен көрсеткіш көрсетіп отыр. Оған қазіргі таңда балалардың күндіз-түні компьютер, теледидар алдында отыруы, жалпы қимыл-қозғалысы аз істерге бейімделіп кеткені себеп болуда.
Сондай-ақ, оған қоса, өткен жылдың соңында Білім және ғылым министрлігі бекіткен типтік оқу жоспарына сәйкес мектептерде дене шынықтыру сабақтарының 2 сағатқа дейін қысқаруы да мәселені күрделендіріп отыр. Бұл ретте дене шынықтыру мұғалімдерінің жалақысына қатысты да әңгіме қозғалды. Е.Қожағапановтың айтуынша, мерзімнен тыс сабақтар үшін базалық қызметтік еңбекақының 45 пайызы мөлшеріндегі 17 697 теңгені құрайтын қарастырылған үстеме ақы білім беру мекемелерінің тек жартысында ғана төленеді.
Аталған мәселе оқушылар арасында бұқаралық спортты дамыту әлеуетін айтарлықтай төмендетеді, дене шынықтыру мұғалімдерін сабақтан тыс сабақтарды ұйымдастыруға ынталандырмайды. Сондықтан, барлық мектептер дене шынықтыру мұғалімдерін жоғарыда көрсетілген төлеммен қамтамасыз ету қажет.
Отырыста сондай-ақ Білім және ғылым министрі Б.Жұма-ғұлов, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері сөйледі.
Талқылауды түйіндеген С.Ахметов «Жұмысты қоғамдық денсаулық сақтауды дамытуға, саламатты өмір салтын қалыптастырып, адамдарды сол құндылықта тәрбиелеуге шоғырландыру қажет. Бұған барлық мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары және жұмыс берушілер белсенді түрде қатысуы керек. Мемлекет басшысы бұқаралық спорт және жоғарғы кәсіби спорттар кешенді жүйелі көзқарасты талап ететінін әрдайым баса айтады. Яғни, Үкімет өз жұмысында осы факторларды есепке алуы қажет», деп атап көрсетті. Осыған орай, Үкімет басшысы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігіне мүдделі органдармен бірлесіп көрсетілген мерзімде «Спорт және дене шынықтыру туралы» заң жобасының жаңа нұсқасын енгізуді тапсырды.
Сондай-ақ, агенттікке Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігімен бірлесіп республикада бұқаралық спортты дамыту бағдарламасын дайындап, үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегіне дейін Үкіметке ұсыныс енгізуді жүктеді.
Білім және ғылым министрлігіне облыстар, Астана мен Алматы қалалары әкімдерімен бірлесіп жаңа оқу жылына дейін жалпы білім беретін мектептерде 3 сағаттан кем емес уақыт міндетті дене тәрбиесі сабақтарын қалпына келтіруді, мектептерде әлжуаз балалар үшін сауықтыру дене тәрбиесі топтарын қалпына келтіру немесе жаңадан ашу шараларын қабылдау, мектептерді саламатты өмір салты бағдарламасы бойынша оқу уақытынан тыс дәрістер өткізгені үшін қосымша ақы алатын дене тәрбиесі ұстаздарымен 100 пайыз қамту тапсырылды.
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне, Республикалық бюджеттік комиссияның қарауына жергілікті бюджеттердің бірлесіп қаржыландыруын есепке ала отырып емдеу-дене шынықтыру кешендері құрылысы мәселелерін енгізуді тапсырды.
Үкімет басшысы сондай-ақ отырыс соңында еліміздің үстіміздегі жылдың алғашқы жарты жылындағы әлеуметтік-экономикалық қорытындысын мәлім етті. Айталық, ішкі жалпы өнім 105,1 пайызды, өнеркәсіптің нақты көлем индексі 101,8 пайызды құраған. Ал негізгі капиталға келген инвестициялар өсімі 8 пайызға жуық болса, инфляция 2,7 пайыз болып отыр.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»,
Дәулетқали АРУЕВ,