Қазақтың ұлттық спорт ойындарына қызығушылық неге аз?
Тәуелсіздік жылдарында қазақтың ұлттық спорт ойындары қайта жаңғырып, кеңінен өрістеді. Сонау тоқсаныншы жылдардың басында ел бойынша осы бағыттағы жарыстарға әрі кетсе жиырма шақты бүркітші, төрт-бес көкпар командасы, теңге алу мен аударыспақ, жамбы атуға саусақпен санарлықтай адамдар қатысушы еді. Тоғызқұмалақ кейін дамыды. Ал, қазір ше?
Көкпар додасына әр облыстан кем дегенде бір-бірден команда қатысса, құсбегілер сайысына ең азы 60-65 бүркітші, қалғандарына да толық құрамда бақ сынасады. Сайып келгенде, осы жарыстардың дәл ортасында жүрген команданың бірі – атыраулық ойыншылар. Бірақ, аталған спорт түрлерінің қай-қайсысы да бұл өңір үшін кеңес дәуірінде ұмытылып, қайсыбірі қолға алынбағаны белгілі.
Десек те, ұлттық намыс оянса, бәрін де меңгеруге, үйренуге әбден болады. Көкпаршыларымыз соңғы екі-үш жылда бәйге төрінен көрініп, Шымкент, Қызылорда, Талдықорған қалаларында өткен республикалық додаларда күміс, қола медальдарға ие болды. Бүркітшілеріміз де соңғы жылдары біраз жетістіктерге жетті. Ақмола облысының Балқарағайында (2014 жыл), Моңғолияда (2015) және биыл Атырауда өткен халықаралық, республикалық бәсекелерде бас бәйгені жеңіп алды.
Бір ай бұрын Атырау қаласында ұйымдастырылған құсбегілер сайысында 20 бүркіт, 4 қаршыға аңға салынды. Жеңімпаз жігіттеріміздің ең үздіктері республикалық, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атануда. Қалғандары сол деңгейге жету үшін күресуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Атырау облыстық ұлттық спорт клубы «Алтын тұғыр» жүлдесімен марапатталды.
Әдетте қол жеткен табыстар марқайтады, жаңа биіктерден көрінуге жігерлендіреді. Осы орайда ұлттық ойындарымызды жетілдіреміз, жалпыхалықтық деңгейге көтереміз десек, бұл бағытта қолға алатын, ойластыратын жайттар жоқ емес. Бұл – менің пікірім және оны қолға алу қажет сияқты.
Елімізде халықаралық, әлемдік, олимпиадалық спорт түрлеріне ерекше назар аударылып, қаржыландырылады. Бұл өте дұрыс, елдің елдігін танытатын өнері мен спорты, соның ішінде, ұлттық спорт кенже қалмауы керек. Біздің ұлттық спортшыларымыздың табысы көңіл қуантады деп айту қиын. Оның себебі, біз Атырау көкпар командасын жергілікті көкпаршылармен толықтыра алмай отырмыз. Бірнеше рет хабарландыру беріліп жатыр. Жалақысы 85-90 мың теңге дегенді естіп хабарсыз кетеді.
Менің ойымша, болашақта ұлттық спортты халық арасында кеңінен тарату үшін осы мәселеге айрықша мән беру керек сияқты. Бұл әрине, болашақтың ісі, бірақ, бүгін ойластыруымыз қажет.
Бүркітшілеріміздің жағдайы да сондай. Дала қыранын ұстап, оны кәсіби икемдеп, қолға үйретеді. Қыс болса дала кезіп, аңға салады. Көкпаршы болу да екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ылғи алысып, өлім мен өмір арасында жүреді. Аударыспақ, теңге алу, жамбы ату да өзіндік қиындығы мол, кәсіби шеберлікті қажет ететін спорт. Сондықтан, оған қызығушылар саны әлі де көп емес. Мұның себебін волейболшы, футболшы, хоккейші сияқты спортшылар алатындай жоғары еңбекақы төленбейтіндігімен түсіндіруге болады.
Шындығында да, «ат құлағында ойнаған қазақ жігіттерінің футболшылардан несі кем?» деген ой келеді. Әрине, бұл – облыс деңгейінде емес, үкімет деңгейінде шешілетін мәселе. Әйтпесе, алдағы бес-он жылда шынайы көкпаршылар, бүркітшілердің қатары көбейеді деп айту қиын.
Тегінде ұлттық салт-дәстүрімізді, өнерімізді, ұлттық спорт түрлерін дамытуды әсте естен шығармаған дұрыс. Өйткені, ұлттық спорт – ұлттың құндылығы. Ұрпаққа мирас болар ұлттық құндылықтардан айырылып қалып жүрмейік, ағайын!
Өнербек ЖАНБАЛА,
Атырау облыстық ұлттық спорт клубының басшысы.