БҮЛДІРШІНДЕРДІҢ БАЛ КҮЛКІСІ

Мереке  қарсаңында Атырауда  320  орындық балабақша  есігін  айқара  ашты

Тәуелсіздік күні қарсаңында атыраулық бүлдіршіндер мен ата-аналар тағы да зор қуанышқа кенелді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету мақсатындағы 2010-2014 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасы аясында Алмагүл ықшамауданында 320 орындық балабақша ашылды. 

Аталған балабақшаның құрылысы 2011 жылы басталған болатын. Вокзал маңы және Алмагүл ықшамаудандарының балаларына арналған жаңа балабақшаның ашылу салтанатына облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, қала әкімі Серік    Айдарбеков қатысты.

– Басқа аймақтармен салыстырғанда Атырау облысының балабақшамен қамту көрсеткіші төменірек екені жасырын емес, – деді өңір басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы. – Осыған байланысты балаларды балабақшамен қамтуға, аналардың жұмысқа шығуына жағдай жасау мақсатында бірқатар істер атқарылып келеді.

Биылғы жылы заман талабына сай осындай бір балабақша іске қосылғалы тұр. Ал, келер жылы 3500 бала баратын жиырмаға жуық балабақша пайдалануға беріледі. Мұндай көрсеткіш бұрын-соңды Атырауда болмаған. Бұл, біріншіден, Үкімет бөлген қаражатқа байланысты болса, екіншіден, Атырау облысында жұмыс жүргізіп жатқан ірі мұнай компанияларының әлеуметтік салаға көрсетіп жатқан көмегі.

Заман талабына сай балабақшаны салуға «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В.» компаниясы демеушілік көрсеткен болатын. Ал, құрылысты жүргізген – «АТК» ЖШС. Үш қабатты балабақша алты блоктан тұрады. Облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Самат Айтқалиевтың айтуынша, нысанның құрылыс жұмыстары облыс әкімдігі мен НКОК компаниясының әлеуметтік серіктестік бағдарламасы шеңберінде жүр-гізілген. Балабақша жиһазбен, ойыншықтармен, басқа да әдістемелік материалдармен жабдықталған. Балаларға арналған ойын бөлмелері, асхана, жатын бөлмелері, гимнастика залы озық үлгіде жасақталған. Сондай-ақ, бұл балабақшаның бір ерекшелігі, мұнда жүзу бассейні бар. Яғни, балаларды кішкентай кезінен бастап суға жүзуге, спортқа баулуға мүмкіндік қарастырылып отыр.

Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Алпамыс Ғилымовтың айтуынша, жаңа типтік балабақшаға 75 қызметкер жұмысқа қабылданбақ.

 Бүгін табыс етіліп отырған әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба балалар мен ата-аналарға пайдасын тигізеді деген үміттеміз, – деді салтанатты шараға қатысқан НКОК компаниясының Сыртқы байланыс жөніндегі директоры Пьер Дельпон.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз