АУЫЛДАРҒА ДА – ҚАТҚЫЛ ТАБАНДЫ ЖОЛ

Аудан орталығы Миялы селосының бүгінгі әсем келбетіне сүйсіне қарайсың. Әсіресе, соңғы жылдары орталықтағы көшелерге тақтайдай түзу жолдардың төселуі ауыл адамдарын ерекше қуанышқа бөлеуде. Осының айғағындай жуырда село орталығындағы шаңы бұрқырап аспанға көтеріліп, автокөліктер құмға малтығып, әрең жүретін көшелерге қатқыл табанды жолдар төселді.

Село орталығындағы Б.Нысанбаев көшесіне 565 метрге, Е.Нұршаев атындағы ауылға кіреберістегі Бейбарыс көшесінің оң және сол жақ беткейіне 885 метрге, М.Өтемісов көшесіне 1256 метрге, Қ.Сәтбаев көшесіне 220 метрге, Х.Досмұхамедов көшесінен «Арман» мәдениет үйіне дейін 613 метрге қатқыл табанды жол төсеу жұмыстары аяқталды. Аудандық орталық аурухананың алдына автокөліктерге арналған тұрақ жасақтау мақсатында 280 шаршы метрге де асфальт төселді. Барлығы 22 200 шаршы метрге қатқыл табанды жол салынды.
Аудан орталығы Миялы селосындағы көшелерге қатқыл табанды жол төсеу жұмыстары 2010 жылы бастау алған болатын. Осынау жұмыстардың барлығын «Атырауинждорстрой» ЖШС-нің мамандары жүзеге асырып келеді.
Учаске басшысы Жұмажан Қауысқалиевтың әңгімесіне қарағанда Шолақсай елді мекенінде асфальт зауыты жұмыс істеп тұр. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына орай жергілікті жерден 30-ға жуық жұмысшы еңбекке тартылған. Жол құрылысына 40-тың үстінде техника жұмылдырылған.
Сонымен қатар, ұзындығы 337 шақырымға созылатын Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз жолын күрделі жөндеу алыстағы елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді ықпал етері сөзсіз. Қазір тақтайдай түзу жол Ойыл ауылдық округінің орталығы Жасқайрат селосынан 7 шақырым қашықтықтағы Балабейіт ауылына келіп жетті.
Жолшылар Миялы селосының күнбатыс беткейімен айналып өтетін айналма жолдың құрылысын да бітірді.
Тағы бір көңіл қуантатын нәрсе – жолшылар жергілікті тұрғындар үшін біраз қамқорлықтар жасады. Миялы-Сағыз тасжолының бойынан бір жарым шақырым қашықтықта қоныстанған Соркөл елді мекенінің тұрғындары үшін ауылға кірме жол төселіп, асфальтталды. Жол бойына аялдама тұрғызылған. Құрайлы елді мекенінде автокөліктерге арналған алаңқай жасалып, асфальтталды. Сағыз селолық округінің кіреберісіне жолаушыларға арналып аялдама бой көтерді. Мұндай халық игілігіне арналып жүзеге асырылған, бұрын болмаған қызметке қарапайым ауыл адамдары дән риза болуда.
«Аудандағы бұл бастау алған игілікті жұмыстарға 2014 жылы да қосымша қаражат бөлінеді» деген қуанышты хабар жетті.

Мағрупа ҚАЗИХАН,
Қызылқоға ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз