БІЛІКТІ ДЕ БІЛІМДІ МАМАН – ЕЛ ТІРЕГІ

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты жаңа Жолдауында жастардың білімді де, білікті маман болып шығуы үшін оқу орындары алдына үлкен міндеттер қойды. Осы мақсатты жүзеге асыру жолында жоғары және арнаулы оқу орындарының материалдық-техникалық, оқу-тәрбие базалары жан-жақты білім беруге даяр, сақадай сай болуы тиіс. Бұл мәселе біздің Атырау қаласында қандай дәрежеде?

Осындай мақсатпен кеше Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті мен Каспий өңірінің қазіргі замандағы колледжінің тынысымен арнайы танысты.

Қала әкімі өзінің білім ордаларына арнаған сапарын Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Жайық» спорт кешенінен бастады. Осы жерде аталған оқу орны ректоры, профессор Бейбіт Мамраев университетте атқарылып жатқан жұмыстар, білім беру мен ғылыми жұмыстарда, спортта, өнерде қол жеткен жетістіктер жайында кеңінен әңгімеледі. Жоғары оқу орны басшысының айтуынша, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлары аясында жоспарланып отырған мәдени-көпшілік шаралар баршылық.

Мұнан әрі ректор  2012 жылдан бері университетте 10 грант бөлініп келе жатқанын айтты. Олар екі бағытта – «Менің Отаным – Қазақстан» және «Мен мұғалімдікті таңдаймын».

Мұнан кейін қала әкімі аталған білім ордасындағы археологиялық қазба байлықтарға толы музеймен, студенттердің дипломдық жұмыстары – баға жетпес картиналармен, «Кәсіби оқытудағы психологиялық-педагогикалық технологиялар» зертханасымен, жедел басқару орталығымен, Болон үдерісінің аймақтық орталығымен танысты.

Каспий өңірінің қазіргі замандағы колледжі – көпшіліктің сұранысына ие оқу орындарының бірі. Колледждің директоры, қалалық мәслихат депутаты Бақытгүл Хаменова шаһар басшысын  білім ордасымен кеңінен таныстырды. Қазір мұнда екі мыңнан астам  студент түрлі мамандық бойынша білім алуда. Олар үшін барлық жағдай жасалған. Атап айтар болсақ,  интернет-кафе, спорт  зал, жатақхана, асханасы бар. Бұларға қоса балабақша мен элиталық білім беретін бастауыш мектебі жұмыс істейді.

– Біз студенттердің сапалы білім мен саналы тәрбие алуларына қолдан келетін мүмкіндіктің бәрін жасаудамыз. Шетелдерден мұғалімдер мен жергілікті АМӨЗ, «Қазақтелеком» мекемелерінен мамандарды алдыртып, тәжірибелік сабақтар өткізуді тапсырамыз. Жалпы балабақшада тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндер мен бастауыш сыныптарда оқып жүрген балалардың ата-аналары бізге риза. Алда тағы біраз жоспар бар… – дейді колледж директоры Бақытгүл Қайыржанқызы.

Балаларға бақытты да нұрлы болашақ тілеген қала басшысы колледждің «Тілек кітапшасына» өз қолтаңбасын қалдырды. Шаһар басшысы студенттердің жолақы мәселесінің көп кешікпей шешілетінін, ал өзінің қаладағы басқа да білім ордаларына сапарының жалғаса беретінін айтты.

Лиза  СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз