Атыраулық шаруалар неге алаңдаулы?

ngnshngshnshn Жаңалықтар

ОБЛЫС ШАРУАЛАРЫ ТӨРТ ТҮЛІК МАЛҒА ЖАЗ БОЙЫ ДАЙЫНДАҒАН ЖЕМ-ШӨБІНЕ СУБСИДИЯ АЛА АЛМАЙ ОТЫР. МҰНАЙЛЫ ӨҢІРДЕ ҚАЗІР 3 МЫҢДАЙ ШАРУАШЫЛЫҚ БОЛСА, СОНЫҢ ТЕК 317-СІ ҒАНА ШЫҒЫНЫН МЕМЛЕКЕТТЕН СУБСИДИЯ ТҮРІНДЕ ҚАЙТАРЫП АЛҒАН. ҚАЛҒАНДАРЫ ӘЛІ КҮНГЕ ҚҰЖАТ ТОЛТЫРЫП, ҚҰЗЫРЛЫ МЕКЕМЕЛЕРДІҢ ЕСІГІН ТОЗДЫРЫП ЖҮР. ЖАЗ БОЙҒЫ МАҢДАЙ ТЕРІНІҢ ӨТЕУІН ӨНДІРЕ АЛМАЙ ЖҮРГЕН ҚОЖАЛЫҚ БАСШЫЛАРЫ АМАЛСЫЗДАН МАЛ БАСЫН АЗАЙТУҒА МӘЖБҮР.

Батыс Қазақстан облысымен шектесіп жатқан Индер ауданы – малға бай өңір. Мұнда төрт түліктің қай түрін түлетемін десе де жер жеткілікті. Тек қинайтыны, 7 жылдан бері қуаңшылық жайлаған ауданда қолдағы түлікке жем-шөп тауып беру өзекті проблемаға айналып барады. Қазір ауданда іріліұсақты 400-дей шаруа қожалығы бар. Соның тек 20 пайызы ғана мал азығына кеткен шығынды қайтарып алуға қол жеткізіпті. Қалғанының мал басын шағындаудан басқа амалы қалмаған.

– Жазда қыстаққа қажетті 125 орама, 600-дей пресс, қалған шөпті шөмелелеп шауып алдық. Өзімізге жеткілікті техникамыз бар. Бірақ дайындалған мал азығына субсидия ала алмай отырмыз. Себебі, ол үшін қыруар құжат толтыру керек. Біздің оған мүмкіндігіміз де, сауатымыз да жетпей тұр. Егер Үкіметтен көмек болса, қойдың санын көбейтуге болар еді, – дейді Есбол ауылдық округіндегі «Байет» шаруашылығының жетекшісі Əлібек Маратұлы.

Қожалыққа шабындық үшін берілген 1000 гектардай жері бар. Оған қоса жайылымдық 1 мың гектар алқап берілген. Қазір мал басы аз болғандықтан, жайылымға берілген жер бос тұр екен. Шаруашылық ауласындағы 70 шақты қой-ешкінің бір қыстағы қорегі – 100 орама шөп. Оны ақшаға шаққанда шамамен 800 мың теңгеге бағаланады. Ал, оны қазір сатып алар болса, əрбір ораманың құны – 12 мың теңге. Мемлекеттен көмек ала алмағандықтан, мал басын азайтуға көшкен шаруашылықтарға субсидия мəселесін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы шешеді. Индер ауданына 2021-2022 жылға тек 114 миллион теңге субсидия қаралыпты. Оның небары 58 миллион теңгесі ғана ірі сабақты шөп дайындаған шаруашылықтардың шығынын жабуға бөлінген. Соған қарамастан, шығыны төленбесе де аудан қысқа қажетті 65 мың тонна жемшөп қорын дайындап алыпты. Өкінішке қарай, индерлік шаруалардың жаз бойы төккен тері мен техникалық шығынын өтеуге мемлекеттік құрылымдардың асығар түрі байқалмайды. Субсидия алуға ниетті 67 шаруашылықтың тек 30-ының ғана өтініші орындалған. Оның себебін мамандар көпшілігінің құжаттары стандартқа сəйкес болмауымен түсіндіріп отыр.

– Бұл жерде кінəні біреуге артудың жөні жоқ. Шаруашылық иелері құжатқа салақ қарайды немесе уақытында толтырмайды. Басты мəселе – шаруа қожалығының сатып алған шөпке келісім-шарт жасамаған, ақшасы шот-фактура бойынша төленбеген. Ауызша келісіммен немесе қолма-қол ақшамен есептеседі. Ал, мемлекеттен бөлінген қаржының құжаттары сақадайсай болып тұруы тиіс. Талапқа сай құжаттарды тек ірі компаниялар, акционерлік қоғамдар мен серіктестіктер ғана бере алады. Ұсақ шаруалардың субсидияға қолы жетпеуінің себебі сол. Қазір біз шот-фактура жөніндегі талапты алып тастау жөнінде ұсыныс дайындап жатырмыз, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Абай Əбдіров.

Биыл Атырау облысының ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға мемлекеттен бар болғаны 703 миллион теңге бөлініпті. Ол 3 мыңдай шаруашылыққа жұғын да болмасы анық. Субсидияның басым бөлігі мал басын асылдандыруға төленеді. Ал, биыл дайындалған 569 мың тонна ірі сабақты шөптің өтемақысын көпшілігі ала алмай қалған. Сондай-ақ облыс шаруалары биыл 30 мың тонна құрама жемге тапсырыс берген. Оның əр тоннасының бағасы – 85-95 мың теңге шамасында. Ендеше, шаруаның шығынын кім жəне қашан қайтарады? Қазір қаңтар айы күшіне мінді. Жылқы мен түйеден басқа мал əлі екі ай қолға қарауы тиіс. Демек шаруаның қиналар кезі əлі де алда.

Арыстанбек КЕНЖЕ,

Индер ауданы

Коллажды жасаған: Дəурен Мұхамбеталиев

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз