Жарнама
Жаңалықтар

Ауыл медицинасына айрықша назар қажет

Атырау облысы бойынша денсаулық сақтау саласында оң өзгерістер көп. Жергілікті атқарушы және өкілетті органдардың қолдауымен медициналық және фармацевтикалық қызметкерлерге берілетін бір жолғы әлеуметтік қолдау көлемі өткен жылдың 1 тамызынан бастап айтарлықтай өскен еді. Мәселен қалаға келген мамандарға 5 млн. теңге, аудандық жерлердегі медициналық ұйымдарға орналасқандарға 8,5 млн., ауданнан тыс жерлердегі (селолық, ауылдық деңгейде) медициналық ұйымдарға жұмысқа орналасқан медициналық қызметкерлерге 10 млн. теңгеге дейін берілетін болды. 

Сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Былтыр дәрігерлерге 105 пәтер берілген. Бір реттік көтерме ақы бойынша — 97, жеңілдетілген ипотека бойынша 40 маман пәтерге ие болды. Дәрігерлердің тапшылығын жою үшін Құрманғазы ауданына өткен жылы 10 маман келді. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  ауыл медицинасын дамытуға, шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарын сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге бағытталған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында медициналық нысандардыңқұрылысы ауданымызда да басталған еді. Атап айтсақ, Жамбыл, Қызылоба және Көптоғай ауылдарындағы фельдшерлік-акушерлік пунктер ел игілігіне осы жылдың алғашқы жарты жылдығында беріледі деп күтілуде. 

Медицина саласына дұрыс бетбұрыс аудан орталығынан шалғай жатқан ауылдарда да жиі байқалады. Бұл әрине, қуантарлық жайт. Себебі бірінші кезекте адамның саулығына мəн берілуі керек. Деннің саулығы – бастың байлығы. 1977 жылы пайдалануға берілген Сүйіндік ауылдық амбулаториясына 2012 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нысан жөндеуден өтіп, қызметкерлер күнделікті жұмысын жоғары деңгейде атқарып жүр. 2023 жылы ауылымызға жаңа амбулатория салынып, құрылысы бітті. Құжаттары толық рәсімделгесін, су жаңа ғимаратта халық денсаулығын сақтау мақсатында ауқымды істердің көшін жалғаймыз деген ойдамын.

Ауылда жедел-жәрдем көлігінің тозығы жеткені жедел медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін төмендеткені жасырын емес. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов өткен жылдың тамыз айында ауылымызға ат басын тіреп, халықпен кездесіп, мұң-мұқтажына құлақ түрген еді. Сол кезде Сүйіндік ауруханасының аға дәрігері ретінде ауылға жедел-жәрдем көлігі қажет екенін жеткіздім. Шалғайдағы ауыл адамдарының осы өтінішін жерге тастамай, халық қалаулысы өз қаражатынан иелігімізге жедел-жәрдем көлігін сыйға тартқан болатын. Көліктің мемлекеттік нөмірі алынған соң, халық игілігін көрмекші. Науқастар көп жағдайда Ресей Федерациясынының жері Қарабайлыдағы ауруханаға жөнелтіледі. Жедел-жәрдем көлігінің әзірге пайдаланбай тұруына байланысты науқастар такси қызметіне жүгінеді. Әр сәтің қымбат қызылтаяң шақта 100 шақырым қашықтықтағы Қарабайлыға баратын таксидың бағасы адам басына 5 мың теңгеге дейін көтеріледі.

Портал мәселесі де ауылда өзекті. Стационарлық емге жатқызу үшін науқастар түрлі тексерістен өтуі тиіс. Қажетті зертханалық анализдерді тапсыру үшін тұрғындар аудандық ауруханаға баруы қажет болады. Ауыр жағдайдағы науқастарды аудан орталығына жіберуде қиындықтар көп. Бастысы, жолдың қолайсыздығы. Тұрғындар кем дегенде 2-3 күнін арнап, бірнеше шақырымдық жердегі ауданға баруды қиынсынады. Бұрынғы жүйеге үйреніп қалған ауылдастардың көбі міндетті түрде анализ тапсыру қажеттігін ұқпай да жататын сәттері аз емес. Осыдан тұрғындармен арамызда түсініспеушілік туындайды. Жаһандық даму кезеңінде сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекпен толық қамтамасыз етілу – ауыл тұрғындарының басты сұранысы. 

Ботакөз АИМОВА,

Сүйіндік дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері

Құрманғазы ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button