Елге танымал блогерлер мұнайлы аймақта бас қосты

ANU 1175 Жаңалықтар

Мұнайлы өлкеде VII республикалық блогерлер құрылтайы өтті. Ашық ой, бүкпесіз пікірлер айтылған форумда өз ісінің  кәсіби мамандары тәжірибелерімен бөлісті. Әсіресе, «Саяхаттау арқылы қалай қаражат табуға болады?» тақырыбындағы Әлішер Елікбаевтың PR-практикумы қатысушыларға ерекше әсер қалдырды. Сондай-ақ, азаматтық журналистика, әлеуметтік желідегі маркетинг мәселелері де кеңінен талқыланды. Бейресми шараға аймақ басшысының орынбасары Әлібек Нәутиев қатысып, форум жұмысына сәттілік тіледі. ANU_1175

Жастар – қоғамның қозғаушы күші

– Қай кезеңде де жастар – қоғамның қозғаушы күші. Қазір де солай. Жас буын өкілдері құрған ұйымдар еліміздің қарыштап дамуына өз үлестерін қосуда. Ірі кәсіпорындар көптеп шоғырланған мұнайлы өлкеде жастардың өз жобаларын іске асыруына мүмкіндік мол. Облыста жастар саясаты басқармасы арқылы мемлекеттік тапсырыстар ұдайы беріліп келеді. Біз қашан да жас буын өкілдерін қолдауға дайынбыз. Мемлекеттік қызметте, жалпы қоғамда болып жатқан жаңалықтарды жұртшылыққа жеткізуде блогердің алатын орны ерекше. Бұрын барлық жаңалықты тек мерзімді баспасөзден ғана білетін болсақ, бүгінде жас та, кәрі де ақпаратпен әлеуметтік желі арқылы танысады. Ендеше, осындай кең көлемді шараның Атырауда өткені қуантарлық жайт, – деді Әлібек Ибатоллаұлы. «Қазақ интернеті» қоғамдық бірлестігінің бас директоры Серікқазы Кәкібаланов блог-құрылтай тарихына тоқталып, оның бұл жолы мұнайлы өңірде өтуін жақсылыққа балады. Оның айтуынша, бастауын Алматыдан алған форум осы кезге дейін Астана, Шымкент, Қарағанды, Талдықорған, Тараз қалаларында ұйымдастырылған. Саяхаттан қаржы түсе ме? Туризмнің негізгі саласына жататын саяхаттаудан қалай қаражат табуға болады? Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар, шет елдерде де танымал блогер, журналист Әлішер Елікбаевтың «BlоgCamp» жобасы аясындағы PR тәжірибесіне осы тақырып арқау болды. Дүние жүзіне саяхат жасай жүріп, Қазақстан нарқының талабына сай маркетологына айналған білікті маманмен кездесуге асыққандар аз болмады. Еңбек жолын тілшіліктен бастаған ол қазір бірнеше жобаны  қолға алған.  Жобалары  табыссыз емес. Ең бастысы, Әлішер бала кезден жанына жақын іс арқылы пайданың көзін таба білді. Швейцарияда, Түркия мен Италияда  және Америка Құрама Штаттарына жасаған блог-турлары жайында кеңінен әңгіме қозғаған ол блогерлерге саяхаттау арқылы бизнес жасаудың негізгі факторларына тоқталды. – Он тоғыз жасымнан жиналған қаражатымды туризмге жұмсаймын. Қазір де табысымның белгілі бөлігіне саяхаттаймын. Мен бар жиған-тергенін тек материалдық құндылықтарға ғана жіберетіндерді түсінбеймін. Неге саяхаттамасқа? Өйткені, өзге елдің салтын, тұрмысын көру, танысу арқылы ой-өрісімізді кеңейтеміз. Бұрын жанымдағылар  «тапқан қаржыңа үй, көлік неге алмайсың?» деуші еді. Мен өзімнің сүйікті ісіммен айналыса жүріп, барлығын өз орнымен жасай алдым, – дейді ол. Сондай-ақ, танымал блогер жарнамалық пост жасаудың да қыр-сырымен бөлісті. Өйткені, құр мақтауға негізделген ақпаратты ешкім оқымайды. Сондықтан, өзге тақырыпты қозғау арқылы тауарды да көрсетуге шеберлік керек. Дұрысы, жаза білу қажет. Фотоальбом ретінде жасалып, бір жарым сағатқа созылған Әлішер Елікбаевтың таныстырылымынан соң қатысушылар көкейдегі сауалдарына жауап алды. Форумның «Азаматтық журналистика» бағытында Ғалым Байтук «Жемқорлықпен күресте блогосфераның рөлі», Аршат Ораз «Классикалық блоггинг», Мұрат Әбенов «Әлеуметтік желілер арқылы қоғамдық жобаларды жүзеге асыру», Алмас Тоқабаев «Ақпараттық соғыс және желі психологиясы», Сырым Әбдірахманов «Әлеуметтік желінің қоғамдық пікір қалыптастырудағы рөлі» тақырыптарын арқау етті. ANU_0875

Бұл – ғаламтордағы күнделік

Аршат ОРАЗ, «КерекИнфо» блог-платформасының құрушысы, блогер: аршат ораз

– Құрылтайда  блог туралы айтуға тура келіп отыр. Әрине, мұндай тақырыппен шыққаным өкінішті. Бірақ, кейбір нәрселерді қайталап айтуға тура келеді. Өзім 1998 жылдан бері ғаламторда сайт жасаумен айналысамын. Жалпы, блог деген не? Алдымен, осыған тоқталсам, ол – адамның интернеттегі жеке күнделігі, түрлі тақырыптарда ойларын жазатын алаңы. Оны әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларымен шатастыруға болмайды. Бұл дегеніңіз, әр адамның виртуалды әлемдегі төлқұжаты. Ал, блог – күнделігі, дәптері. Демек, блогер – блог жүргізетін жан. Оны стилінен, никнеймінен, тақырыптарынан көпшілік онлайн немесе оффлайн таниды. Көбіне блогер тек бір платформада жазады. Блогосфера олардың тіршілік аймағы саналады. Блог-құрылтай – жылына бір рет өтетін кең көлемдегі жиын. Мақсат – танысу, білісу, тәжірибе алмасу, бірге қыдыру, қаламен танысу. проблеманы тарқатудың жаңа форматы.

Ғалым БАЙТУК, ҚР «Блогерлер Альянсының» президенті: галым байтук

– Бүгінгі таңда әлеуметтік желі арқылы «әттеген-ай» дегізетін тұстар әшкереленіп, талай кемшіліктердің беті ашылуда. Проблемалық мәселелерді шешуде белсенділік танытып жүрген блогерлер аз емес. Әсіресе, жемқорлықты әшкерелеуде олардың үлесі зор. Соңғы кездері блогерлер қозғаған олқылықтар шешімін тауып келеді. Қазір министрлер де, шенеуніктер де әлеуметтік желілерді оқиды. Жұртшылықтың пікірін біледі. Меніңше, соның өзі – жетістік.

«Ақпараттық соғыс»: оны кім, қалай түсінеді?

Алмас ТОҚАБАЕВ, сценарист: алмас тоқабаев

– Біле білсеңіз, бүгінде жүз жыл бұрынғы мәлімет пен бір жылдың ақпаратының көлемі бірдей. Яғни, ақпар – маңызды қарулардың бірі.  Өкініштісі сол, ақпаратты тексермей, сол қалпында «жұта» береміз. Шын мәнінде, оны басқа да дереккөздерден қарап, анық-қанығын тексеріп алу керек. Ал, бір мәлімет әр жерде әртүрлі айтылса, демек, бір тұста қателік бар. Сондықтан, жаңалықты қабылдамас үшін оның «салмағын» өлшеп алған жөн. «Тобырлар» осындайда пайда болады.

Cіз не дейсіз?

Асхат ШОТАЕВ, блогер:

– Негізі, жазылушылардың санынан гөрі, сапасына сән беремін. Яғни, олардың 10 пайызына ықпал етемін. Әлемдік тәжірибе бойынша, бұл – жақсы көрсеткіш. Туризмде жақсы әсерлермен бөлісуге тырысамын. Биылғы құрылтайда өзге тілді блогерлер мен вайнерлер бар.

Әсем САРТБАЕВА, «ҚазақстанАқтау» телеарнасының тілшісі:

– Киелі Маңғыстау өңірінен Атырауға ат басын тіредік. Журналист қана емес, жалпы жас буын өкілі ретінде блог-құрылтайға қызығушылық таныттым. Әлеуметтік желілерде репортаждарыммен бөлісіп отырамын. Алдағы уақытта блог ашу ойымда бар. Бірнеше танымал тұлғалармен танысуға мүмкіндік туды.

Сымбат ӘЛИЕВА, Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақтүрік университетінің студенті:

– Блог-құрылтай арқылы тәжірибе алмастық. Бұрын тек әлеуметтік желіде ғана таныған танымал тұлғаларды кездестірдім. Атырауға алғаш рет келсем де, өзге қалада емес, өз үйімде жүргендеймін. Әрине, бұқаралық ақпарат құралдарына қарағанда ғаламторда цензура аз. Дегенмен, мерзімді баспасөздің де, интернет-журналистиканың да болашағына сенемін.

Әр қонақтың өз ырысы бар

Дәстүрлі жетінші блогерлер құрылтайының түстен кейінгі бөлімінде еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған интернет қолданушылар облыс әкімі Нұрлан Ноғаевпен кездесті. Мұндағы талқыланған басты мәселе – ғаламтордың қоғамдық пікір қалыптастырудағы рөлі. Екі сағатқа созылған басқосуда елге белгілі тұлғалар Мұрат Әбенов, Есен Елеукен, Маралбек Сағынғанов, Сырым Әбдірахманов, блогерлер Әлішер Елікбаев, Әнуар Нұрпейісов өз ойларын ортаға салды. – Осы шараны Атырауда ұйымдастыру мәселесі өткен жылдың күзінде көтерілген болатын. Әр қонақтың өзінің ырысы бар. «Қырықтың бірі –Қыдыр» дейді халқымыз. Келген қонақтардың барлығы – елдік мәселені республика көлемінде көтеріп жүрген азаматтар. Сондықтан, әркім өзінің идеясын, ойын алып келеді. Бұл кездесу Елбасының өңірлердің араласуын, еліміздің дамуын қамтамасыз етуге үлкен септігін тигізеді деген сенімдеміз, – деді құрылтайға қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. ANU_1226

Атырауда 600-ге жуық қоғамдық ұйым бар. Оның жүзге жуығы ғана белсенді түрде жұмыс жасайды. Осы орайда облыс әкімі азаматтық қоғамды дамыту мәселесін көтерді. Оның айтуынша, әр азамат өзінің ұстанымын жеткізіп, биліктің қарсыласы ғана емес, әріптесі, көмекшісі ретінде қызмет атқаруы керек. – Бұл бағытта облыста бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, Атырау қаласының әкімдігі әлеуметтік желілерде өздерінің аккаунттарын ашып, шаһардағы коммуналдық-шаруашылық бағытта кеткен ақаулар, кемшіліктер туралы ақпарат алып, жедел реттеп отырады. Әрине, құзырлы органдар бұл мәселелерді шешіп отырады. Алайда, кейде жұмыстың ауқымы көлемді болғандықтан, бәрін бірдей қадағалап отыру мүмкін болмай жатады. Сондықтан, шұғыл түрде оған әсер ету үшін әлеуметтік желілерді кеңінен пайдаланудың жөні бар. Соның арқасында өткен жылы қиындап кеткен қоқыс мәселесі де біраз шешімін тапты, – деді Нұрлан Ноғаев. Осымен төртінші блог-құрылтайға қатысып отырған «Қазақстан КВН одағының» президенті Есен Елеукен өз сөзінде мұндай жиындардың саланың дамуына тигізіп жатқан септігі жайлы айтып, ойларымен бөлісті. Сондай-ақ, қоғам қайраткері, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының IT білім және инновация комитетінің төрағасы Мұрат Әбенов жеті жылда жеткен жетістіктер туралы айтты. ANU_1137

– Осы шараның басты мақсаты – әлеуметтік желілерде көтерілетін мәселелерді жүйелендіру. Өткен жеті жылда еліміздегі блогерлік сала жаңа қадамға аяқ басты десек, қателеспейміз. Бұрын блогерлер жалпы тақырыптарды көтерсе, кейін әлеуметтік желілер арқылы қоғамдық, саяси, экономикалық мәселелерді талқылай бастады. Билік тарапынан да мұндай белсенділікке дұрыс көзқарас қалыптасты. Әлеуметтік желілерде көтерілген мәселелер билік тарапынан шешімін тауып, өзгерістер енгізіліп жатыр. Яғни, әлеуметтік желілер арқылы әлеуметтік, қоғамдық проблемалар шешіледі. Егер бұрын блогерлер шешіліп қойған мәселелерге араласып, соған пікірін білдіріп, сын айтса, қазір біз жаңа кезеңге жетіп отырмыз. Бұл жерде әлеуметтік желіні саяси маркетингтің мықты құралы ретінде пайдалануымызға болады, – деп атап өтті ол. – Жуырда Бас прокуратурамен бірігіп «Опен Қазақстан» жобасын бастап жатырмыз. Оның ең басты мақсаты – мемлекеттік органдармен қабылданатын шешімдерге алдын ала аудит өткізу. Сондай-ақ, жиын барысында блогер Сырым Әбдірахманов португалдық компания Атырауда қоқысты электр қуатына қайта өндіру зауытын салуға ниет білдіріп отырғанын хабарлап, жобаның техникалық құжаттамасын облыс басшысына тапсырды. – Былтыр қыркүйек айында әлеуметтік желі арқылы маған португалдық инвесторлар байланысқа шықты. Олармен кездесіп, ұсынған жобаларымен таныстық. Атырауға келіп, облыстық әкімдікпен меморандумға қол қойылды.  Енді олар қоқысты электр қуатына қайта өндіру зауытын салуға ынта білдіріп, техникалық құжаттамасын жіберіп отыр. Жоба құны 80 миллион долларды құрайды, – дейді блогер.

Сіз не дейсіз?

Есен ЕЛЕУКЕН, «Қазақстан КВН одағының» президенті, әлеуметтік желілер қолданушылар арасындағы көшбасшылардың бірі:

Ресей бізге қызыға қарайды

– Осы шараға Қырым жақтан асығып жеттім. Жалпы, Ресейдегі түркі тілдес ұлт өкілдері бізге қызығып қарайды. Өйткені, сол жақта әлеуметтік желіні өзінің туған тілінде жүргізетін адамдар жоқтың қасы. Сондықтан, алдағы уақытта блогерлер құрылтайына түркі тілдес ағайындарды шақырып, халықаралық деңгейде өткізсек деген ұсынысым бар.

Әлішер ЕЛІКБАЕВ, блогер: алишер еликбаев

Сөз мәдениеті қаншалықты маңызды?

– Қазір де әлеуметтік желілер арқылы кез келген адамды іздеп табуға болады. Сондықтан, әр қолданушы әр сөзі үшін жауапты. Жалған ақпарат тарату, біреудің намысына тиюдің соңы тіпті сот процестеріне әкелген жағдайлар да орын алды. Сондықтан, пост жазар алдында келетін жауап жайлы ойланған абзал. Ал, сыналған тарап өз-өзін сотта қорғауға құқылы. Азаматтық қоғам осынысымен де мықты. Кәсіби журналист нені жазу керек екенін, қай мәселені көтермеген жөн екенін жақсы біледі. Бұл цензураға қатысты айтылып тұрған жоқ. Бұл жерде ақпараттың шынайылығы маңызды рөл атқарады. Сондықтан, әлеуметтік желідегі мәдениет, қолдану ережесі әлі де пайда болады деген сенімдемін.

Сырым ӘБДІРАХМАНОВ, блогер: сырым абдірахманов

– Демократия деген сөздің тура мағынасы – заңдылықты сақтау. «Мемлекет тарапынан әлеуметтік желіге бақылау болуы керек пе?» деген сауал жиі қойылады. Мен өз басым оған қарсымын. Дегенмен, заң бұзушылыққа да орын берілмеуі керек. Егер заң болатын болса, соның шеңберінде азаматтық қоғамның дамуын жалғастыра беру керек. Сондай-ақ, әлеуметтік желідегі мәдениет қатаң сақталуы тиіс.

Әнуар НҰРПЕЙІСОВ, актер: ануар нурпейсов

Барынша пайдалы ақпаратты алу керек

– Блогерлердің сүйікті клавишы – «бөлісу», сондықтан, біз бар жиған-тергенімізбен, тәжірибемізбен бөлісуге келдік. Гаджеті бар әр адам жаңа медианың өкілі болып табылады. Мүмкін сіздің оқырмандарыңыздың саны көп болмас. Мысалы, елу делік. Бірақ, бұл да – аудитория, мектептегі екі сынып оқушыларына тең. Қазіргі таңда адамзат дамуын сипаттайтын «коэволюция» термині айтылып жүр. Мәселен, сіз бүгін жазған ақпарат, ертең әлеуметтік желілеріңіз арқылы таралса, аймақтың дамуына серпін береді. Біз соған қарай ұмтылуымыз керек. Біз интернеттегі ақпаратты мейлінше саралап, өзімізге қажетін алуымыз шарт. Блог-құрылтайдың соңғы бөлімі жобалардың таныстырылымына ұласты. Мұнда Жалғас Ертай «Жаңа сөздік» жобасын таныстырса, Олжас Сұлтанов әлеуметтік, экономикалық бағытта атқарылған жұмыстарға шолу жасады. Ал, Нұрберген Мақым «Атырау-Ақпарат» ЖШС-не қарасты «Атырау» мен «Прикаспийская коммуна» газеттерінің және «Atpress» сайттары туралы баяндаса, Алтынай Серікбай «zhasatyrau.kz» порталы, Мұратбек Кәрім «Интернет – сіз үшін» жобасы жөнінде мағлұмат берді. Сонымен қатар, қазір «Инстаграм» желісінде өздерінің «вайндары» арқылы танылып жүрген «@oil_vine» бетшесін жүргізушілер де сөз алды.  

Айбөпе Сабырова, Айгүл Ертілеу, Абай Ақмұрзиев

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз