Халқының қалаулы ХАНЫМЫ еді

s1200 Жаңалықтар

 Аtr.kz/26 сәуір, 2020 жыл. Біз сөз еткелі отырған Ханым Қуанышәлиева кім еді? Оның халық үшін, қоғам үшін сіңірген еңбегі қандай? Өмір жолында қандай із қалдырған жан? Осынау сауалдарға жауап іздеп, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінен деректер іздедік. Біздің кейіпкеріміз – 1959 жылы V шақырылған Қазақ КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, халық қалаулысы. Ол бұл биікке қалай жетті? Оны жеңіске жетелеген кімдер еді?

 … Ханым Қуанышәлиеваның туып-өскен ортасы – нағыз еңбеккер балықшылар. Ол өзінің өмір жолында айрықша үлгі тұтқан алдыңғы толқын аға-апалары да айтулы балықшылар болатын.

Теңіз ауданының шығыс жақ бөлігі Ұлы Қазан төңкерісінен бұрын және төңкеріс жыл­дары Үшшеркеш болысы деп аталды. Бұл аймақта мал өсірген байлар, жер иелері мен балық өндірісінің қожалары Шолтыр-Танаш тұқымдары билік ұстады. Өйткені, бұл өңір Каспий теңізінен балық аулауға да, мал шаруашылығымен шұғылдануға да қолайлы бола­тын. Сондықтан, мұнда жар­тылай отырықшы-балықшы, малшы шаруалар да қоныс тепті. Олар көктемде балық аулап, еңбекпен күн көрді. Кедей шаруалардың көбінде балық аулау құралдары бола бермейтін. Бұл оларды аулау құрал-жабдықтары бар бай­лар мен әлді шаруаларға «ұпай үшін» жұмыс жасауға мәжбүр етті. Кедей шаруалар мен балықшыларды осындай ауыр тұрмыс, азаптан тек Қазан төңкерісі ғана құтқарды. Мор­ской ауылдық Кеңесі деп аталған бұл өңір 1925 жылдан жеті ауылға бөлінген. Міне, осы ауылдардың балықшы, малшы шаруалары алғаш рет 1930 жылы «Төңкеріс» деп аталған колхозға бірікті.

А л ғ а ш к о л х о з д ы ұйымдастырушылардың бірі болған, Каспийден балық аулаудың сырына әбден қанық Әбіш Деке­шов балықты мол аулаудың тиімді жаңа әдісін қолданып, жылдық балық аулау жоспа­рын үш-төрт есеге дейін асы­ра орындап жүрді. Мұз асты­нан қызыл балық, итбалық аулау шебері атанған Алдам­жар Жаманбаев еңбектегі еселі табысы үшін 1934 жылы Мәскеу қаласында болған екпінді колхозшылардың бірінші съезіне делегат болып қатысты.

Әйел колхозшылар­ды Каспийден балық аулауға қатынастырудағы ұ й ы м д а с т ы р у ш ы л ы қ шеберлігі және табысты еңбегі үшін осы колхоздың колхозшысы Ынта Көшекова республиканың Орталық Атқару Комитетінің (Каз­ЦИК) мүшелігіне сайланды. Осындай жоғары абыройға «Төңкеріс» колхозының мүшесі, балықшы Шайқы Әбішов те ие болды. Ол кісінің қарапайым балықшыдан Қазақ КСР балық өндірісі Халық Комиссарының дәрежесіне дейін көтерілгенді г ін құрманғазылықтар әлі күнге дейін мақтан ететіні рас. «Төңкеріс» колхозын ұйымдастырушылардың бірі болған Хасан Өтегенов кейін Социалистік Еңбек Ері атағын алды.

Қазақ поэзиясының ақша бұлты атанған Халық жа­зушысы Әбу Сәрсенбаев та кезінде осы колхоздың құрылуына, нығаюына үлес қосқаны белгілі. «Төңкеріс» колхозы ұйымдасқаннан кейін, 1930 жылы жазда бастауыш партия ұйымы құрылып, еңбекте табыста­рымен көрінген, сыналған белсенді колхозшы жастар партия қатарына кіре баста­ды. Сол жылдары колхоз пар­тия ұйымының басты міндеті – колхозға жаңа мүшелер тартып, қалың бұқараға жеке шаруашылыққа қарағанда кооперативтік ш а р у а ш ы л ы қ т ы ң артықтығын іс жүзінде д ә л е л д е п к ө р с е т у . Колхоздың бастауыш пар­тия ұйымы партия саясатын қажымай-талмай насихаттап отырды. Аталған колхоз – Теңіз ауданындағы қазақ балықшыларының ең тығыз орналасқан қонысы. Арғы басы Мақаш әкімнің кезінде ойдан-қырдан жинақталған ауыл еді. Кеңес үкіметі орнаған соң Морской кеңесі делінді. Бұл Жанбай ауы­лында болды, ал, Ботақан ауылдық кеңесі Алға ауы­лында орналасты. Мұнда алғашқы кезде «Алға», «Оян» деген шағын колхоздар болған.

Б і з д і ң ә ң г і м е м і з д і ң к е й і п к е р і Х а н ы м Қуанышәлиева 1936 жылы Ботақан ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келген барлық замандаста­ры сияқты ол да ерте есейді. Мектепті бітірісімен колхозға балықшы болып жұмысқа орналасқан өрімдей жас қыз кәнігі балықшылардың өздерін еңбекқорлығымен, қажыр-қайратымен, намыс- жігерімен таң қалдыратын. Көп ұзамай-ақ «Аламан ау» деп аталатын балықшылар звеносын басқарды. Түні бойы кірпік ілмей ауды қарап, көз шырымын ал­мастан еңбек етудің не екенін сол жылдары Ханым Қуанышәліқызымен бірге маңдай терін төгіп еңбек ет­кендер ғана білері хақ.

Жасынан зерек, еңбек десе жанып тұратын жас қыз 1959 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің V шақырылымына депутаттыққа кандидат бо­лып түсті. Көптің шешімі, халықтың қалауы сол еді. «Шынында да мен депутаттыққа лайықтымын ба?» деген толғаныс жүрегін толқытып, одан сайын жігерін жанығаны сөзсіз. Балықшылар клубын­да осы мәселеге қатысты жиналыс өтті. Сол жиын­нан кейін болған сайлау­да бірауыздан қарапайым балықшы, коммунист Ханым Қуанышәлиева Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депута­ты болып сайланды.

Сөйтіп, жиырмадан жаңа ғана асқан шағында Қуанышәлінің балықшы қызы Ханым мемлекет және қоғам қайраткерлері болып тарихта аты қалған таны­мал тұлғалармен қатар оты­рып, сан салалы мемлекеттік мәселелерді шешуге үлес қосты. Оны бүгінгі ұрпақ білуі және мақтан тұтуы тиіс. Оның іскерлік, белсенділік және ұйымдастырушылық қабілеті одан кейінгі жыл­дарда да ерекше танылды. Кейіннен өз тағдырын Пан­филов атындағы колхоздың қызметкері Қазболат Мақсотовпен табыстырған ол өмірінің соңына дейін Көптоғай ауылында ғұмыр кешті. Көптоғай көкөніс- сүт ұжымшарында еңбек етіп, жастарға іскерлік пен еңбекқорлықтың үлгісіндей болғаны кәміл. Өмірге екі ұл, екі қыз әкелді. Ұлы Мадиярдың қолынан 2013 жылы қазанда бақиға ат­танды. Немере-жиендері б ү г і н д е Қ ұ р м а н ғ а з ы ауданының Көптоғай, Ко­тяевка селоларында тұрады.

 P.S. Кеңестік империяның қылышынан қан тамып тұрған кезеңде өмір сүріп, еңбегімен ел-жұртына еленген Ханым Қуанышәлиева Жоғарғы Кеңестің депутаты болғанын ешқашан алдына ұстап, мақтан қуып көрген адам емес. «Бе­тегеден биік, жусаннан аласа» дегендей қоңыртөбел тірлік кешті. Ұрпақтарының, отбасының амандығын тіледі. Атақты Ығылман Шөрековтің «Исатай-Махамбет» дастанында «Ел қамын жеген ерлердің, Сөз білген жанда хақы бар» деген жолдар бар емес пе? Біз де өзінің табан ақы, маңдай терімен елдің ардақтысы болған асыл ананы ел есіне оралту мақсатында қолымызға қалам алдық. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының көздегені де – ұрпақ сабақтастығы, еңбегімен ел есінде қалған жандарды жазу арқылы өткен күн мен бүгінді байланыстыру.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз