ӨРІСІ КЕҢЕЙГЕН ОТАНДЫҚ ӨНІМ

Соңғы жылдары шетелдік инвесторлардың капиталы тек шикізат секторы ғана емес, өңдеу және дайын тауар өндіру бағытында да қарқынды. Қазір облыс аумағында жаңа технологияларға негізделген бірнеше кәсіпорын орталығы жұмыс істеп тұр.

 

Өңірдегі инвестиция тартымдылығы шикізат қорының көптігіне байланысты екендігі белгілі. Ал, соңғы жылдары шетелдік компаниялар мен отандық кәсіпорындардың біріккен жобалары мұнай химиясы, машина жасау саласына бет бұрды. Өйткені,  мұнай бағасы күрт төмендегендіктен, тек шикізат сатудан пайда таппайтындықтарына көздері жетті. Сондықтан да нақты өндіріс саласына көңіл бөлінуде.

– Біз өткен жылы алдыңғы жылмен салыстырғандағыдан 22,2%-ға өсім бердік. Инвестициялардың жалпы көлемі 1 триллион 255 миллиард теңгеге жеткен. Ал, соның ішінде, шетелдік инвестициялар 58,6%-ға тең. Қазіргі уақытта  инвестицияны шикізаттық емес секторға тартуды көздеп отырмыз, – дейді Innovations инвесторларға қызмет көрсету орталығының директоры Азамат Асылбеков.

«АтырауМұнайМаш» зауыты – еліміз бойынша ірі кәсіпорындардың бірі. Мұнда мұнай-газ өндірісіне қажетті көптеген күрделі қондырғы мен қосалқы бөлшектер шығарылады. Қазір зауыт мамандары италияндық кәсіпорынмен бірігіп, өнімнің жаңа түрін шығаруға кірісті. Толығымен жаңа технологияларға негізделген зауытта аса жоғары қысымда жұмыс істейтін құбырларды бір-бірімен жалғастырушы бөлшектер шығарылып жатыр.

 Зауыттың бас директоры Александр Донсковтың айтуынша, аталмыш жоба аймақ үшін өте маңызды. Өйткені, инвестиция деген тек ақша емес, ол біздің елімізге жаңа технологияларды да алып келеді. Халықаралық сападағы еуропалық технологиялар арқасында өңірде жүзеге асырылған нақты істің нәтижесі көріне бастады. 

 Қазір облыс аумағында жеті мемлекеттің қатысуымен он бір ірі жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында күн және жел-электр стансалары, фармацевтикалық зауыт, мұнай химиясы өнімдерін өндіру жобалары бар.

Б.ХАМИТҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз