Атыраулық оқушы жасанды интеллект модулін жасап шығарды
Аtr.kz/20 сәуір, 2020 жыл. Зияткерлік мектеп оқушысы жасанды интеллектке арналған модуль жасақтады.
Жаңа есептік модуль экономика және әлеуметтік ғылымда нақты математикалық шешімдер жасауға көмектеседі, — дейді Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 сынып оқушысы Мадина Даярдиева. Оның айтуынша бұл математикалық модуль дайын алгоритм ретінде автоматтандырылған құрылғыларға арналған.
«Ғылыми жұмысты жүзеге асыру үшін тәжірибе негізінде HRP-2 жапон роботы негізе алынды. Робот белгілі тапсырманы орындау үшін математикалық тұрғыдан тиімсіз маршрутты таңдады. Тәжірибенің мақсаты: роботтың қолайлы маршрут табуы, уақыт пен энергия үнемдеуі, тапсырманы орындау көрсеткішін арттыру. Күткен нәтижеге қол жеткізу үшін құлтемірге қолданбалы математика негізіндегі формуланы, яғни дайын алгоритмді құрастырдым, — дейді оқушы.
«Жаңа математикалық формула Kawada Industries Inc. немесе Google Deep Mind сынды корпорацияларда сұранысқа ие. Мадинаның бұл еңбегі бағдарламалау саласымен тығыз байланысты», — дейді жоба жетекшісі, математика пәнінің мұғалімі Бекасыл Айғараев.
Мадина Даярдиева – оқу озаты. Оның жоғарыда аталған жобасы «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған байқауда жүлделі ІІІ орынға ие болды.
Ануар ЖАМАНҚҰЛОВ,
Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметкері