nhnnsee4gjy

Атыраулық малшылар неге алаңдаулы?

Жаңалықтар СарапTime Экономика

Аtr.kz/26 сәуір, 2020 жыл. Төтенше жағдай режимі енгізілгелі бері Атырау қаласына кіруге және шығуға тыйым салын­ды. Бұл қатаң шектеу төрт түлік малын қала маңында ұстап отырған кейбір шаруа қожалығы иелерін әбігерге салу­да. «Малым – жанымның садағасы…» дегендей, бүгінгі күні олар дала­да ұзақ уақыт қараусыз жүрген малдарының жай- күйіне алаңдаулы.

 Ба ғ ы п о т ы р ғ а н а қ адал малына күніне бір мезгіл іздеу салатын атыраулық шаруагерлер қаладан қарға адым жердегі қожалықтарына аяқ баса алмай кіріптар болып отыр. Айтуларынша, көпшілігінің малдары айдалада төлдеп, онысы қасқырға жем болуда екен. Осы қалыптасқан жағдайды олар топтаса жүріп төтенше жағдайға байланысты құрылған штабқа да, жергілікті құзырлы органдарға да, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өкілдеріне д е айтқан. Жағдайларын көгілдір экран арқылы көпшілікке де жария қылған. Алайда, барлығы да белгіленген тәртіпті бұза алмайтындықтарын айтып, шарасыздық танытыпты. Осылайша, олар қазіргі таңда таулары шағылып, тығырықтан шығар жол таба алмай, заң талаптарына еріксіз бағынуда.

Ал, төтенше жағдай тәртібінде қаладан шығар жолдарға қойылған блок- бекеттер арқылы қазіргі жағдайда тек жүк көлік иелері ғана өте алады екен. Онда да көлікте тек жүргізушінің бір өзі ғана болуы шарт. Ал, жеңіл көлік иелеріне еш рұқсат жоқ.

– Түзде қайыру көрмей босып жүрген малдарыма соңғы рет қала карантинге жабыларда барып кеттім. Малдарымды қорадан шығарып, еркін жайылымға жібердім. Ырзығын жерден теріп жейтін жануарлар болған соң осылай тәуекелге баруға тура келді. Бүгінгі күні сол малдарымның жайын біле алмай, пұшайман күйге түсіп отырмын. Сол төңіректегі адамдар даладағы малдарға қасқырлардың шабу деректері жиілеп тұрғандығын хабарлауда. Түйенің ботасын, жылқының құлынын жеп кету фактілері де көбейген көрінеді. Төтенше жағдай мерзімі де ұзартылып жатыр. Ендігі жәйіміз не болары белгісіз?, – деді «Мұхтаров» жеке шаруа қожалығының иесі Нұртас Мұхтаров.

Сөз барысында Нұртас Мұхтаров көршілес Ресей мемлекетіндегі жағдайды мысал етті. Онда әр қалаға карантин енгізілгенмен әрбір жергілікті қожалық иесінің қолына алдын ала рұқсат қағаздары беріліпті. Атыраулықтар да осы әдісті қолданса, мәселелері шешілер еді, дейді.

Осындай күйді басынан кешіп отырғандардың бірі – «Томан» жеке шаруашылығының иесі Жандарбек Елемесов. Ол қожалығының басында малдарын бағып отырған жұмысшыларына азық- түлік жеткізе алмауда. Түз тағылары мұның да малдарына біраз шығын әкеліпті. Ал, 2016 жылы «ҚазАгро» жобасы арқылы несие алып, шаруашылық ашқан «Тасмағанбетова» жеке шаруа қожалығының иесі Талғат Доспанов жылқыларының далада құлындап, бір-екі төлі қасқырға жем болғанын естіп, қапаланып отыр.

Махамбет ауданының Бақсай ауылдық округіне тиесілі жерде қожалықтары бар 22 шаруагер осы жанайқайларын жуыр­да қағазға түсіріп, шаһардан шығуға рұқсат сұраған өтініштерін төтенше жағдайға орай құрылған штабқа жолдаса да, жарытымды жауап болмаған.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мал шаруашылығын дамытудың маңызы зор. Сондықтан бұл мәселенің де бір оңтайлы шешімі табылар деп ойлаймыз.

Мұратбек ТӨЛЕГЕНҰЛЫ

Сіз не дейсіз?

Әлия ЖАМИТОВА,

Атырау облыстық жедел штабтың ресми өкілі:

Бас санитардың қаулысы бойынша блок-бекеттерден азық– түлік, дәріәрмек, қажетті тұрмыстық заттар таситын жүк көліктері ғана өте алады. Ал өзге жеңіл көліктердің өтуіне тыйым салынады. Сондай-ақ, қаулыда қалаға кіріп-шыға алатын 16 түрлі жеңіл көліктің тізбесі бекітілген. Олардың ішінде мемлекеттік қызметкерлер, күзет және коммуналдық қызмет жұмысшылары бар. Сондай-ақ блок-бекеттен өтуге қайтыс болған адамды жерлеу рәсімі кезінде рұқсат беріледі.

Сіз не дейсіз?

Мұрат САТЫБАЛДЫҰЛЫ,

кәсіпкер:

– Шаһар аумағына блок-бекеттер қойылып, карантин уақыты енгізілгелі бері қала сыртындағы малшыларымыздың азық-түлігі, жанар-жағармайы таусылып, құрал-жабдық пен қосалқы бөлшек тапшылығын көре бастағаны жасырын емес. Бастапқы кезде фермерлер одағы ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы аталмыш шаруагерлерден бөлек бір-екі адамға қажеттіліктерін өтеу мақсатында рұқсат қағаз алып беріп көргенбіз. Алайда, ол азаматтарымыз еркіндікті басқа бағытта пайдаланып, карантин талабын сақтамаған. Осы жайт анықталған соң штабтағылар рұқсат қағазды беруді мүлдем тоқтатты. Одан бергі уақытта далалықта жатып азық-түлікке шынайы мұқтаж болғандарға қажеттіліктерін аудандармен байланысу арқылы жеткізіп отырмыз. Осымен қоса, карантин жағдайында рұқсат алып, егін егу науқанына орай ауыл шаруашылығына қажетті заттарды сататын «АгроӘлем» дүкенін аштырып қойдық. Баймұқанов көшесінде орналасқан бұл дүкен сағат 09.00-17.00 аралығында үзіліссіз жасайды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған