САЛЫҚТАРДЫҢ ӨСУ СЕБЕБІ НЕДЕ?

2014 жылы Қазақстанда салық салу жүйесіне өзгерістер енгізілмек. Үкімет алкоголь мен темекіге акциздерді өсіруді, сол сияқты жеке тұлғалар мүлкінің салықтық ставкаларын олардың базалық құнына сәйкестендіруді жоспарлап отыр. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат ДОСАЕВ төменде осы мәселелер жөнінде баяндайды.
– Ерболат Асқарбекұлы, мұндай өзгерістер енгізуге не себеп болып отыр? Әлеуметтік желілерде осының бәрі мемлекеттік бюджетті шұғыл толықтыруға байланысты туындады деген әңгімелер айтылуда.

– Бұл өзгерістердің бюджетті елеулі түрде толтыру амалына ешқандай қатысы жоқ екенін айта кеткім келеді. 2014 жылы мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдердің жалпы көлемі 5 триллион теңгеден асады деп жоспарлануда. Біздің болжамымыз бойынша, жылжымайтын мүлік пен көліктің жекелеген түрлеріне салықтарды өсіру бюджетке 10 миллиард теңгеге жете-қаба түсім әкеледі. Сондықтан мәселе бюджетті толықтыру емес, салық салу жүйесіне мүліктің шынайы құнына сәйкес түзетулер енгізуде болып отыр.
Уақыт алға басып, өмір өзгеруде. Ал салықтық ставкалар, мәселен, жылжымайтын мүлікке қатысты 2002 жылдан бері қайта қаралған емес. Яғни табыстар өсуде, рынок, бағалар өзгеруде, инфляция үдерісі орын алуда, ал салықтар 10 жыл бұрынғы деңгейде қалып отыр.
– Бірақ, рыноктағы ахуалдың өзгергеніне қарамастан Қазақстан азаматтарының басым бөлігінің тұрмыс деңгейлері еселеп жақсара қоймағаны белгілі ғой…
– Ешкім де еселеп ұлғайту жөнінде айтып отырған жоқ. Салықтарды өсіру әлеуметтік мәселе екені, оның азаматтар жағдайына әсер ететіні түсінікті. Дегенмен, объективті түрде ойластырып көрейік. Бүгінде жылжымайтын мүлікке салық бір шаршы метрдің 30 теңге бағасына сәйкес келетін базалық құнды басшылыққа алып есептеледі. Онда да Астана мен Алматы қалалары үшін ғана. Облыс орталықтары мен аудандық маңыздағы қалалар үшін бұл баға одан да төмен. Мұндай бағалар нарықтық құнға сәйкес келеді деп ешкім де айта алмаса керек.
– Сонда сіз салықтарды өсіру әділ болады деп есептейсіз бе?
– Иә, ол бүгінгі ахуалға сәйкес келеді. Қараңыз, мәселен, Астанадағы 45 шаршы метрлік екі пәтерді алайық. Олардың бірі Республика даңғылындағы ескі үйде, екіншісі Орынбор көшесіндегі жаңа үйде. Бұл үйлер бағасы әртүрлі екені шындық. Тіпті, Жылжымайтын мүлікті тіркеу орталығының бағалауы бойынша да Орынбор көшесіндегі пәтер жарты миллион теңгеге қымбат. Нарықтық баға бойынша ол айырмашылық одан да көбірек. Ал осы пәтерлерге салынатын салықтар бірдей дерлік.
Біз осы ахуалды өзгертуді ұсынып отырмыз. Осылайша, Астана мен Алматы үшін базалық бағаны қазіргі 30-дан 60 мыңға дейін көтермекпіз. Ал облыс орталықтарында 18-ден 36 мыңға дейін көтеріледі. Яғни ең жоғары базалық баға бір шаршы метр үшін 400 долларды құрайтын болады. Ал аудандық маңыздағы қалалар, кенттер мен селолар үшін ставкалар бұрынғы деңгейде қалады.
– Сөйтіп, екі астана мен облыс орталықтарының тұрғындары үшін салық екі есе өспек қой?
– Жоқ. Сіз коэффициентті ұмытып кетіп отырсыз. Базалық құнның сыртында жоғарылататын және төмендететін коэффициенттер бар. Ол құрылыстың салынған жылына, оның физикалық ескіруіне байланысты өзгеріп тұрады. Мәселен, жаңа үйде тұратындар тұрғын алаңы дәл сондай ескі үйде тұратындарға қарағанда салықты көбірек төлейтін болады. Оның сыртында ардагерлер, тыл еңбеккерлері, көпбалалы аналар мен халықтың әлеуметтік осал буындары үшін салықтық жеңілдіктер сақталады.
Тағы бір жаңалық – тұрғын алаңға градация енгізіледі. Осылайша, қымбат тұрғын үйлер – алаңы 150 шаршы метрден асатын пәтерлер салық төлеушілер үшін қымбатқа түсетін болады. Дегенмен, мұндай үйлердің көп емес екенін айта кету қажет. Бүгінде елімізде барлығы 2,14 миллион пәтер бар. Олардың 10,1 мыңының алаңы 150 шаршы метрден асады. Ал үйлер саны 2,6 миллион, оның ішінде 300 шаршы метрден асатындары 34 мыңдай ғана.
– Кім көп табыс тапса, сол көбірек салық төлеуі тиіс демексіз ғой?
– Иә, дәл солай. Әзірге бізде Алматының шетіндегі «хрущевкада» тұратындар мен орталықтағы жаңа үйде тұратындар бірдей дерлік салықтар төлейді. Бұл әділеттілікке жата ма? Меніңше жатпайды. Неліктен мен министрдің еңбекақысын ала отырып, қарапайым мұғалімнен сәл ғана көп салық төлеуім керек? Бұл мүлде дұрыс емес. Егер адам жаңа пәтерге ақша таба алса, ол жылына бір рет осы пәтер үшін салық төлеуге де қабілетті.
– Осы айтылғандарға көлік салығының өсетінін де қосып қояйық.
– Иә, көлік салығы да өсетін болады. Бірақ барлық автомобильдерге емес, тек қозғалтқыш көлемі 3-тен 4 текше метрге дейінгі автокөліктерге ғана. Мұндайлар Қазақстанда небәрі 112 мың ғана шамасында. Бүгінде осындай машина иелері 26 мың теңге салық төлейді. Біз бұған дейін қозғалтқыш көлемі 4 текше сантиметр болатын автомобильдерге төленетін салықтарға өзгерістер енгіздік. Ондай автокөлік иелері реніш білдірмей-ақ салықтарын төлеп жүр.
– Салық төлеуден жалтару жайттары қалай болмақ? «Лексус» автокөліктерін Ұлы Отан соғысы мүгедектері мен ардагерлері атына ресімдеп, салықтық жеңілдіктерді емін-еркін пайдалану схемасының бар екені баяғыдан белгілі.
– Ендігі жерде ондайға жол берілмейді. Қозғалтқыш көлемі 4 литрден асатын қымбат машина категориялары үшін біз барлық жеңілдіктерді алып тастайтын боламыз. Елімізде бүгінде осындай автомобильдер иелерінің төрттен бірі дерлігі салықтық жеңілдіктерді пайдаланады. Мұның іс жүзінде салықтан жалтару екенін біз жақсы түсінеміз. Сондықтан да көлікке салынатын салықтарға жеңілдіктер алынып тасталмақ. Осылайша азаматтардың толық салық төлей бастауы арқасында бюджетке қосымша 1,7 миллиард теңге түсім түседі деп күтілуде.
– Салықтарды өсіруді болдырмау үшін депутаттар бензин акциздерін өсіруді ұсынды. Неліктен солай жасауға болмайды?
– Акциз құнының өсуіне ешуақытта жол беруге болмайды. Өйткені, бензин бағасы өсуінің соңын ала азық-түлік және басқа да тауарлар бағасы көтеріліп кететін болады. Сондықтан бүгінде мұндай шара туралы айтудың еш реті жоқ.
– Алкогольді және темекі өнімдері акциздері қашан көтеріледі?
– Иә, біз акциздерді өсірудеміз және болашақта да өсіре бермекпіз. Атап айтқанда, бүгінде мың сигаретке акциз 1550 теңгені құрайды. Біз 2014 жылдан бастап оны 3 мың теңгеге дейін, яғни 100 пайызға өсірмекпіз. Сонымен бірге, акциздерді біртіндеп өсіріп отыру жоспарда бар. Осылайша 2020 жылға қарай мың дана сигареттің акцизі 45 еуро деңгейінде болмақ.
Алкогольді өнімдерге қатысты да дәл солай. Егер бүгінде 1 литр спирттің акцизі 2,5 еуро болса, 2014 жылдан бастап ол 5 еуроны, ал 2016 жылдан бастап 8 еуроны құрайтын болады.
Акциздерді өсіру біз үшін өте қажет және тек экономикалық тұрғыдан ғана емес. Бізде темекі мен спиртті ішімдіктер өте арзан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, Қазақстан жан басына шаққандағы спирт тұтынудан алғашқы отыздықтың қатарына енеді. Бізде бір қазақстандыққа 7-8 литрден келеді екен. Бұл өте қатерлі көрсеткіш. Сондықтан да акциздерді көтеру қажет.
– Сіз акциздерді көтеру арқылы спиртті ішімдіктер мен темекінің «қара рыногын» ұлғайтып жібереміз деп қорықпайсыз ба?
– Егер әңгіме спиртті ішімдікті қолдан жасау жөнінде болса, біз ондай рыноктың бар екенін білеміз. Мәселе бұл жерде тағы да бақылауды күшейтуге келіп тіреледі. Біз алкогольді ішімдіктерді сату ережесін қатайтпақпыз. Олар ірі сауда орталықтары мен мамандандырылған дүкендерде ғана сатылуы тиіс. Мұндай талаптарды бұзғандарға жауапкершілік те күшейтілетін болады.
– Сіз акциздерді өсіру мен заңсыз сауда үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту адамдардың бойында саламатты өмір салтына деген талпынысты қалыптастыру үшін жеткіліксіз деп ойламайсыз ба?
– Сөз жоқ, ол үшін бүтіндей бір шаралар кешені қажет. Ондай шаралар елімізде жүзеге асырылуда. Бұқаралық спортты дамытуға орасан зор көңіл бөлініп отыр. Бірақ олардың сыртында экономикалық шаралар да қажет. Бір қорап сигарет үшін 5-10 доллар төлеу қажет пе деген сауал тіпті үлкен адамның өзін ойландырады. Ал жасөспірімнің қалтасындағы ақша сигаретке немесе бір шөлмек сыраға жетпеуі керек. Әлемдік тәжірибе темекі өнімдері арзан тұратын елдерде темекі шегушілердің де көп болатынын көрсетіп отыр.
– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан».

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз