Майдангер ұстаз

майдангер 9стаз 2 Жаңалықтар

Қызылқоға өңірінде өмірге келіп, қарапайым қалпымен, өнегелі ісімен ел есінде қалған, ел-жұртының ыстық ықыласына бөленген жандардың бірі – Қойбағар Бисенғалиев.

%d0%bc%d0%b0%d0%b9%d0%b4%d0%b0%d0%bd%d0%b3%d0%b5%d1%80-9%d1%81%d1%82%d0%b0%d0%b7

Майдангер ұстаз Қойбағар Бисенғалиев 1916 жылы киелі Қызылқоға ауданы Қарабау селосында дүниеге келген. Жас кезінен білімге құштар болған ол 1936-1938 жылдары Орал қаласындағы мұғалімдер даярлайтын рабфакта білім алып, еңбек жолын сондағы Тайпақ ауданында мұғалім болып бастайды. Осылай  алаңсыз шәкірттерін оқытып, оларды тәрбиелеп жатқан-ды.

Содан ол 1939 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылған кезде фин соғысы басталады. Жас жауынгер оған белсене қатысып, енді елге оралғалы тұрғанында фашистік Германия еліміздің батысына басып кірді.  Сөйтіп, ол екінші соғысқа бет алды. Қойбағар Ленинград майданындағы ұрыстарға араласты, даңқты қаланы қорғауға қатысты. Бүгінде мұндағы айқастың қалай өткендігі шежіреден белгілі. Фашистер қаланың бір сүйем жерін қалдырмай бомбалады, күдіз-түні оқты қарша жаудырды. Осы жанқиярлық шайқастардың бірінде ол ауыр жараланды. Содан әскери госпитальда ұзақ уақыт емделіп, 1944 жылы елге оралады. Оның майдандағы ерен ерлігі бірнеше жауынгерлік медальмен атап өтілді.

Елге оралысымен кешегі жауынгер ұстаз атанып,  Қызылқоға ауданының мектептерінде жас ұрпаққа білім беруге өз үлесін қосты. Ол 1956-1977 жылдары Мұқыр селолық кеңесіне қарасты Сарқұмақ елді мекеніндегі бастауыш мектепте еңбек етті. Ардақты ұстаз барлық саналы ғұмырын өзінің туған жерінде өткізіп, перзенттік борышын адал өтеді. Зейнеткерлікке 1972 жылы шығып, Миялы селосына қоныс аударды.

Нұрзиба анамыз екеуі өмірге бес ұрпақ әкеліп, оларға жоғары білім беріп,  қоғамымыздың саналы азаматтары етіп тәрбиеледі. Көпке үлгі бола білген отбасы ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты отбасы болды. Балаларынан 17 немере, жеті  шөбере көріп, бақытты ата мен әже атанды.

Нұрзиба анамыз отбасының берекесін сақтап, ерінің алаңсыз еңбек етуіне,  жағдай туғызды. Қарттықтың мәртебесін көрген ата мен әже ұлдары мен келіндерінің, қыздары мен күйеу балаларының, немере-жиендерінің ортасында  бақытты ғұмыр кешіп, дүниеден өтті.

Қойбағар атаның үлкен ұлы Нәби 1972 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын бітіріп, Миялы селосындағы ауруханада еңбек жолын өкпе ауруларының дәрігері болып бастаған. Кейіннен осында бас дәрігер қызметін атқарды. Бүгінде зейнеткерлікке шықса да осы жұмысын жалғастыруда. Нәби аға – Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы. Еселі еңбегінің арқасында бірнеше жоғары республикалық, облыстық марапаттарға ие болған. Оның жолдасы Жәния –  білікті маман, өз еңбегінің нәтижесін көрген аяулы ана. Ол – «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы. Нәби аға мен Жәния жеңгеміздің үлкен ұлдары Асхат та – әке жолын қуған білікті дәрігер. Қазір облыстық ауруханада хирург-травматолог болып еңбек етеді. Өз ісінің білікті маманы. Қойбағар атаның қызы Салиха да Миялы селосында ұзақ жылдар медбике болып еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. Ал,  ұлы Марат аудандық ауылшаруашылық бөлімінде еңбек етеді. Болат ұлы да ауданда іс басында. Атаның қызы Тыныштық – Құлсарыда мектеп кітапханасының қызметкері. Міне,  жапырағы жайылған, ұлағатты ұстаздың бүгінгі ұрпағы  осындай.

«Ұстаздық еткен – жалықпас» дегендей, Қойбағар атаның алдынан дәріс алған шәкірттері бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде. Ізгі ісімен із қалдырған Қойбағар ата – біздің де әліппені алғаш үйреткен ардақты ұстазымыз. Ол кісіден алған тәлім-тәрбиені шәкірттері өмір бойы жадында сақтап келеді. Сол бір кішкентай ғана Сарқұмақ ауылында ұстаз алдынан дәріс алған балалар – бүгінде салиқалы азаматтар. Ұстазымыз – қайда жүрсе де өз ортасына орасан беделді, артына өнегелі сөз қалдырған, көргенін көңілге түйіп, өскелең ұрпаққа мұра етіп, із тастаған асыл адам.  Ол оқушыларын ел патриоттары етіп тәрбиелеп, соларға бойындағы бар асыл қасиеттерін дарытуға тырысты. Өнегелі ұрпақтары ақылды шәкірттері барда Қойбағар ағайдың есімі ұмытылмайды.

Биылғы жылы  ұрпақтары ағайымыздың 100 жасқа толуына орай, ата рухына арнап ас беруді ұйғарған екен. Ол да – қазақы болмыстың, әке рухын қастерлегендіктің белгісі.

Осы жолдарды жазудағы мақсатымыз – ұстазымызға деген шәкірттік парызымызды өтеудің бір ғана парағы. Ұстаз есімі мәңгілік есте сақталады.

 Қойбағар Бисенғалиев 1945-1947 жылдары нефтекачка, 1948-1950 жылдары Қарабау өңірінде, Мұқыр елді мекенінің Соркөл мектебінде, 1950-1955 жылдары Сағыз селолық кеңесіне қарасты Шоқат сегіз жылдық мектебінде бастауыш сыныптардың мұғалімі болды. Ол мектепте ұстаздық ете жүріп, білімін жетілдіруді де алдына басты мақсат етіп қойған. Қойбағар ата ұстаздық жолында 1949 жылы Гурьев педагогикалық институтын сырттай бітіріп, жоғары білім алды.

Құлшарап ШОМАЕВ,

шәкірті

Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз