Ауған соғысы ардагерлеріне көрсетілетін әлеуметтік қолдау артты
Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысқан қазақстандық ардагерлерге көрсетілетін қолдау деңгейі жыл санап артып келеді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары мен «Ардагерлер туралы» заң аясында Атырау облысында ардагерлерге бірқатар әлеуметтік көмек түрі қарастырылған.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы өкілдерінің хабарлауынша, 2024 жылы Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуына орай, өңірде арнайы шаралар ұйымдастырылып, 436 ардагерге 150 000 теңгеден бір реттік әлеуметтік көмек көрсетілді.
Ай сайынғы көмек бұрынғы 15 мың теңгеден 35 мың теңгеге дейін көтерілді. Мейрамға берілетін көмек 100 мың теңге орнына 150 мың теңге көлемінде төленуде.
Ауғанстаннан Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 35 жыл толуына орай ақпан айында 65,4 млн. теңге; 7 мамыр мерекесіне 65,4 млн. теңге; ай сайынғы көмекке 183,1 млн. теңге бөлініп, барлығы 313,9 млн. теңге әлеуметтік көмек көрсетілді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА