Қазақы той: оны қалай қалыптастырамыз?
Әрбір отбасы үйде болатын ерекше қуанышын көпшілікпен бірге атап өтуге үлкен мән беретіні анық. Бірнеше ай дайындалып, шақырылған қонақтарға сый-құрметіңді көрсету жолында бар ынта-жігеріңді саласың. Демек, «Тойдың болғанынан, болары қызық» деген нақыл сөз әлі де мәнін жойған жоқ. Осы орайда, той өткізудің белгілі бір шарты немесе жазылған нұсқауы болмаса да, бұрынғы ата-баба салтымен уақытылы жаңарып, жалғасын тауып келе жатқаны аян. Алайда, тойдың кеш басталуы, бір сарындылығы, ұзақ уақыт отырыс, жаппай тілек айту, дыбыс күшейткіштердің жағымсыз әсері, келіссіз ойындар туралы сындар айтылып та, жазылып та жүр. Сондықтан, осы бағытта ойға алған ұсыныс-пікірімді білдіргенді жөн санадым.
Шақыру
Тойға шақырудың мәдениеттілігін арттыру шақырылған қонаққа көрсетілер алғашқы құрмет. Сол себепті бұрынғы қатырма қағаздағы жаттанды шақыру билеттерінен арылып, той иелері шақырылатын қонақтың әрбіреуіне жақындық қатынасын айшықтайтын, құрметтеп, сыйлайтындықтарын білдіретін мәтін жазылған шақыру хабарламасын жібергені орынды. Бұл күнде кез келген үйде немесе қызмет көрсету орындарында жазу-сызу құралдары, электронды пошта, желілік жүйелері бар. Сол себепті, той қонақтарына «Қадірлі —-! Сіздерді көңілімізге қуаныш сыйлағалы отырған ұлымыз —- үйлену тойына шақырамыз. Ширек ғасырдан астам уақыт әулетіміздің сыйлысы болып араласқанымызды мақтаныш етіп, салтанатты тойымыздың төрінен күтеміз. Өмір жолдары өнегелі, жаны жомарт, аузы дуалы Сіздердей жандардың жаңа өмір есігін ашқалы отырған ұлымыз бен келінімізге ақ батаңызды беріп, ақ жол тілеуіңізді сұраймыз. Той күні, мекен-жайы. Беташар рәсімі сағат 12.00-13.00 аралығында өткізіліп, той дастарханы 13.00-де басталады. Орындарыңыз 5 столда белгіленген. Сіздерге деген құрметпен, ата-әжесі, әке-анасы» деген мәтінде тойға шақыру жолданып, солардың ішінен бір адамнан бата беруші нақтыланып, ескертілгені қандай жақсы?! Бата берушілерден басқа той қонақтарына шақыру қағазына қосымша арнайы «тілек бетшесі» жасақталып, әркім ақ тілегін сол бетшеге жазып той шашуымен бірге той иесіне табыстаса керемет емес пе?! Кейіннен бұл бетшелер жинақталып, «Той қонақтарының тілектері» кітапшасын шығартып, жас отаудың төріне қадірлеп іліп қойса, тамаша естелік болып сақталады.
Сонымен қатар, қазір мүмкіндік мол. Тойға шақырылған жолдастары, ұжымдастары, бірге оқыған достары, көршілері өзара топтасып бейнетаспа (видео) жасақтап, кең қамтылған тілектерін, арнауларын жолдап, өткен қызықты шақтарын бейнелеп, әуенмен әрлеп, суреттермен безендіріп, диск не флешкаға жазып той иесіне табыстаса қандай жарасымды? Бұдан шығатын қорытынды – тойды өткізген соң отбасы мүшелері жастарға кімнің кім екендігін таныстырады. Бұл– той уақытының үнемделуіне де әрі қымбат естелік ретінде де құнды тәсіл.
Уақыты
Әлбетте, той қонақтары жақсы демалып, шаттық көңілмен, салтанатты кештен рухани күш жинап қайтуға тиіс. Осы тұрғыда, біраз ақылға салатын жайттар бар. Айталық, адамдардың түнгі мезгілде тамақ жеуі уақытпен сәйкес келмейді. Егде адамдар үшін жүріп-тұру қиындығы өз алдына, ауылдағы ағайынның келіп-кетуіне қолайсыздық тудырып, қонақтарға қызмет етушілерді әжептәуір әбігерге салатыны сөзсіз. Бұған қоса, түнде тойға барамын деп үйдегі жас балаларды иесіз қалдыра алмайсың. Демек, осындай жайттарды ескере отырып, тойды күндіз сенбі, жексенбі күндері жарық мезгілде өткізген қолайлы деп санаймыз.
Беташар
Беташар рәсімі жаңа түскен келінге әулеттің етене жақын адамдарын туыстық қатынастарына байланысты таныстыру болып саналады. Бұл шараға барша той қонақтарын қатыстырудың қажеттілігі жоқ. Оған қатынасуға тиісті деген ағайындарды тойдан бір сағат бұрын әдейілеп шақыру қағазында көрсетіп, өткізілетін орнын көрсеткен дұрыс. Беташар мүмкіндігіне қарай шаңырақтың ауласында, көп қабатты үйлерде тұрса алдыңғы алаңында, салқын мезгілдерде мейрамхананың кіреберіс бөлігінде өткізілгені орынды. Келіннің беті ашылып, қасиетті шаңырақтың төріне босағадан аттағаннан бастап салтанатты шаралар жалғасқаны жөн.
Дастархан
Той қонақтарын салтанатты сарайда орналастыру, олардың өздерін жайлы сезінуіне көп көңіл бөлінгендігі дұрыс. Тойдың бірінші кезеңінде бір жарым-екі сағат көлемінде үлкендер (80-60 жас аралығы) той қуанышын тамашалап, той иелерінің құрметін көрген соң, жастарға бата беріп үйлеріне қайтса. Осы жерде ас қайырылып, үзіліс жарияланса, орта жастарға билеуге, ойындар ұйымдастыруға ыңғайландырылса ғажап емес пе?!
Тойды жалғастыруға ынталы топ қайта келіп жайғасады. Айта кетерлігі – бірінші кезеңінің ұлттық болмысты ерекшелейтін жолдары қарастырылуы керек. Дәстүрлі әндер айтылып, жыр-термелер орындалса, тойбастар секілді жоралғы, салт-дәстүрмен сабақтасқаны қатынасушы жастарға үлгі-өнеге болары анық.
Тойдың бірінші кезеңінде тілек айтылмайды, бата беріледі. Ортаға шыққан үлкендер ішінен бір адам бата бергені абзал. Кейін әнші, жыршы-термешілерін ала келіп жақсы әуен орындалса той иесіне деген құрмет, тойшы қауымға қошемет, өнер иесіне ілтипат болар еді. Бұл соңғы кездерде қолданыстан қалып бара жатқан бата беру салты мен көп орындалмай, орындаушылары да сиреген халық аспаптарымен сүйемелденетін өнер түрін де қолдау. Ал, тойдың екінші кезеңінде кештің қазақы көрінісін сақтай отырып, той дастарханындағы жастардың көңілінен шығатындай ұйымдастыру той иесі мен асабаның міндеті.
Асаба
Тойдың жақсы өтуі 70 пайыз асабаға байланысты. Сондықтан, ол қонақтардың жас шамасына, кәсіп түріне, отбасылық бейімділігіне қарай той бағдарламасын жасақтауы керек. Жаңа жобалар ұсынып, кешті жүргізу ерекшеліктері арқылы қонақтарды сергітіп, көтеріңкі көңіл күймен алға жетелеп отыруға міндетті.
Тойдың бірінші кезеңінде өнер сайысы, жігіт пен қыз айтысы, нағашы мен жиеннің әзілі, мақал-мәтелдер жарысы секілді той қонақтарының көпшілік бөлігі атсалысатындай тың шаралар қажет. Қазақтың салт-дәстүрлерінен сұрақтар, тарих пен шежіреден сыр шертер ойлар, ұмыт бола бастаған жәдігерлер мен қолданыстан қалып бара жатқан халықтық қазына төңірегінде сайыстар ұйымдастыру тойдың тағылымдылығын арттыра түседі. Оған барлығы бір кісідей атсалысқаны дұрыс.
Тойдың екінші жастарға арналған кезеңі көтеріңкі көңілдегі ән-би, қызғылықты шаралармен қатар кеш қонақтарын мәдениеттілікке тәрбиелейтін, намысын жігерлендіретін бағдарламалардың болғаны жөн. Ұлттық құндылығымыз төңірегінде сайыстар, танымдық, логикалық сұрақтар арқылы ой өрісін кеңейту жолдарын ойластырғанымыз абзал.
Жұлдызды концерт
Тұрмыстық жағдайымыздың жақсарғаны болар, бүгінгі тойлар бәсеке-бәйгеге бейімделіп барады. «Мал – баланың шашуы» дегенмен де ұлттық тәрбиенің түп тамыры өзіңнен, шаңырағыңнан басталатындығын естен шығармаған қандай жақсы?! Аста-төк ысырапшылдық пен атақ-даңқ қуалаушылықтың жас отау иесі үшін ешқандай тигізер пайдасы жоқ. Тойларда алыстан алдырған әншілердің өнер шеберлігі мен кәсіби биіктігі бағаланбайды. Оны «Пәленше тойына пәленше жұлдызды шақырыпты» деген атақ үшін немесе жанында тұрып суретке түсуге пайдаланып жүргеніміз жасырын емес. Осындай мақсатқа жұмсалатын қаржыны жас отау иелері құрметіне мәні мен мазмұны жарасқан шараларға жұмсаса керемет емес пе?!
«Дарақы мырзалықтан, сыпайы сараңдық артық» деген де сөз барын ескерсек, алтын уақытымызды, жинаған қаражатымызды, мал-мүлкімізді ысырапшылдыққа ұрындырмай тойымызды мәнді де сәнді өткізейік, ағайын!
Мұрат САРМАНОВ,
Атырау қаласы
Тойдың халықтың қазынасы дейміз, бірақ қазір қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кететіні сияқты, ел-жұрттар да асабаның дұрыс емес ойындарына мәз болып ойнайды. Мен бұған үзілді-кесілді қарсымын. Салт-дәстүрі сақтап, әдептен озбаған абзал. Жастардың жын ойнақы билері мен ата-әжелердің өз жасына сай қылық көрсетпеуі ақылға қонымсыз мүлде.