veterany 1

АЗАМАТТЫҚ сын сағатта сыналар

Адамгершілік айнасы Жаңалықтар Экономика Қоғам

Аtr.kz/17 сәуір, 2020 жыл. Кәсіпкер болу бар да, тапқан пайдасының бір бөлігін қайырымдылыққа, елдің кәдесіне жұмсау бар. Қазақ халқында мұндайды жомарттық, мәрттік деп атайды. Әсіресе, қиын сәтте демеу болып, жұртына көмек көрсетіп жатқан бизнес иелері арамызда аз емес.

Қауіпті індетпен күрескен шақта олар да қол қусырып қалмай, мүмкіндігіне қарай азық-түлікпен жәрдемдесіп жатыр. Сондай-ақ, осындай сәтте кәсібі тұралап қалып, шығынға батқанына қарамастан, жекеменшік нысандарын ел мүддесіне беруі де – көпке үлгі тұтарлық, мадақтауға тұрарлық игілікті іс екеніне шүбә жоқ.

Басты құндылық – адам өмірі

Атырау өлкесі өндірісті өңір болғандықтан, мұндағы жеке кәсіпкерлік нысандарының басым бөлігі мұнай-газ компанияларына сервистік қызмет көрсетумен айналысады. Сондай-ақ, еліміздің басқа аймақтары секілді облыс орталығында қонақүй, мейрамхана, жедел тағам бизнесі жақсы дамыған. Әйтеуір, жылдың төрт мезгіліне, орналасқан жеріне қарамастан тұтынушылар жиі келіп жатады. Осы қалада туып-өсіп, балалық шағын киелі Қызылқоға топырағында өткізген Әлібек Семғалиевтің мамандығы – мұнайшы. Бұл салада ұзақ жыл еңбек етіп, саланың майын ішкен маман кәсіпкерлікті де бес саусақтай меңгеріп алды.

Бүгінгі таңда тәжірибелі мұнайшының мейрамханасы, өмірлік серігі-сүйген жарымен бірлесіп ашқан қонақүйі бар. Бұған дейін де кәсіпкерлігінен түскен табыстың бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсауды дағдыға айналдырған ол ел басына күн туған шақта да үн-түнсіз қалмады. Облыстық әкімдіктің ұсынысын қабыл алған бизнес иесі иелігіндегі 62 орындық «Пекин» қонақүйін төтенше жағдай кезінде медицина қызметкерлеріне пайдалануға берді.

Қазір қала орталығындағы қонақүйде тәулік бойы халыққа қызмет етіп, қауіпсіздік үшін үйіне бармай, жұмыс істеп жатқан «жедел жәрдем» мамандары кезекшіліктен тыс уақытта тынығады. Яғни, олар – науқастар емес, өзгелердің денсаулығы үшін өз басын қатерге тігіп, жұмысына барыпкеліп жүрген қызметкерлер. Әзірге мұнда отызға тарта маман демалыс уақытын өткізеді. Нысанда асхана қарастырылмағандықтан, еріктілер үш мезгіл тамақпен қамтып отырған көрінеді.

– Ең басты құндылық – адам өмірі. Сондықтан, қонақүйдегі қызметкерлерімнің басын қатерге тіге алмадым. Қазір олардың барлығы үйінде. Ғимаратты толықтай «жедел жәрдемнің» ұжымына аманаттап тапсырдым. Тек нысанды сыртынан бақылайтын бір ғана жұмысшы қалдырдым. Ол қонақүйдегі адамдармен ішіндегілермен мүлде байланыспайды. Жататын, тамақ ішетін орны бөлек. «Сақтықта қорлық жоқ қой», – дейді Әлібек Семғалиев.

Экономиканы адамзат жасайды

Рас, бәзбіреулер «қазір қызмет көрсету орындары тоқтап тұр, қонақүй іші де бос» деуі мүмкін. Бірақ, ешқандай қызмет ақысын алмай-ақ, үлкен ғимараттың коммуналдық шығынын өз қалтасынан өтеуі, тіпті, ел игілігіне пайдалануға беруінің өзі кәсіпкердің үлкен жүректің иесі екендігін айқын аңғартса керек.

Бұдан бөлек, кейіпкеріміздің тағы бір қалалық мәслихат депутатымен бірлесіп «Біз біргеміз!» республикалық акциясы аясында аз қамтылған отбасыларға азық-түлікпен көмектескенін біреу білсе, біреу білмес. «Өндіріс ошақтарымыз Исатай ауданында орналасқан ғой» деп, қырыққа тарта исатайлық жанұяға қол ұшын созғанын да көпшілік ұмыта қойған жоқ. Әлеуметтік желі арқылы көмек сұрағандардың көңілін қайтармағандары қаншама?!

Бұл аз десеңіз, мінезі жайсаң жомарт кәсіпкер Алматыдан тапсырыспен алдырған бірнеше рет пайдалануға арналған 500 дана бетперденің 60-сы «Пекиндегі» жедел-жәрлем қызметкерлеріне, 300-і облыстық инфекциялық ауруханасына берілген. Екі мыңдай медициналық бетперде, биялайлар дәрігерлерге, әлеуметтік осал топтарға тегін таратылған. Міне, кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі деген осы болса керек.

– Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев дер кезінде шұғыл шараларды қабылдады. Пандемия кезінде мемлекет алдында екі таңдау болды. Экономика және адам өмірі. Біздің ел адами капиталды таңдады. Сондықтан, осыны жете түсініп, сақтық шараларын ұстанғанымыз абзал. Бұл кезеңді шыдамдылықпен, төзімділікпен өткізсек, ұтылмайтынымыз анық. Сынақты көтере білуіміз керек, – дейді кәсіпкер.

Бүгінде ол жұмыс істейтін мұнай компаниясы онлайн жұмысқа көшті. Тек, өндірістегі вахталық әдістің ауысуы қиынырақ болып тұр екен. Бұл тығырықтан шығу үшін кейіпкеріміз демалыстағы қызметкерлерге еңбек демалысын беріп, өндірістегілерді 45 күнге, 6 мамырға дейін қалдыруға шешім қабылдаған.

Дәнекерлеушіден – кәсіпкерлікке

Жергілікті кәсіпкер Болат Бушанов та сын сағатта көмек қолын созып, алдыңғы шепте жүрген 42 медицина қызметкеріне «Престиж» қонақүйін беріп, тамақпен қамтып отыр. Сондайақ, бизнес иесі Атырау облыстық аурухананың 75 дәрігерін ыстық тамақпен қамтамасыз етіп келеді. Кәсіпкер атап өткендей, қазіргідей қиын шақта адам өмірі үшін инфекциямен күресіп жатқан ақ халатты абзал жандарға міндетті түрде қолдау қажет. «Сондықтан бұл шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады» дейді кәсіпкер.

… Осыдан он алты жыл бұрын көршілес Орал қаласынан Атырауға қоныс аударған қарапайым дәнекерлеуші жігіт бүгінде қарамағында мыңнан астам қызметкері бар табысты бизнесмен атанарын білмеген де еді. Оның дер кезінде шешім қабылдап, тәуекел ететіндігі кәсіпкерлікке бет бұруына себепші болды. Қазіргі таңда бизнес иесінің қонақүйден де басқа бірнеше кәсібі бар. Жасаған жақсылығын тізбектей беруден гөрі қиын сәтте елді аман алып қалудың жайын көбірек ойлайды. Кәсіп иесінің қонақүйден өзге Атырау мұнай және газ өңдеу зауытында транспорт цехы, «Ақ Жайық автопаркі», «Бейбарыс» хоккей клубы бар.

– Өмірімде қол жеткізген жетістігім болса, Алла Тағаланың берген несібесі деп білемін. Өйткені, мұндай табысқа отбасымнан алған тәрбиемнің арқасында жеттім деп ойлаймын. Әкем өмірден өтіп кетті, қазір анам бар. Байлығым – отбасым. Соған шүкіршілік етемін, – дейді өзін әсіре мақтауды аса ұната бермейтін кейіпкеріміз. – Өзімді бірнеше мың доллар табысы бар бизнесмендер қатарына жатқызбаймын.

Менің де несиелерім бар. Елдегі төтенше жағдайға байланысты банктер несиені кейінге шегерді ғой. Сол мүмкіндікті пайдаланып, әзірге үнемделген ақшамды бейбіт елде індетпен күресіп жатқан ақ халатты абзал жандарға жұмсауға ұйғардым. Бұған мені ешкім міндеттеген жоқ. Тек облыстағы ахуалды бақылай отырып, өзім осындай шешім қабылдадым. Дәрігерлерді азық-түлікпен қамту үшін малды жолдас, достарым берді, – деп әңгіменің тиегін ағытты кәсіпкер.

«Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген нақыл сөзді өмірлік ұстанымы еткен азамат басқа қалада туып-өскенмен, бәріміздің Отанымыз ортақ деп есептейді. Жұрттың бетіне күле қарап, сыртынан ғайбаттауға жаны мүлдем қас кәсіпкер студент-жастарды әкелу үшін қоғамдық көлікпен көмектескенін де айтып қалды.

–Барлығымыз – бірдейміз. Бір елде өмір сүріп, бір ауамен тыныстап, суын ішіп келеміз. Табиғат-ана бізге қашан да қамқор. Мемлекет те осындай сындарлы сәтте қолдан келгенше көмектесіп жатыр. Сондықтан, еліміз де, жеріміз де бір болғандықтан, осы қалаға қал-қадірімізше көмектесуді – азаматтық парызым санаймын, – дейді Болат Бушанов.

Р.S:

Иә, ертеңгі күні не боларын ешкім болжай алмайды. Анығы – біреу: алдағы уақытта бүгін бағы бес елі болған бизнестің келешегі тіптен басқаша болуы мүмкін. Есесіне, бұған дейін айтарлықтай табыс әкеле қоймаған кәсіп түрі қайтадан жандана түсуі ғажап емес. Сондықтан, белгілі бизнесмендер қазіргі уақытты тиімді пайдаланып, онлайн түрде білімді жетілдіріп, нарықты зерделеуге кеңес береді. Өйткені, Абайша айтсақ, «адамның қолынан келмейтін іс жоқ». Ең маңыздысы да – сын сәттен сүрінбей өтіп, дағдарысқа тойтарыс беру.

Айбөпе САБЫРОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған