IMG 5809 23 01 19 03 23

Ата салтымыз – жадымызда

Жаңалықтар Рухани жаңғыру Саясат Қоғам

         «Батысқа ілесем деп ата-бабадан қалған салтты ұмытуға болмайды» деді бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты Жастар жылының ашылу салтанатында.  Көгілдір экраннан бүкіл қазақстандық жастарға жігер беретін ұлағат пен өсиет баршамызға да ой салды.

IMG_5809-23-01-19-03-23

«Жастарды мемлекетке біз не бере аламыз деген мәселе толғандыруы керек» деді Мемлекет басшысы. Өзім қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болғандықтан, көшеде, мәдениет орындарына жиналғанда қазақ жастарының өзара өзге тілде сөйлесетінін көргенде қынжылатыным  жасырын емес.

Ата-бабадан қалған ең асыл мұра – ана тіліміз. Ұлтының тілін білмейтін адам оның салт-дәстүрін біледі деп қалай айта аламыз? Сондықтан, күні бүгін өзіме ең басты міндетті анықтап алдым. Ол – оқушыларымның қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін оята отырып, көне ғұрыпты бойына сіңіру. «Қыз Жібек» лиро-эпостық жырындағы ата-анадан бата алу, ата-ана ақылын тыңдау қажеттігі айтылатынын Төлеген мен Сансызбай образдары арқылы түсіндірсек, салт-дәстүрге адалдықты Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі», Дулат Исабековтің «Дермене» әңгімелері арқылы сіңіріп отырамын.

        «Жастардың бойында әлеуметтік жауапкершілік, қоршаған ортаны аялау сезімін қалыптастыру ең негізгі міндет. Себебі оның барлығы – болашақтарың. Әсіресе үлкенге құрмет, кішіге ізет білдірудің, мейірімділік пен адамгершілік қасиеттерді дамытудың маңызы зор. Біздің ата-бабамыздан қалған салтымыз бар. Кішілер үлкенді сыйлайды, ерлер әйелді сыйлайды. Батысқа ілесеміз, демократ боламыз деп мұның барлығын ұмытуымызға болмайды»  деді Елбасы. Біздің ата-бабаларымыз туған жерді қастерлеп, туған топыраққа бас иген. Оның бір көрінісі – елден жолаушылап шыққанда кіндік қаны тамған топырақты тұмар етіп алып кеткен. Ол бәле-жаладан сақтап, аман оралуға септігін тигізетініне шүбә келтірмеген. Үлкеннің алдын кесіп өтпеуді де ата-аналарымыз құлағымызға құйып өсіргені рас. Мен де өз кезегімде шәкірттеріме үлкенді сыйлау, қайырымдылық үлгісін көрсету жайлы ашық сабақтар өткізіп отырамын. Біздің қазақ әйелдері ежелден ерлерді сыйлап, алдына шықпаған. Ашық-шашық көйлек киіп, ата-ана ақылын құлағына ілмей, үлкенге қарсы шығатын да жастар бар екені жасырын емес. Сондықтан, ашық тәрбие сағаттарында, кездесулер мен жиындарда оқушыларымды өз ата салтымызға адал болуға тәрбиелеп келемін және жалғастыра бермекпін.

Жәмила ОТАРБАЕВА,

Атырау қаласындағы № 34 көп салалы гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

 

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған