12 жастан жоғары балаларға салынатын «Pfizer» екпесі Қазақстанға осы жылдың төртінші тоқсанында жеткізіледі

1 1 COVID-19: Соңғы поштадан...

Коронавирус жұқтырғаннан кейін емделіп, ауруынан айыққандар жұртшылыққа уақыт өткізбей екпе салдыруға ақыл-кеңес беріп отыр. Балаларға өз еріктерімен вакцина салдыруға шешім қабылдаған ата-аналар да аз емес. Алайда 12 жастан жоғары балаларға салынатын «Pfizer»  екпесі елімізге осы жылдың төртінші тоқсанында жеткізілмек.

 – Бүгінгі күні халық арасында бұған дейін кездеспеген коронавирустың жаңа түрі таралып, мыңдаған адам ауырып жатыр. Бұл вирустың тікелей алдын алу шарасы ретінде көп уақытқа дейін вакциналау жұмыстары қолға алынған жоқ. Себебі екпе бұған дейін клиникалық сынақ мерзімдерінен өтіп, қауіпсіздігі, тиімділігі дәлелденді, – дейді Атырауға арнайы келген Денсаулық сақтау министрлігінің «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаева.

Пандемия басталғалы Атырауда 37 000-ға жуық сырқаттанушылық тіркелген. Бұл жағдайдың күрделілігіне дәлел. Жеке бас тазалығы мен санитарлық талаптарды қатаң сақтайтын адамдар бұл аурудан әлі де қорғана алады. Дегенмен дерттің асқынуынан сақтанудың бірден-бір шарасы вакцина екеніне көз жетіп отыр. Екпе салу жұмысы жақсы жолға қойылған мемлекеттерде эпидемиологиялық ахуалдың біраз деңгейде тұрақтанғаны байқалады. Сондықтан «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеп» әр адам індетпен күреске атсалысуы керек.

 Айнұр Төлеш есімді тұрғын эпидемиолог маманнан «Спутник V» екпесінің басқа вакцина түрлеріне қарағанда неліктен ағзаға ауыр тиетінін сұраған болатын.

– «Спутник V» векторлық вакцина болып табылады. Кейбір жағдайда адамдар екпе ағзаға енген сәттен оның жұмыс істей бастағанын сезеді. Екпе алғаннан кейін ағзамыздағы арнайы антидене бөлетін мүшелер жұмыс істей бастайды. Ол – сүйектің кемігі, бұлшық еттеріміз бен ішек жолдарында осы антиген ретінде түскен вакцинаға антидене пайда болуымен байланысты өзгерістер. Бұлардың барлығына да қалыпты жағдай ретінде қарау керек. Осы кезде адамның сүйектері сырқырауы, денеде делсалдық болуы мүмкін. Сондай өзгерістер барысында мидың адам ағзасындағы дене қызуына жауапты орталықтары да қозады. Осының нәтижесінде дене қызуы аздап көтеріледі. Мұның барлығы екпенің құрамында сіздің ағзаңызға ауру шақыратын бір бөлшегі немесе компоненті болғандықтан емес, сіздің ағзаңызға осы вакцина енгеннен бастап, антиденелерді түзуге бейімделіп, дағдыланып, антиденелердің санын көбейту жұмысына қатысып жатқанының белгісі болып есептеледі, – деді Айнагүл Қуатбаева. Екпенің денеге енгеннен кейінгі әсерін қатер ретінде қабылдап, қоғамда теріс пікір қалыптастырып жүргендер де жоқ емес. Сондықтан маман екпені әр адамның ағзасы әртүрлі қабылдайтынын, кейбір адамның тіпті сезбейтінін, жеңіл өткеретінін атап айтты. Ал, коронавируспен ауырып тұрған адамның денесінде пайда болған антиденелердің концентрациясы, мөлшері үш ай мерзімнен кейін төмендейтінін медицина дәлелдеп отыр.

Сол себепті адамның ауру жұқтырған уақытында ауырып қалуы әбден мүмкін. Көпшілік сауалына жеке-жеке тоқталып жауап берген Айнагүл Мұқанқызы тұрғындарға коронавируспен сырқаттанып тұрғаннан кейін үш ай уақыттан соң вакцина алуға кеңес берді. Ал адам ауырғанға дейін екпенің бірінші компонентін алып үлгерген болса, жазылған соң үш айдан соң ғана екінші дозасын ала алатынын айтты. Сонымен қатар бала емізетін аналарды мазалап жүрген коронавирусты анықтайтын тест тапсыру міндеттілігіне қатысты мәселе жайында да жан-жақты түсіндіріп берді.

– Егер жұмысқа жаңадан кіріскен болсаңыз, әкімшілік сізден ПТР тесті сұрауы мүмкін. Бүгінгі күні 18 жасқа дейінгі балаларға, бала емізетін әйелдерге және жүкті келіншектерге екпе кері көрсеткіш деп есептеледі. Ауырғанына үш ай болмаған адамдар да осындай мәртебеге ие, – деді А.Қуатбаева.


Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз