ІЗГІЛІККЕ БАСТАЙТЫН МЕРЕКЕ

Ертең, яғни 7 қаңтар күні христиан әлемі үшін ізгілік мерекесі болып табылатын Рождество басталады. Әлемнің 145 мемлекетінде ерекше сән-салтанатымен атап өтілетін діни мерекенің рухани, адамгершілік, моральдық тұрғыдан алғанда ролі де, маңызы да ерекше.

Бұл күні православтар мен католиктердің діни мейрамын барша христиандар шіркеулерде және ғибадатханаларда шоқынумен өткізеді.

Рождество тарихын христиан әлемі негізінен осыдан екі мың жыл бұрын Мария ананың Иисус-Ғайса пайғамбарды өмірге әкелген күнімен байланыстырады.

Осыдан екі мың жыл бұрын қаңтардың 6-сынан 7-сіне қараған түні Иосиф пен Марияның отбасында Иисус есімді ұл дүниеге келеді. Діни жазбаларда Назареттен келген Иисустың алдында бүкіл әлемді өзгерту міндетінің тұрғаны айтылады. 

Иса пайғамбардың дүниеге келген түні туралы Атырау қаласындағы Успен православиелік шіркеуінің иерейі Михаил Соколов былай баяндайды: «Ол дүниеге келер түні Вифлеемде өмірге келген барлық нәрестелер Ирод патшаның бұйрығымен өлтірілген еді. Бірақ, Иисус періштелердің қолдауымен жарық дүние есігін ашты. Болашақ құтқарушы туған сәтте, аспанда ерекше сәбидің дүниеге келгендігін паш еткендей жарық жұлдыз пайда болыпты деседі. Сондықтан да, осы түні дінге сенушілер шіркеуге барып, дұғасын оқып, сол бір жарық жұлдыздың көрінуін күтеді. Сиқырға толы бұл түні барша христиандықтар бір-бірін құттықтап, жылы сөздерін, игі тілектерін арнайды».

«Рождество мерекесі Христостың жолымен жүру қажеттігін де еске салады. Және де баршаңызды өмірдің ауыр сынақтарынан жасымауға шақырамын. Себебі, Рождество сынды ізгілік мерекелері Жаратушымыздың қашанда бізбен бірге екендігін дәлелдейді. Және біз құлшылық ете отырып, рухани тыныштыққа ие болатындығымызды ұмытпауға тиіспіз» дейді иерей. 

Бір қызығы, Рождество мейрамын әр ел өзінше қарсы алады. Мәселен, италяндықтар Рождество қарсаңында үй ішін шаң-тозаңнан мейлінше арылтуды әдетке айналдырған. Мереке түнінде қала өмірінде айтарлықтай тыныштық оранайтыны сонша, бұл кезде жұмыс істеп тұрған дүкен, мейрамхана табудың өзі қиынға соғады. Қоғамдық көлік те жүрмейді. Өйткені, қасиетті күні Құдайға жаппай құлшылық ету түн жарымында басталып, бір жарым сағатқа созылады. Бұл күні Ватиканда Рим папасының өзі қызмет етеді.

Ресей халқының да рождестволық-жаңажылдық салт-дәстүрлері жетіп артылады. Қаңтардың 6-сынан 7-сіне қараған түні христиандар шіркеулер мен ғибадатханаларға барып, шоқынады, дұға оқиды. Сондай-ақ, рождестволық әндер – колядки айтылып, көңілді кештер ұйымдастырылады.

Атаулы күні Атырауда қандай шаралар өтеді? Успен православиелік шіркеуінің иерейі Михаил Соколовтан білгеніміздей, 7-ші қаңтар күні таңда шіркеуде құлшылық ету рәсімі салтанатты түрде өтетін болады. «Бұл күні шіркеуге келуші барлық балаларға арнайы сыйлықтар үлестіріледі. Құдай, Иса пайғамбар туралы уағыз-насихаттар оқылатын болады. Сонымен бірге, христиандық бағыттағы этномәдени ұйымдардың ұйымдастыруымен Құрманғазы мәдениет үйінде мерекелік концерт өтеді» дейді иерей. Ал, шіркеу жанындағы жексенбілік мектептер үшін мерекелік ертеңгіліктер өтеді деп күтілуде.

Осы жерде айта кеткен жөн, Рождество мейрамын негізінен барлық христиандар атап өтеді. Католиктер оны 25 желтоқсан күні, ал православтар 7 қаңтарда тойлайды. Батыс елдері бұл күнді отбасылық мереке деп есептейді. Жиырма ғасыр бойына тойланып келе жатқан Рождество мерекесінің негізгі мән-мағынасы осылайша қайырымдылықта жатыр.

Рождество мейрамы біздің елімізде де мемлекеттік мереке болып саналады. 7 қаңтар күні барша қазақстандықтар демалады. Мереке құрметіне біздің елімізде де түрлі іс-шаралар жоспарланған. Бұл күні барша ғибадатханалар мен шіркеулер негізгі уақытты құлшылық етуге арнайды.

Баян  АТАЙМАНҚЫЗЫ.

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз