Атырауға іссапармен еліміздің Денсаулық сақтау вице-министрі келді (+ФОТО)
Atr.kz/8 қаңтар, 2020 жыл. ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішов №3 қалалық емханаға барып, жұмыс барысымен танысты, — деп хабарлайды Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қазақстан Республикасы бойынша 2020 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасы іске қосылды. Осы мақсатта Атырау облысына іссапармен келген Денсаулық сақтау вице-министрі емхана мен аурухананың жұмыс барысымен танысты.
— Еліміздің барлық ауруханалар мен емханалары толыққанды цифрландыру жүйесіне көшті. Сондай-ақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасы іске қосылды. Бұл бастама арқылы әр емделуші жылына 19 мың теңге төлеп, бір жыл медициналық қызметтерді тегін ала алады.
Ал, 15 санат бойынша, яғни, әлеуметтік деңгейі төмен немесе көпбалалы отбасылар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, оқушылар, жүкті әйелдер және т.б емделушілер мәртебесіне қарай тегін медициналық көмек алады. Олар үшін мемлекет төлейді. Ол үшін өзінің тұрақты тіркелген емханасына барса болғаны, — дейді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішов.
360-қа жуық қызметкер жұмыс істейтін №3 қалалық емхана бүгінде толықтай цифрландырылып, көрсетілетін барлық қызметтер оңтайландырылған. Емхана директорының айтуынша, қазіргі таңда емханада 43 мыңнан астам адам тіркеуде тұр.
— 2017 жылы біз пилоттық режимде электронды кезекті іске қосқан болатынбыз. Электронды жүйеге көшу арқылы қағаздан құтылдық. Оған қоса, рентген, флюорография, басқа медициналық қондырғылар мен жабдықтар цифрлы жүйеде жұмыс істейді, — дейді №3 қалалық емхана директоры Айман Өтегенова.