Жарнама
Жаңалықтар

Атыраулық ұстаздар династиясы республикалық «Мерейлі отбасы» байқауында бас жүлдені жеңіп алды

Atr.kz/7 қыркүйек, 2019 жылТілекқабыловтар әулетін бүгін Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев салтанатты жағдайда құттықтады.

Салтанатты жиын жеңімпаз жанұяларға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқумен басталды.

«Халқымыздың ұлттық және отбасылық дәстүрлерге беріктігі қоғамдағы рухани құндылықтардың сақталуына ықпал етеді. Бұл мемлекеттік іс-шара – Қазақстанның әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі. Елімізде жыл сайын халықтың өмір сүру жағдайын, тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды шешімдер қабылдануда. Елбасы бастамасымен мерекелер күнтізбесіне Отбасы күні мейрамы енгізілді. Ырыс-берекесі мен ынтымағы жарасқан мәуелі әулеттерді насихаттайтын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын өткізу дәстүрге айналды. Бұл шаралар сан ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық-әдет ғұрыптардың, салт-дәстүрлердің жаңғыруына, отбасы институтының нығаюына, ұрпақ тәрбиесіне жаңаша мән беріп, өнегелі әулеттердің өрісін нығайтуға ықпал етеді. Бұл конкурсқа қатысушылардың барлығын жеңімпаздар деп айтуға болады. Өйткені, осы конкурсқа қатысқан әрбір отбасы мерейлі», — делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Жылдағыдай бұл жолы да еліміздің ең «Мерейлі отбасын» анықтауға барша қазақстандықтар атсалысқан болатын. SMS және интернет арқылы дауыс беру нәтижесінде атыраулық Тілекқабыловтар әулетіне «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаты» атағы берілді. Жеңімпаз жанұяға отандық «СарыарқаАвтоПром» ЖШС шығарған шағын автобустың кілті табысталды. Әулеттің тірегі болған еңбек ардагері, білім саласының құрметті қызметкері, Ағарту ісінің үздігі, Индер ауданының құрметті азматы Төлеш Тілекқабылұлы қазір өмірде жоқ.
Төлеш Тілекқабылұлы Құрылыс, Қазыбек жетіжылдық мектептерінде білім алған. Әр жылдары Гурьев мұғалімдер институтында, Орал педагогикалық институтында білімін толықтырған. Еңбек жолын өзі өскен Қазыбек ауылындағы жетіжылдық мектепте бастаған. Кейін Өрлік мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген. Өз ісіне шексіз берілген ұстаздың ерлікке пара пар еңбегін замандастары әлі күнге дейін жыр қылып айтып отырады.
Әулет анасы Аймедет Қабдешқызының жасы 82-де. Кітапханашы болып жұмыс істеген әжей «Алтын алқа», «Еңбек ері» медальдерінің иегері. Қазір ол 8 баладан 28 немере, 16 шөбере сүйіп отыр. Немерелерінің бесеуі мектепті «Алтын белгімен» аяқтаса, үш немересі «Үздік диплом» иегері атанған.
Абылай Төлеш атты немересі — панкратионнан әлем чемпионы, жауынгерлік самбодан әлем кубогінің екі дүркін күміс жүлдегері.
Еске салсақ, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына биыл 3204 отбасы қатысқан болатын. Алты жылда аталмыш конкурста 15 197 отбасы бақ сынапты. Оның 62 пайызы — ауыл жанұялары, 3 пайызы — көпбалалы отбасылар, 18 пайызы — жас ошақтар, 17 пайызын еңбек династиялары құраған.

Атыраулық жеңімпаз отбасын бүгін кешкісін облыс орталығындағы халықаралық әуежайдан мұнайлы өлкенің басшысы Нұрлан Ноғаев салтанатты жағдайда қарсы алады деп күтілуде.

1909071330239331f

«Atr-Ақпарат»

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button