«Қиналған адам журналисті іздейді»

  Журналистердің кәсіби мерекесіне орай Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Қамбатыров ақпарат құралдарының бір топ өкілін қабылдады. Жаңадан қызметіне кіріскен жетекшінің бұл Атыраудағы алғашқы кездесуі екен.

– Сөз жоқ, қоғамда ақпарат құралдарының орны ерекше. Оны «төртінші билік» өкілдері деп атаулары да бекер емес. Өйткені, жұртшылық күнделікті тұрмыста қиналған немесе әртүрлі әділетсіздікке кезіккен кезде ең алдымен журналистерді іздейді. Сондықтан, сыбайлас жемқорлықпен айналысатын біздің мекеме де газет, телеарна, интернет ресурстарын кеңінен пайдаланамыз деп жоспарлаудамыз. Қоғам дертіне қатысты қандай ма мақала біздің назарымыздан тыс қалмайды, – деді Нұрлан Дәулетұлы.

  Бұдан бұрын Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қарсы күрес департаменттеріне жетекшілік еткен басшы бүгінде ұйымдастыру жұмыстарымен айналысуда. Бұл істі одан әрі ілгерілету үшін қажет. Осының негізінде ақпарат құралдарымен тығыз байланыста болатын маман да тағайындалмақ.

Ал, Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Сағынбек Өмірзақов жауынды күндері су, қысты күндері қар кешіп, құтқарушылармен бірге жүретін журналистер еңбегін ерекше атады.

– Біз облыстың аумағындағы төтенше жағдайлар туралы шұғыл ақпарат алып отырамыз. Еліміздегі, әлемдегі оқыс оқиғалар турасында да хабардармыз. Мұның бәрі ақпарат құралдарының қауырт қызметі арқасында мүмкін болуда. Сонымен қатар, журналистердің түрлі апаттардың алдын алудағы маңызы зор деп білемін. Мәселен, бүгінде Атырау облысында суға кетушілердің саны күрт өсіп барады. Оның алдын алу үшін қазір тегеурінді шаралар жасақталуда. Оның кеңінен жариялануы көптеген адамды көлденең жағдайдан сақтап қалуға себепші болады, – деді Сағынбек Сиратұлы. Құрылым жетекшілері қабылдауда болған журналистерге марапаттарын ұсынды.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз