Жарнама
ЖаңалықтарБЕЙНЕЖАЗБАСарапTimeФОТОГАЛЕРЕЯҚұқық

«ATYRAÝ» газетінің тілшісі патрульдік полицейге айналды (+ВИДЕО, ФОТО)

ТАҢ АТҚАННАН КҮН БАТҚАНША ЖҮРЕТІН ТЫНЫМСЫЗ ҚЫЗМЕТТІҢ БІРІ – ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ. ОНЫҢ БІР КҮНДІК ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСУҒА МҮМКІНДІК АЛЫП, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ РОТАСЫНА КЕЛДІК. ӘРИНЕ, МҰНДА ЖҰМЫС ЖАСАЙТЫНДАР ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨМІРІ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІНЕ ЖАУАПТЫ, ҮНЕМІ АЛДЫҢҒЫ ШЕПТЕ ЖҮРСЕ ДЕ НЕГІЗГІ АЙЫП-КІНӘНІ АРҚАЛАП ЖАТАТЫНЫ ДА ЖАСЫРЫН ЕМЕС. ШЫНДЫҒЫНДА, ІШКІ ІСТЕР ОРГАНДАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ДЕМАЛЫС НЕМЕСЕ МЕЙРАМ КҮНДЕРІ ДЕ ТЫНЫМ КӨРМЕЙДІ. ӨЙТКЕНІ, ҚҰҚЫҚ ТӘРТІБІН БҰЗУШЫ УАҚЫТПЕН САНАСПАЙДЫ, ОҢТАЙЛЫ СӘТТІ КҮТЕДІ.

ВИДЕО:

https://youtube.com/shorts/Fkyj2OhMado?feature=share

Тәртіп таңнан басталады

Әуелгіде «сырт көзге түсі суық көрінетін полицейлермен сөзіміз қаншалықты жарасар екен» деп ойладық. Онымыз бекер екен, жігіттер ашық-жарқын қарсы алды, жылы шырайлы әңгімеміз жарасты. Біз барсақ рота ауысып, қызметтік міндеттерін белгілеу үшін сапта тұр екен. Таңмен таласып жұмыс орнына жететін кезекші құрамның қызметі таңертеңгі инструктаждан (нұсқама) басталады. Жол ережесі кезекші құрамға пысықтап түсіндіріліп, көлік жүргізушілерімен сыпайы қарым-қатынаста болуға кеңес берілді. Жол-көлік оқиғаларының өсіп отырғаны, бұған жылдамдықты шектен тыс асыру, басқа да түрлі себептері де ескертілді. Ал, взвод командирі 12 жасар қыздың жоғалып кеткені жөнінде арыз түскенін қаперге берді. Полицейлер жасөспірімнің ерекше белгілерін қызметтік кітапшаларына тәптіштеп, мұқият жазып алды.

Талапқа сәйкес қызметкерлердің киім киісі, қажетті құрал-жабдықпен қамтылуы да қатаң тексерілді. Патрульдік полиция қызметкерінде қызмет барысында пайдаланатын қол кісен, жол-көлік қозғалысын реттеуге арналған таяқ, ысқырғыш, қызметтік сөмке мен кітапша, борттық журнал, жеке карта, табельдік қару, портативті бейнетіркегіш, жолға алып жүретін радиостанция, хаттама толтыруға арналған электронды планшет секілді құрал-жабдықтар түгел болуы шарт. Ротаның негізгі міндеті – автопатруль болғандықтан, экипаж құрамына арнайы автокөлік бекітілген. Әншейінде полицейге жүктелетін ерекше тапсырмалардан бейхабар екеніміз рас. Ал, көзбен көргендегі ахуал мүлде басқа, жоқ іздеген адамның жанына жалау болып, өзгенің құқын қорғап, біреуге қуаныш сыйлап жататын да осы сала қызметкерлері екен.

img 20220215 wa0336
img 20220215 wa0331

Нөмірі жоқ «Lexus»

Саптық бөліністен соң «Kia sportage» көлігін тізгіндеген бірнеше бағыттағы кезекші құрам өздеріне бекітілген республикалық маңыздағы «АтырауОрал», «Ақтөбе-Атырау-Астрахан», «Доссор-Құлсары-Бейнеу» тасжолдарына жолға шықты. Осы салада ширек ғасырға жуық тәжірибесі бар аға инспектор Вадим Черняховский бастаған экипажбен бірге біз де «Атырау-Орал» тасжолына бет алдық. Патрульдік полиция ротасының құрамында полиция капитаны Ербол Байдәулетов пен аға лейтенант Жарас Тілеуғалиев бар. Мінген көлігіміз тиісті талапқа сай жабдықталыпты. Қызметкерлер арнайы жасақталған жылдамдық өлшеу құралы, жарқылдауық маягі бар дыбыс күшейткіш және радиоқабылдағыш құралдарын пайдалана алады.

Аға инспектордың айтуынша, патрульдік полицейлерге қоғамдық тәртіпті сақтап, қылмыстың алдын алып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті жүктеледі. Әп дегеннен жол қозғалысы ережесін бұзған «Lexus» көлігі экипаждың көзіне түсті. Жақындап келгенде аңғардық, көлік жүргізушісі әйел адам екен. Инспектордың бұйрығына бағынып, жолдың оң жақ жиегіне тоқтаған көліктің алдыңғы мемлекеттік нөмірі талапқа сәйкес тағылмаған екен. Оның үстіне сақтандыру құжаты да болмай шықты. Полицейлер жүргізушіге хаттама толтырды. Аға инспектор Вадим Черняховскийдің айтуынша, көлік жүргізушілер көбінесе өз қателігін мойындамай жатады.

– Респубикалық маңыздағы жол болғандықтан, бұл трассадан Орта Азия елдері мен Ресей көліктері өтеді. Жол-көлік оқиғасына бірден-бір себеп – жүргізушілердің жол жүру ережесін сақтамай, жауапкершілікке немқұрайды қарауы. Көбінесе жүргізушілер арасында өзара түсіністік пен ынтымақ жоқ. Соның кесірінен жылдамдықты шектен тыс асырып, қарсы бағытқа шығып кету жиі орын алады, – дейді аға инспектор.

Оның қасындағы екі инспектор да жайдары жігіттер екен. Полицияның қызметін қалың бұқара тым әсірелейтінін, шын ахуалдан халықтың бейхабар екенін айтып қынжылды. Расында да, көптеген азаматтар өздерінің құқын білмейді. Соның кесірінен заңсыздықтарға жол береді. Ақырында, полицияны айыптап шығатындар бар.

– Әрине, жұмыс болған соң қателіктер болатыны рас. Бірақ адам әуелі өзінің жауапкершілігін арттырғаны жөн. Көпе-көрінеу құқық бұзушылыққа, жолсыздыққа жол беріп тұрса да қоқан-лоқы жасап, дау шығаратындар бар. Бұрын заң бұзушылықтар біздің саланың қызметкерлері тарапынан да болғаны шындық. Қазір жағдай өзгерді ғой. Әріптестеріміз қоғамдық тәртіп пен құқық бұзушылықты болдырмауға барынша жұмыстанып жатыр. Дегенмен, мұны бұқара халық көріп-біле тұрса да мойындағысы келмейді. Кейде соған қынжыламыз, – деп, Ербол мен Жарас та өздерінің ой-пікірін іркіп қалған жоқ.

img 20220215 wa0332
img 20220215 wa0330

Психиатрдың тілегі

Жол бойы инспекторлардың жеке өміріне қатысты да сыр тартып көрдік. Әріптестерінің арасында сый-құрметке ие Вадим Захарович әзірге зейнетке шығуды ойламайды екен. «Автомобиль шаруашылығы» мамандығын тәмамдаған ол әскери борышын өтеп келген соң құқық қорғау қызметіне жұмысқа орналасқан. 1999 жылдан бері осы саланың ыстық-суығына әбден ысылған Вадим Захарович бүгінде жас әріптестеріне тәлімгер ретінде жөн сілтеп, бағыт-бағдар беріп келеді. Жұбайы – кеден мағлұмдаушысы, үлкен ұлы – Ресейдегі жоғары оқу орнында, одан кейінгі екі баласы әлі мектепте оқиды. Экипаж қызметкерлері, капитан Ербол Байдәулетов пен аға лейтенант Жарас Тілеуғалиевтің де ішкі істер органдарында қызмет еткеніне біраз жыл болған. Ербол Зұлқарнайұлы – үш баланың әкесі. Жары балабақшада психолог болып жұмыс істейді. Жарас Жолдасұлы – жан жары мен екі перзентінің қамқоршысы. Әкесінің ағасы да құқық қорғау саласында қызмет етеді екен.

– Біздің саланың жұмысы қауырт қой. Заңнамадағы тәртіп басқа болса да, нақты өмірде мүлде өзгеше. Уақытпен санаспай еңбек етеміз. Өйткені, құқық бұзушыларда жұмыс уақыты деген болмайды. Кез-келген сәтте сақадай-сай болу керек – бізге қойылған талап осы. Кейде отбасылық түрлі басқосуларға да уақытымыз болмай қалады. Кеңес дәуірінде «Милиция – менің қорғаным» деген идеологиялық түсінік болды. Ал, қазір халықтың түсінігі мүлде өзгерген. Біз үшін бірінші кезекте атымызға кір келмегені жақсы. Негізгі міндетімізге жауапкершілікпен қарап, барға қанағат етіп жұмыс жасап келеміз, – дейді полиция капитаны Ербол Байдәулетов.

Ал, Жарас «Атырау – Орал» тас жолында жыл басынан бері бірде-бір жолкөлік оқиғасы тіркелмегеніне қуанады. Өйткені, құқық бұзу дерегі азайса, әріптестерінің еңбегі жанғаны. Сөйткенше болмай, рота қызметкерлері қалаға қарай келе жатқан «Lada Largus» көлігін тоқтатты. Сөйтсек, олар бір сәтке патрульдік полиция қызметінің сапасын сұрап білгісі келіпті. Көлік жүргізушісі Бақтыгерей Қасымов әуелі таңданысын жасырмады, мән-жайға қаныққан соң жайдары сөйлесіп, өз жайынан хабардар етті. 40 жылға жуық дәрігер-психиатр болып еңбек еткен ол автокөлік руліне отырғалы жол ережесін өрескел бұзып көрмепті.

– Егер заң талабы сақталса, жол полициясына да, жүргізушіге де, оның қасында отырған жолаушыға да, жаяу жүргіншіге де қолайлы. Ең бастысы, басы артық уақыт жоғалтпайды. Заң да орындалуымен құнды. Сондықтан, әрбір азамат талапқа бағынуы тиіс. Сонда жұмыс көрінеді, нәтиже жақсарады, – деді тәжірибелі жүргізуші.

Тасжол бойындағы автомобиль макеті де жол-көлік оқиғасының алдын алуға бағытталған шаралардың бірі.

– Жол бойындағы елді мекендердің малы өріске шыққанда, көлік жолына шығып кетеді. Жүргізушіге қауіпсіз болуы үшін малды жолдан қуып тастаймыз. Бірақ одан нәтиже аз. Сондықтан, мал иелері де мұны ескергені жөн. Ол әсіресе түнгі уақытта және тұманды күндері қауіпті. Күн райының қолайсыздығына қарамай қызмет ете жүріп, жол бойындағы түрлі жағдайларға куә болып жүрміз. Соның барлығына дайын болуы үшін психологиялық тұрғыда арнайы сабақтардан жиі өтуге тура келеді. Менің ойымша, полицияда психикасы әлсіз адам жұмыс істемейді, – деді Вадим Черняховский.

Инспекторлар қыстыгүні қолайсыз ауа райында алыс сапарға шықпауға кеңес берді. Өйткені, апат айтып келмейді. Қас-қағым сәтте бәрі өзгеріп кетуі мүмкін.

ӘЛБЕТТЕ, ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ АРТЫЛАР ЖҮК АУЫР. ОЛАР ДА СЕНІМ ҮДЕСІНЕН ШЫҒУҒА МІНДЕТТІ. КҮНІ БОЙЫ ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ ЭКИПАЖЫМЕН БІРГЕ ЖҮРІП, БҰЛ САЛАДАҒЫ ҚЫЗМЕТТІҢ ОҢАЙ ЕМЕСІН КӨЗБЕН КӨРІП, ТЕРЕҢ СЕЗІНДІК. МІНЕ, КЕШКІ ҚЫЗМЕТ АУЫСЫМЫ БАСТАЛДЫ. ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ ЭКИПАЖЫ ҚАРУ МЕН ҚҰРАЛ-ЖАБДЫҚТЫ ТАПСЫРЫП, БАСШЫЛЫҚҚА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫС ПЕН ТОЛТЫРЫЛҒАН ХАТТАМА БОЙЫНША ЕСЕП БЕРДІ. СОСЫН КЕШКІ АУЫСЫМДАҒЫ ӘРІПТЕСТЕРІНЕ МІНДЕТТІ ТАПСЫРЫП, ҚЫЗМЕТІНЕ СӘТТІЛІК ТІЛЕП ТАРҚАСЫП ЖАТТЫ. БІЗ ДЕ ПОЛИЦЕЙЛЕРГЕ ТАБАНДЫЛЫҚ ПЕН ТӨЗІМ ТІЛЕП, ЖЫЛЫ ҚОШТАСТЫҚ.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

img 20220215 wa0334
img 20220215 wa0333

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button