Атырауда«Тарихи тұлға — Бейбарыс» облыстық байқау-көрмесі қорытындыланды
Ш.Сариев атындағы көрмесурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «Тарихи тұлға — Бейбарыс» тақырыбында мектеп оқушыларының облыстық байқау-көрмесі өтті, деп хабарлайды atr.kz Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Бұған дейін облыстық Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі жалпы білім беретін Атырау қаласындағы және аудан мектептерінің 7-10 сынып оқушылары арасында «Тарихи тұлға — Бейбарыс» тақырыбында сурет байқауын жариялаған болатын.
Байқаудың мақсаты — балалар мен жасөспірімдердің патриоттық, мәдени және рухани құндылықтарын қалыптастыру. Өскелең ұрпаққа Бейбарыстың қадір-қасиетін жеткізу. Оның ерлікке толы ғұмырын, сол тарихи кезең сәттерін жан-жақты көрсету.
Сайысқа облыстың түкпір-түкпірінен, атап айтқанда Атырау қаласы мен Индер, Жылыой, Исатай, Құрманғазы аудандарынан сурет салуға икемі бар, талабы мен шеберлігі жоғары, қылқалам иесі болуға үміткер 7-10 сынып оқушыларынан барлығы 165 жұмыс тапсырылған еді.
Қазылар алқасының төрағасы болып ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақ ұлттық дизайн академиясының академигі, ҚР көркем академиясының корреспондент-мүшесі Отарбай Кендір, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, «Р.Отарбаев атындағы арнайы жүлде» иегері, республикалық «Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты», «Халықаралық талант сыйлығының лауреаты», «Білім және мәдениет саласының үздігі», «Құрмет» орденінің иегері Темірбек Мұхатаров, облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің жаңғыртушы-суретші маманы Аслан Дюсенғали қазылық етті.
Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің басшысы Төлеген Орынбасарұлы байқаудың маңызына тоқталды.
— Мәмлүктер мемлекетін гүлдендірген тарихи тұлға Сұлтан Бейбарыс бабамыздың туғанына 800 жыл, «Бейбарыс Сұлтан» фильмінде басты кейіпкердің образын сомдаған белгілі актер, Қазақ КСР-ның халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері Нұрмұхан Жантөринге 95 жыл, сонымен қатар ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Аманқос Ершуовтың 80 жылдығы. Осы үш атақты тұлғаның атын мектеп оқушылары арасында насихаттау үшін осындай облыстық байқау ұйымдастырылып отыр. Белсендік танытқан мектеп оқушыларына, жетекшілеріне алғыс айтамын. Байқауға 165 жұмыс тапсырылды, ол жақсы нәтиже деп ойлаймын. Алдағы уақытта жас жеткіншектерге үлкен табыстар тілеймін,- деді Т.Орынбасарұлы.
Қазылар байқауға қатысқан 165 оқушының ішінен 5 жеңімпазды анықтады. Жүлделі І орынды Атырау қаласының М.Ломоносов атындағы орта мектебінің 7 сынып оқушысы Андрей Ермольчев алса, ІІ орын ІТ мектеп-лицейдің 9 сынып оқушысы Айшабибі Аязбай мен №12 Ф.Досымова атындағы орта мектебінің 7 сынып оқушысы Аружан Бибосынға бұйырды. Ал ІІІ орынды Әл-Фараби атындағы Binom мектебінің 8 сынып оқушысы Қайрат Серікбай және №32 мектептің 9 сынып оқушысы Ару Мендижанова иеленді. Ал 20 оқушы ынталандыру сыйлығына ие болды.
Сонымен қатар, көрмеге қатысушылар «Бейбарыс» поэмасының авторы, белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Аманқос Ершуовтың поэмасы негізінде дайындалған «Тарихи тұлға — Бейбарыс» туралы театрландырылған қойылымды тамашалады.