ЕҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

Жаңалықтар

 

Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде мерекеге орай ұйымдастырылған салтанатты шараға Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев қатысты.

– 1991 жылды еске алсақ, демократияға бет алған жаңа мемлекеттің алғашқы қадамдары біздің көз алдымызда. Жиырма төрт жыл ішінде Қазақстан әлемдік аренада өзін танытып, кешенді реформалар арқылы толыққанды  мемлекет болып қалыптасты. Еліміз көптеген беделді халықаралық ұйымдарға мүше болып,  геосаяси кеңістіктен өзіне лайықты орын алды. Сондықтан,  1991 жыл – жай календарлық дата емес, ол – Қазақстан тарихындағы жаңа кезең, дербес дамудың алғашқы баспалдағы, егемен еліміздің  өмірге келген күні.

Тәуелсіздіктің мерекесіне Атырау қаласы да әлеуметтік-экономикалық дамуда  елеулі  нәтижелермен келіп отыр. Қазіргі таңда қалада 80-нен астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, еңбек етуде. Биылғы 26 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Президентін сайлау науқанына біздің қаладағы сайлаушылар да белсене қатысып, саяси көрегендік таныта білді. Атыраулықтардың 98,5 пайызы Елбасымызды қолдап дауыс берді.

Елбасымыз өзінің биылғы Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанның ішкі стратегиясын айқындап берді.       Бұл – үлкен күш-жігерді талап ететін жауапты жұмыс. Ол үшін халықтың бірлігі, қоғамның тұрақтылығы қажет, – деді шаһар басшысы. Ол бұдан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен жеті және одан да көп бала туып, тәрбиелегені үшін Назгүл Жарылғасынованы, Жібек Кенжеғалиеваны, Айнұр Қитарованы және Нәсіп Нұрғалиеваны «Алтын алқа» медалімен марапаттады.

Сонымен қатар, қаланың саяси-әлеуметтік, экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосқан Атырау қалалық қаржы және ауыл шаруашылығы бөлім-дерінің бас мамандары Жәмиля Макеева мен Надежда Мырзағалиеваға, әріптесіміз, облыстық «Атырау» газетінің бөлім меңгерушісі Баян Жанұзақоваға,  параволейболдан Қазақстан құрама командасының бас бапкері Бауыржан Тахауовқа және тағы басқа қызметкерлерге Алғыс хат табыстады.

Салтанатты жиын атыраулық өнерпаздар дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған